Мешітте 15 минуттан артық отыруға болмайды – бас мүфти
18 мамырдан бастап мешіттерде құлшылық жасауға рұқсат берілді. Бірақ ұзақ отыруға болмайды. Бұл туралы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты, – деп хабарлайды baq.kz.
18 мамырда жеке құлшылық жасап, құран оқытып, неке қидыруға ниет білдірген азаматтар үшін мешіттерімізді ашамыз. Бұл еліміздегі барлық мешіттің есігі ашылады деген сөз емес. Өйткені әр облыстағы карантин жағдайы әртүрлі. Бас санитариялық дәрігердің карантин режимін кезеңдік талаптарын сақтау бойынша қаулысын ұстанудамыз. Сонымен қатар, өңірлердегі коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жұмыс жүргіземіз. Осыған орай облыстағы мешіттеріміздің ашылуы – сол өңірлердегі коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жүзеге асырылады, - деді Наурызбай қажы.
Ол карантин талаптарын ескеріп, сақтық шараларына аса мән беру қажет екенін айтты.
Барлық мешітке келуші жамағатта маска және қолғап киіп келуге, антисептик құралын жиі қолдануға, жеке құлшылық жасау кезінде бір жарым метр ара қашықтықты сақтауға шақырамыз. Құран оқитын бөлмеде бір жарым метр қашықтықты сақтап отырып, он адамнан артық кірмеуге, неке қидыратын бөлмеге төрт адамнан артық кірмеуге үндейміз. Мешіт имамдарының кеңесіне құлақ асып, мешітке кезекпен кіру қажет. Сосын мешітте 15 минуттан артық отыруға болмайды. Яғни, мешіт ауасын әр үш сағат сайын тазартып отыруға тиіспіз, - деді бас мүфти.