Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көгалдағы хоккейдің шебері

Көгалдағы хоккейдің шебері

Ауданымызда көгалдағы хоккей спортының қарқынды дамып келе жатқаны қуантарлық жәйт. Бұл спорт түрі XIX ғасырда Англия жерінде қалыптасқан. Кәдуілгі мұз үстінде ойнайтын хоккейге ұқсас келгенімен, айырмашылығы көгалда ойналады. Қазақстанға 60-жылдардың басында жеткен бұл спорт түрінен қазіргі таңда Сыр жерінде халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері дайындалуда. Аядай мекеннен шыққан таңдаулы спортшылардың ішінде менің бүгінгі кейіпкерім − Қарлығаш Айтбайқызы да бар.

Қарлығаш 1992 жылы Тереңөзек кен­тінде дүниеге келіп, 1998 жылы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп табал­дырығын аттаған. Одан соң М.Тыныш­баев атындағы Қазақ көлік және коммуникация колледжінде «Жолсерік» мамандығын және Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын меңгеріп шыққан. Қарлығаштың от­­­басы мүшелері де спорттан ал­шақ емес екен. Атасы Тұрғанбай Бол­­ғанбаев тоғызқұмалақ спортынан жат­тықтырушы болса, әкесі де жас кезінде футбол, көгалдағы хоккей сынды бірнеше спорт түрлерімен айналысқан. Інісі Әлімжан мен сіңілісі Сандуғаш та осы спорт түрімен айна­лысқанымен, қазіргі таңда отбасында кәсіби түрде шұғылданатын өзі. Қар­лығашқа «Көгалдағы хоккей спортына келуіңізге кім ықпал етті?» дегенімде:

– 2002 жылы спорт кеше­нінің алдында ойнап жүрген едім. Мені байқаған жаттықтырушы Сұлтан Иб­рагимұлы көгалдағы хоккейге қатысуға шақырды. Содан бері 18 жыл өтіпті. Жеткен жетістігім мен бағындырған белесім де аз емес. Осы жақсылығы мен қамқорлығы үшін бапкерім Сұлтан Қобландинге айтар алғысым шексіз,− деді.

Қазіргі таңда Қарлығаш Айтбай­қызы – облысымыздың намысын қор­­ғап жүрген «Қайсар» құрама коман­дасының жартылай қорғаушысы. Сонымен қатар көгалдағы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасының ша­буыл­шысы. 2009 жылы «Спорт шебері» дәрежесіне жетіп, 2017 жылы Катарда өткен Азия Чемпионатында I орынды иемденді. 2018 жылы Германия­­да өткен әлем чемпионатына жолдама алды. Сол жылы «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болды. Қарлығаштың жетісітігі мұнымен бітпейді, аруымыз құрама команда сапында Малайзия, Катар, Сингапур мемлекеттерінде өткен турнирлерде өнер көрсетіп, еліміздегі республикалық дәрежедегі додалардан алдыңғы орындардан түспей келеді. Көгалдағы хоккей шеберінің осындай биіктерді бағындыруы тынбай жаттығу жасауының арқасында. Күніне таңертең екі сағат, түстен кейін екі сағат үз­бей жаттығады. Қар­лығаш Айтбайқызы өз сөзінде ұс­тазы Сұлтан Қобландиннің жолын жал­ғастыратын бапкер болуды армандайтынын жет­кізді. Біз де өз кезегімізде спортшы аруымызға «жұл­дызың жоғарылай түссін» дегіміз келеді.

Жұлдызай АНШАЕВА 

19 қаңтар 2021 ж. 766 0