Гүлшара Әбдіқалықова Райкүл Байназарованы қабылдады
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыстық Әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарованы қабылдады, – деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Кездесуде нәзік жандылардың қоғамдағы рөлі мен құқықтары және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында мәселелер талқыланды.
Облыстық әйелдер кеңесі 2015 жылы облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұсынысымен құрылған. Аудандарда өкілдіктері жұмыс істейді.
«Біз қашанда қыз-келіншектерді қолдауға әзірміз. Ел болып коронавирус індетін еңсерсек, сіздермен бірге «Зорлық-зомбылыққа қарсы», «Отбасы» пилоттық жобасы аясында бірге жұмыс істейміз деп сенемін», – деді облыс әкімі.
Кеңестің мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, белсенді әйелдер қауымымен тығыз байланыс орнату. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде рухани танымдық шаралар ұйымдастырып, қоғамдағы қазақ әйелдерінің образын қалыптастыру да қоғамдық ұйымның міндеттеріне кіреді. Сондай-ақ, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова көп балалы аналарға қолдау көрсетіп, мемлекеттік марапаттарға ұсыну бағытында жұмыс істейтінін айтты.
Кеңес төрайымы аймақ басшысының Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы қызметінде сырбойлық қыз-келіншектерге ерекше қолдау көрсеткенін және гендірлік саясаттың дамуына игі ықпал еткенін атап өтті.