ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ КӘСІПКЕР ӘЙЕЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
"Іскер әйелдер қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының төрайымы Алмашова Манат Тамабайқызы Сырдария ауданының шағын және орта бизнес саласында қызмет атқаратын қыз-келіншектермен кездесті.
Сырдария ауданының баспасөз орталығында өткен кездесуге дербес бөлім басшылары, жеке кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.
– 2018 жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы республика бойынша бизнеске жағдай жасалған ең үздік аймақ болып табылды. Бұл дегеніміз бизнес өкілдерінің әрі қарай жүйелі жұмыстар жасауға үлкен қолдау болып табылады. Осы ретте, 2018 жылы 30 қарашада облыс әкімінің қолдауымен Қызылорда облысы бойынша "Іскер әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігі" құрылған болатын. Қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты қоғамдағы әйелдердің мәртебесін көтеру, жұмыссыз әйелдердің жұмысқа орналасуына ықпал жасау, жастар кәсіпкерлігі т.б жан-жақты қолдаулар көрсету болып табылады,-деген Манат Тамабайқызы Сырдария ауданының кәсіпкерлік саласындағы дамуына оң баға берді.
Сонымен қатар, іскер әйелдер қауымдастығының Сырдария аудандық филиалы құрылғанын айтып, жеке кәсіпкер Абдуова Ақтоты төрайым болып сайланғанын жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, пікір алмасты.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.