Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы ауылдарды аралады

Аймақ басшысы ауылдарды аралады

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауданға жұмыс сапармен келіп, елді мекендерді аралады. Аймақ басшысы ауылдарда атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, аудандағы егін жинау барысын көрді. Облыс әкімімен бірге аудан әкімі Талғат Дүйсебаев жүріп, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Өңір басшысының ауданға сапары «Әйтек» су торабынан басталды. Мұнда облыс әкімі су торабының төменгі бьефіндегі бетон дуалдары құрылысын қалпына келтіруге қатысты мамандармен пікірлесті. Бұл туралы «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының директоры Хамит Бейімбетов айтты.

Сырдария өзеніндегі «Әйтек» су торабы 2004 жылы «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы (САРАТС-1) аясында салынып, пайдалануға берілген. Негізгі мақсаты – Сырдария өзенінің ағынын реттеуге, Сырдария және Жалағаш аудандарының 16 мың гектар суармалы жерлерін сумен қамтамасыз ету. Су торабының су өткізу қабілеті 750 м3/с құрайды. «Әйтек» су торабының бұзылуы Сырдария мен Жалағаш аудандарының аумағындағы 16 мың гектар жерлердің суармалы сусыз қалуын және 31 мың адам тұратын 7 елді мекеннің су басу қаупін төндіруі мүмкін.

– Қазіргі таңда «Әйтек» су торабы авариялық жағдайда. Оң жағалауды шайып кету қаупі бар. Осыған орай, жобасметалық құжаттар әзірленіп, Экология, геология табиғи ресурстары министрлігі арқылы тиісті қаржы бөлінді. Ендігі мақсат қаражатты дұрыс игеріп, су торабын қалыпқа келтіру жұмыстарын сапалы жүргізуіміз керек, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы аудан әкіміне су торабында күрделі жөндеуді бастау мақсатында тиісті шешімдер қабылдап, уақытылы орындауды тапсырды.

Мұнан кейінгі сапар тіректі елді мекен – Ақжарма ауылында жалғасты. Елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы атқарылып жатқан жұмыстармен аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев таныстырды.

Жалпы, бағдарлама аясында Ақжарма ауылы 699 млн теңге көлемінде қаржыландырылып отыр. Бұл қаржыға 4 көше (Садық ахун, А.Есентұров, Т.Балапанов және М.Әукенов) жарықтандырылып, 9 көше (М.Томпалақов, Ж.Домбаев, Садық ахун, М.Әукенов, Е.Омаров, А.Есентұров, Т.Балапанов, Б.Арыстанов, О.Ысқақов) орташа жөнделеді. Сондай-ақ 3 көшеге (А.Есентұров, Е.Омаров, Садық ахун) темір-бетонды лоток орнатылады. Бүгінгі күні мердігер мекемелер тиісті жұмыстарды жүргізу үстінде.

Орташа жөндеуден өтіп жатқан көше жұмыстарын көрген өңір басшысы бағдарлама шеңберіндегі жұмыстарды келер айдың орта шеніне дейін бітіруді тапсырды. Сондай-ақ ауыл орталығындағы «Жастар» аллеясына барып, жастарға жасалып жатқан қолдау шараларын көрді.

Сапар барысында аймақ басшысы «Ақжарма-2» фермерлік қожалығының қырманына барды. Онда шаруашылық төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов атқарылып жатқан жұмыстарды атап көрсетті. 

– «Ақжарма-2» фермерлік қожалығы егін және мал шаруашылығымен айналысады. Осы бағытта біз «Күріш ақтап, тазалайтын және кіші пастерленген сүт зауытын, жылыжай және көкөніс қоймасын салу» жобасын жүзеге асыруды қолға алдық. Қазіргі таңда шаруашылық осы жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруда. Оның ішінде бүгінде күріш тазалау зауытының құрылысы салынып, егін жинау науқанында жұмысын бастады. Құны 65 млн теңгені құрайтын жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен қаржыландырылып, Чехия мемлекетінен арнайы аппарат әкелдік. Қазіргі таңда зауыт өз тиімділігін көрсетіп, 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді шаруашылық төрағасы.


Күріш тазалау зауытына Чехиядан жеткізілген «VibroMAX» агрегатының құны 52 млн теңгені құрайды. Бұл аппарат сағатына 50 тонна астықты тазартады. Шаруашылық төрағасы өз сөзінде 2023 жылға дейін күріш ақтайтын зауыт, кіші пастерленген сүт зауыты, жылыжай және көкөніс қоймасын салу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Аймақ басшысының сапары «Шаған Жер» ЖШС-нің №1 өндірістік бригадасының егіс алқабында жалғасты. Егістік басында аудан әкімі Талғат Дүйсебаев егін жинау науқанының барысымен таныстырды.

– Биыл ауданда 33110 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 21126 гектарға егілді. Қазіргі таңда егін жинау жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде. Шаруашылықтар күзгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағар маймен қамтамасыз етілді. Биылғы жылы шаруашылықтар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы және өз қаражаты есебінен 56 ауыл шаруашылығы техникаларын алды, – деді аудан басшысы.

Айта кетейік, «Шаған Жер» ЖШС биыл негізгі дақыл күрішті 2872 гектарға екті. Бүгінгі таңда 505 гектар күрішке орақ салынып, оның 250 гектары бастырылды. Орта өнімі гектарына 52 центнерден келуде.

Облыс әкімі Н.Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» ЖШС-нің астық тазалау қырманы жұмысымен де танысты. Шаруашылықтағы жұмыстар туралы серіктестік төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев атап көрсетті. Осы жылы серіктестік 5100 гектарға күріш ексе, 892 гектар жерге дәнді дақылдар, 1800 гектар жерге мал азығы дақылдары орналастырылған. Күріштің «Лидер», «Янтарь», «Сыр сұлуы» және «Партнер» тұқымдары егілген. Республикада шаруашылық күрішіне сұраныс мол және өнім шет мемлекеттерге экспортталады.

Қырманда еңбеккерлер шаруашылық жұмысының зор қолдауын жеткізді. Атап айтқанда, №7 өндіріс бригадирі Шухрат Бизақовтың он жылдан бері 70-75 центнерден өнім алып, үздіктер көшін бастайтынын айтты. Сол еңбегі бағаланып, өткен жылы «Нива» автокөлігін мінген. Ал биыл ғана егін егуге машықтанған Арысбек Байназаров жоғары өнімге қол жеткізгенін тілге тиек етті.

– Мен көп балалы әкемін. Өзім мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтудемін. Кәсібімді жүргізуге бірден-бір көмек көрсетіп отырған осы шаруашылық. Жыл сайын жем-шөбімізді тегін алып тұрамыз. Биылғы жылы 400 прес шөп тегін алдым, тағы қажет болса 50 пайыз жеңілдетілген бағамен тағы да аламын. Ауыл тұрғындарына осындай көмек көрсетілуде. Жылда ауылымыздың егіншілерін көріп, мол табысқа кенеліп жатқандарына қызығатынмын. Содан биыл егін егуге бел шеше кірістім. Еңбегім еш кеткен жоқ. Қазіргі таңда маған тиесілі күріштік алқап жиналуда. Әзірге 80 центнердің үстінде өнім алудамын, – деді күрішші

Ауданға сапар жасаған облыс әкімі Г.Әбдіқалықова елді мекендерді аралаған соң журналистерге брифинг өткізді. Онда өңір басшысы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

– Қазіргі таңда басты мәселелер – егін жинау науқаны мен қысқы мезгілге дайындық. Сондықтан аудандарды аралап, күзгі егін жинау науқанының қалай өтіп жатқанын қарап, жылу маусымына дайындық жұмыстарын тексеретін боламыз. Жалпы Сырдария ауданында бүгінгі таңда 30 пайыз егін жиналған. Бұл жұмыстар уақытылы бітеді деп жоспарлануда. Ал аудандық аурухананың жылу жүйелерінде бірқатар мәселелер болған. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазандықты ауыстырып, жылу құбырларын жаңартуды 10 қазанға дейін бітіру керек, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, өңір басшысы болжамға сәйкес аймақ көлемінде коронавирусқа қарсы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, бұл кезеңге сақадай сай болу керектігін ескертті.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
19 қыркүйек 2020 ж. 566 0