Дәрігерлердің еңбегіне бас иеміз

Бүгінгі таңда карантин ережелерін жеңілдету мақсатында Қызылорда облысы бас санитар дәрігерінің №20 Қаулысы жарияланды. Мұнда кейбір кәсіпкерлік нысандар мен әлеуметтік орындардың жұмысына рұқсат етілген. Осы орайда індеттің қайта өршімеуі үшін барынша сақ болуымыз керек.
Аудан бойынша ахуалдың тұрақтануына ақ халатты дәрігерлердің де еңбегі зор. Күні-түні әрбір науқастың жанынан табылып, індетпен күрес жүргізді. Дәрігер үшін әрбір адамның өмірі құнды. Жауапкершілік жүгін көтерген олардың табандылығына дән ризамыз. Уақытында ауыр халдегі науқастарға қол ұшын созып, бастарын қатерге тікті. Қайрат жігері жасымаған дәрігерлердің еңбегіне бас иеміз.
Айта кету керек, карантин талаптары жеңілдетілгенмен вирус біздің өмірімізден алыстаған жоқ. Індеттің қайта өршуіне жол бермес үшін қай кезде де қырағылық танытайық. Санитарлық талаптарға көңіл бөлейік. Дәрігерлер айтқан ережелерді қатаң сақтайық. Жақынымызға жанашыр болайық!
З.АМАНЖОЛОВА,
газеттің тұрақты оқырманы