БІЛГІР ДӘРІГЕР ТАПШЫ МА?
Күнделікті қарбалас тіршілікте бір жерің ауырып емханаға көрінуге тура келеді. Алдымен учаскелік дәрігерге көрінбес бұрын басқа есіктерден денсаулығың жайлы сараптамадан өтесің. Бұл дұрыс па? Дегенмен, талап бойынша өтуің керек. Ол үшін бір апта уақытың кетеді. Оған дейін ауруың асқынып кетпесін деп тілеңіз. Ауырдым дегенше сарсаңға түстім дей беріңіз. Өйткені, таң атпай қан өткізу үшін кезек талап етіледі. Осыдан соң әр есіктің алдына барып кезекке тұрасың. Сөйтіп, бірінен өтсең екіншісінен өте алмай, ертеңіне қайтадан жалғастырасың. Тағы да ұзын-сонар кезек.
Осылайша бірнеше күн дегенде учаскелік дәрігердің кабинетінің алдына барасың. Кейде дәрігер орнында жоқ болып шығады. Қырсық шалғанда сол күні ол келмей қалады. Келе қалғанның өзінде екі-үш науқасты қабылдайды да, уақыты бітіп есігін тарс жабады. Осылайша қаншама күн әуре-сарсаңға түсіп, жүйкең жұқарады. Бұл – емдеу орындарындағы бүгінгі күнгі көлеңкелі тұстар.
Өткен жылы асқазаным ауырып қаладағы емхананың біріне көріндім. Жоғарыда айтылған жағдайды басымнан өткіздім. Ауруым жаныма батып ақырында жеке дәрігерге барып емделуіме тура келді. Қарап тұрсаң, кез келген емханада ақ халатты мамандар жетерлік. Олар не істеп отыр, адам білмейді. Содан кейін «дәрігер жетіспейді» дегенге ешкім сене қоймас. Дипломды дәрігерлер көп болғанымен олардың ішінде білікті, білгірлері аз секілді. Қазір емханадағы дәрігерге көріну осылай жырға айналып кеткендей. Ол үшін апталап жүруің керек. Емханада дәрігерге көрінсем деген адам көп. Көрінген жағдайда қолына бір параққа ұзынсонар дәрілер тізімін жазып береді. Оны дәрігер жазып берген дәріханасынан алуың керек. Бұны жұрттың бәрі жақсы біледі. Сол жазып берген дәрінің бәрі қазір қымбат. Ең арзаны мыңнан кем емес. Бүгінгі медицина саласында осындай көлеңке тұстар көңілге қаяу түсіріп жататыны рас
Бұрынғы білікті дәрігерлер науқастың денесін қолымен ұстап қарап, диагнозын дәл қоятын. Дәрі мен уколдарды нақты жазып беретін. Ал қазір ондай қызметке зар болып қалдық. Дәрігерлер науқасты дұрыстап қарауға ден қоймайды. Ауруын жұқтырып алатындай жолай қоймайды. Бірде бір науқас дәрігерге: «Бауырдың үстін неге қолмен басып көрмейсіз?» дегенде, әлгі дәрігер «УЗИ арқылы диагнозын қойып беріп отырмыз ғой?» деп қиналып тұрған жанға дүрсе қоя бергені бар-ды. Айтар ауызға жеңіл болғанымен сол аппаратқа түсудің өзіне қыруар қаражат жұмсайсың. Оны кез келген адамның қалтасы көтере бере ме? Дертінің дауасын таба алмай әр емхананың табалдырығын тоздырып жүрген адам қаншама?
Бүгінгідей еліміз цифрландыруға көшіп жатқан заманда медицина саласына артылар жүктің зор екені белгілі. Енді емделушілер мен дәрігерлер арасында ынтымақ орнатып, денсаулық саласының жұмыс сапасы арта түсетініне ел сенеді. Ол үшін елімізге енді жетіп жатқан телемедицина жұмысын барынша жандандыра түсу қажет-ақ. Бұл – бүгінгі уақыт пен өмір талабы.
К.ЕРІМБЕТОВ