Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерін ардақтаған ауыл

Ардагерін ардақтаған ауыл

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ел үшін ең­бек еткен тұлғаларды дәріптеу, тарихты жаңа қырынан зерделеу арқылы өскелең ұрпаққа олардың өнегелі өмірін үлгі ету жөнінде кеңінен айтылған. Осы ретте, ауданға қарасты Айдарлы ауылының тарихы жөнінде сөз қозғалар болса, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет  белгісі» ордендері мен бірқатар медалЬдардың иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанған Әлі Үсеновтің есімі ойға оралады. Жақында Айдарлы ауылы әкімдігінің және ауылдық клубтың бастамасымен тағылымды тағдыр иесін еске алуға арналған тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырылды.

Киелі жеті әулиеге алтын бесік болған қасиетті Айдарлы ауылы – талай дарынды түлеткен, көптеген қайраткерлерді елге танытқан, халқы адал еңбекті ту еткен қастерлі мекен. Осынау киелі топырақтан қуат алып өскен сан алыптың есімдері мен ел үшін еткен еңбектері халық жүрегінде алтын әріппен жазулы. Солардың бірі де бірегейі Әлі Үсенов болатын. Адал еңбектің байра­ғын жықпаған атпал азаматтың өмір­дерегіне бірге үңілейік.
Ғибратты ғұмыр иесі Әлі Үсенов 1941 жылы дүниеге келіпті. Әкесі Үсен мен анасы Мырзасары өмірге келген қамшы ұстарын құшағына қысып отырып, әлемді соғыс өрті шарпитынын, адамзаттың тынышын алып, жақындарынан айырар бір тажалдың келе жатқанын сезген жоқ, әрине. Шаттыққа толы бесік жырын қатігез уақыт біртіндеп көңілсіз нотаға түсіріп, елім деген естияр ерлер Отанды қорғау үшін майдан даласына аттанды. Сол жігерлі жігіттердің қатарында Үсен әкеміз де бар еді. Жасқа толар-толмас шағында әкесі майданға аттанған жеткіншек анасы Мырзасарының бауырында өсіп, жетіліп, Айдарлыдағы ұжымдық мек­­тепті үздік бітіреді. Әкесінен ше­шесіне қалған шопанның құтты тая­ғын алып, колхоз, совхоз қойын ба­ғып, мұрагерлік борышын ақтайды. Ол қой бағудың қыр-сырын анасы Мырзасарыдан жетік меңгерген, адам­гершілігі мол, бір сөзді, ісіне мы­ғым, сертіне берік азамат болып қа­лып­тасады.
Қоғамдық ортада, ағайын-туыс, жора-жолдас арасында адалдығымен зор сенімге, беделге ие болған Әлі Үсеновтің уақыт өте келе еңбегі еленді, атақты шопан атанды. Әр жүз саулықтан 110-нан бастап 205-ке дейін төл алып, мал басын толық аман сақтады. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен медальдардың Әлі Үсеновтің омырауында жарқырауы – сол қажырлы еңбектің нәтижесі. Атақты шопан Мәскеуде өтетін Кәсіподақ съезіне төрт жыл қатарынан қатысқан. Бір­неше рет облыс, республика со­веттеріне депутат, ВЦСПС-тың президиум мүшесі болып сайланған. Көзкөргендердің айтуынша, Ә.Үсенов депутат болып жүргенде ауылдағы шопан балаларына арналған интернат ашқызып, олардың ел қатарлы білім алуына жағдай жасаған. Сон­дай-ақ ауыл үшін маңызы жоғары «Ботабай» каналының қазылуына мұрындық болған. Бұл туралы еңбек ардагері Төлепберген Сыздықовты тыңдағанды жөн көрдік.
– Әлі Үсеновтің ел үшін еткен ерлікпен тең еңбегі ескеріліп, есімі Қазақ Советтік Социалистік Республикасының «Құрмет Алтын кітабына» енді. Сондай-ақ, 1974 жылы 607 қойдың әр жүзінен 205 төлден, 1975 жылы Сарысу жайы­лымындағы төл алу науқанында әр жүзден 200 төл алып, осы еңбегі шопандар көрмесінде ескерусіз қал­май, «Алтын медаль» мен сыйлыққа жеңіл көлік иеленеді. Айдарлы ауылын көркейтуге еңбегі сіңген үлгілі отбасылар қатарында Үсеновтер әулетінің орны ерекше. Өнегелі өмір иесінің ұрпақтары да ұлағатты. Олар әке аманатына адалдық танытып, ел дамуы жолында еңбек етуде. Атақты тұлға Әлі Үсенов өмірлік жары Күләсия Қамрадинқызымен бірге 4 ұл, 6 қыз сүйіп, олардан бүгінде 26 немере, 4 шөбере тарап, ұрпақтар әке аманаты мен ана тәрбиесін жалғап келеді, – дейді еңбек ардагері.
Құтты топырақ Айдарлы ауылы мен аталған ауылдың атпал азаматтары туралы басылым беттерінде көп жазылды. Газеттің ескі қиындыларын парақтап отырып, Әлі Үсенов туралы бірнеше мақаланы көзіміз шалып қалды. Атап өту керек, 1976 жылы социалистік жарыстың жең­ім­пазы атанған, бүкілодақтық ауыл­шаруашылық көрмесінің қола медалімен ардақты азаматтың көзін көрген, қатар жүріп, бірлесе еңбек еткен Бабабек Қалжігітовтің де өз айтары бар екен.
– Әлі Үсеновтің еңбегі бір кітап емес, бірнеше кітапқа арқау боларлықтай ауқымды десем артық айтқандық емес. Оның кішіпейілділігі, адами қасиеті, қарапайымдылығы көпке үлгі болатын. Қоғамға жаңаша қырмен, өзгеше көзқараспен қа­райтын. Ауыл шопандарының ішінде абыройы асқақ еді. Қарапайым тілмен айтқанда, нағыз патриот, еңбекке берілген азамат болатын, – дейді еңбек ардагері.
Қазақ қашанда еңбекке, еңбек адамына аса мән берген халық. «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек мұратқа жеткізер», «Ел – ырыстың кілті, Ер – ырыстың қорғаны» деген нақыл сөздер осының дәлелі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде: «Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады» деген болатын. Мінеки, бүгін біз қарапайым еңбек адамының өнегелі өмір жолына үңіліп, оқырман­ға ұсынып отырмыз.
Біздің баға жетпес байлығымыз – бабалардан өсиет боп қалған, халқы­мызға қасиет боп қонған береке-бірлігіміз. Құнды қазынамыз – тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы арқылы біз өткен тарих беттерін қайта ашып, жас ұрпаққа насихаттап жатқан жайымыз бар. Аталған бағдарлама аясында Айдарлы ауылындағы Ғафурдин Жанұзақов атындағы ауылдық клубының ұйым­дастыруымен «Еңбек Қы­зыл Ту»,  «Құрмет белгісі» ордені мен бірнеше медальдардың иегері, «Сырдария ау­данының Құрметті азаматы»  Әлі Үсеновті еске алуға арналған «Батаменен ел көгерер» атты зейнеткерлер арасында облыстық онлайн батагөйлер байқауы өткізілді. Байқау екі кезең бойынша өрбіді. Қатысушы талапкерлер бірінші кезеңде дастархан батасын жатқа айтса, екінші кезеңде бесік тойдан  үйлену тойға дейінгі баталар топтамасын қазылар алқасының назарына ұсынды. Батагөйлер байқауына Жаңақорған ауданынан Бексейіт Сәрсенбаев, Жа­ла­­­­­­ғаш ауданынан ­Тойман Отызба­ев пен Нағипа Қарабалина, Арал ауданынан Аманжол Жолмағамбетов, Қазалы ауданынан Әмірбек Шахмарданов,  Шиелі ауданынан Ысқақ Махашев, Қармақшы ауданынан Бекмұрат Смайлов пен Өтеп Бегжанов және Сырдария ауданынан Жақсылық Әбсадықов, Үйтолы Шонбаева, Мұханбет Алашбаев және Әзімхан Жүнісов есімді ардагерлер қатысты. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, тарихын ұмытпаған, өткенін ұлықтаған, бабасын құрмет еткен, жайсан жақсылардың шапа­ғатымен өркендеген Әлі Үсеновтің  ұрпақ­тары  демеушілік еткен бұл байқауға Әлі әкеміздің аяулы жары Үсенова Күләсия, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ердәулет Утебаев және Ғ.Жанұзақов атындағы ауылдық клуб басшысы Анар  Қалды­баевалар қазылық етті. Қазылар қатысушылардың бата айту мәнерін, байқау талаптарына сай орындалуын сараптады. Нәтижесінде Жақсылық Әбсадықов бас жүлде иеленсе, Тойман Отызбаев жүлделі І орынның ие­гері атанды. Ал Мұханбет Алашбаев ІІ орынды жеңіп алды. Сәйкесінше, Әмірбек Шахмарданов пен Нағипа Қарабалинаға қос бірдей ІІІ орын бұйырды. Ардагерлер арнайы дип–ломдар мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Өткенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртуға баса көңіл бөлініп жатқан шақта Әлі Үсеновтің есімі халық санасынан ұмытылмайды деп сенеміз. Бабаларымыздың еңбек жолы мен тарихы жас ұрпақ үшін құнды қазына екенін ескерер болсақ, тарихи тұлғаларды кеңінен дәріптеу қажеттігін ұғынамыз. Осы орайда Айдарлы ауылында өткен тағылымды шара жоғары деңгейде өтті деп айтуға толық негіз бар. Бұл ауыл халқының бекем бірлігінің, көркем тірлігінің жемісі.

Г.Әлжанова
17 қазан 2020 ж. 505 0