Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Айдарлының азаматы

Айдарлының азаматы

Оның тұла бойы тұнған кішіпейілділік пен кісілік. Өмірдегі жақсылық атаулының барлығы осы кіші­пейілділік пен кісі­ліктен басталады емес пе? Оған бұл асыл қасиет­тер әке қанымен, ана сүтімен дарыған.
Айдарлының ардақты азаматы 1940 жылы 1 мамырда дүниеге келген. Әкесі Айтбай Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. ҰОС-на қатысушылардың отбасын 1947 жылы тір­кеуге алғанда туған күні 1940 жылы 15 қаңтар болып жазылып кеткен. Сұм соғыс оның дүниеге келген күнін ғана өзгертіп қойған жоқ, асқар таудай әкесінен айырды. Небәрі 2 жарым жасында жетім қалды әкесінен Қалдыбек аға. Бұл жастағы сәби нені біледі. Дүниенің бәрі бұлыңғыр. «Жетім қозы тасбауыр, отығар да жетілер» дегендей анасы Рабиға мен немере ағасы Яхияның арқасында жетілді. Сарымбетовтер әулетінің бір медет қылатыны соғыс басталысымен қан майданда болған әкесі Айтбайдың туған інісі Яхия кескілескен ұрыста ауыр жараланып, 1942 жылдың жазында елге оралады. Енді өзінің соғысқа аттанатынын сезіп жүрген болуы керек Айтбай інісін үйлендіріп, отау көтертеді. Сөйтіп, 1942 жылдың күзінде әскерге шақырылып, Ақтөбе қаласында 3-4 ай дайындықтан өтеді. Одан әрі «қанды қасап» атанған әйгілі Сталинград майданы. Мұнда жауынгер Айтбай Сарымбетов Сталинград блокадасында жаумен шайқасып, ерлікпен қаза табады. Ағайындыларды бірінің орнын біріне бастыртып, Құдай ше­бер­дің бәрін үйлестіріп тұрғанын қарасаңызшы.
«Өмір дегеніміз күрес» дегендей, соғыстан кейінгі кезеңдерде тіршілік ету оңай болған жоқ. Отбасында анасы Рабиға, апасы Биғанша, өзі және әкесі соғысқа кеткенде анасының құрсағында алты айлығында қалған Аманкелді атты інісі болды. Үш баланы жетектеп жүріп жеткізу анасына оңай болған жоқ. Немере ағайы Яхия мен жеңгесі Күләш сүйеу болды. Ағасы мектеп директоры, жеңгесі мұғалім. Асыл жеңгесі Қалдыбекті арқалап жүріп оқытты. Дархан мі­незді қазақтың ағайын арасындағы сыйластығына ешнәрсе жетпейтіні осы көріністен айқын көрінеді.
Қалдыбек Айтбайұлы мектеп бі­тір­­геннен кейін фельдшер­лік маман­­дықты қалады. Сынақ тапсырып, Қызылорда медициналық учили­ще­сінде оқып жүрді. Бірінші семестрді бітіріп, қысқы демалысқа келген кезде ауылдас бір ағасы оқудың төресі бухгалтерлік деп есепшілікке бағыттайды. Сөйтіп Қазалыдағы ауыл шаруашылық техникумына жол тартады. Бухгалтертікке тү­су үшін арадағы айырмашылықты тапсыру керек (математика, тағы басқа пәндер). Есепші боламын деп қысқы демалыстан кейін де көп «демалып» жіберген жас жігіт ол пәндерді тапсыруға үлгермеді. Амал жоқ қабылдау емтихандары сәйкес келетін зоотехникалық бөлімге қа­был­данады. Осылай ойламаған жерден мал маманы болып шыға келеді. Техникумды бітіргеннен кейін жолдамамен Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов басқаратын жаңадан ашылған «Қараөзек» қой совхозында бір жыл мамандығы бойынша еңбек етті. Ол кезде даңқты батырмен алдағы кезеңде өмір жолдарының тағы да түйісетінін білген жоқ. Туған ауылы Айдарлыға оралып, анасына қамқор болады. Үш жыл әскерде азаматтық борышын өтеді. Аман-сау оралғаннан кейін шаруашылықта бел­сенді еңбек етті. Техникумда оқы­ғаны, әскерде болғаны бар Қал­дыбек  сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып қалыптасты. Қосымша механизаторлық мамандықты алды. Сол кезде Сыр бойында қаулап көбейген жас Жақаевшылар сапына қосылып, күріш екті. Одан мол өнім алды. Қазақстан Кәсіподақ Кеңесінің Грамотасына ие болды.
Еңбекте өзінің жақсы қасиеттерін, ұйымдастыру қабілетін таныта біл­ген жалынды жасты кеңшар комсомолдары 1964 жылғы есеп беру, сайлау жиналысында өздеріне жетекші етіп сайлады. Шаруашылықтың комсомол комитетін басқарған Қалдыбек Айтбайұлының жиналысы, есеп беруі бар аукомолға жолы түсіп тұрды. Ол кезде де осындай аудан аты Сырдария аталады, орталығы Тереңөзекте. Қалдыбек аға тәрізді қаршыға жігіттің аукомолда нұсқаушы болып еңбек ететін биязы, әдемі ару қыз Алмагүлге көзі түседі. «Жас пен жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» дегендей бір-бірін ұнатады. Облыстық деңгейдегі комсомолдық үйлену тойына қызу дайындық жүреді. Шақыру билетін Обкомол дайындайды. Екі жастың өміріндегі ең қуанышты тойды өткізудің төрағалығын аудандық партия комитетінің хатшысы Көбейсін Исаев өз қолына алады. Оған көмек­шілікке Обкомолдың екінші хатшысы Болат Қарғабаев, аукомолдың екінші хатшысы Талғат Жүнісов бекітілген. Той дүрілдеп өтті. Ол туралы республикалық, облыстық газеттерде мақалалар жарияланды. Ауыл жастары жетекшісінің ең­­бегі жанып, аудандық комсомол коми­теті ұйымдастыру бөлімінің мең­герушілігіне жоғарылатылды. Сөйтіп, Қалдыбек ағаға 2-3 жыл Тереңөзектің дәмін татуға тура келді.
1968 жылы Қалдыбек Айтбайұлы қала іргесіндегі «Комсомол» кеңша­рының кәсіподақ комитетінің төр­аға­лығына жіберілді. Бұл кезде ол Алматы мал дәрігерлік институтын сырттай оқып бітірген болатын. Кеңшарды Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов басқарады екен. «Қараөзекте» Қалдекең елеусіз, көп маманның бірі болса, мұнда үшінші басшы, директормен қойын-қолтық жұмыс жасады. Бұл орайда от пен оқты көрген тәжірибелі ағаларынан алған өмірлік сабағы мол болды. Осы шаруашылықта тағы бір Кеңес Одағының Батыры Жақыпбек Маханбетов азық-түлік, мал азығын дайындайтын бригаданың бригадирі болып жұмыс жасады. Қос батыр да елгезек жасты бауырына тартты. Батырлардың батырларға тән мінездерін де көрді. Бригадир ағамыздың Кеңес дәуірі кезеңіндегі мықтылығы  сондай, қарауына жеке аспаз да ұстапты.
Қалдыбек Айтбайұлы 1970 жылы Сырдария аудандық партия комитетінің нұсқаушылығына жіберілді. Оның қабырғасында 10 жыл еңбек етті. Сектор меңгерушісі де болды.
Туған жерге қызмет ету парыз. Қалдыбек Айтбайұлы 1980 жылы ау­дан­дық партия комитетінің жолдамасымен туған ауылы Айдарлыға ауыл­дық кеңестің төрағасы болып барды. Сегіз жыл абыройлы қызмет етті. Игі іс ешуақытта жұртшылық жадынан өшпейді. Бүгінде оның ауылдастары Қалдыекеңнің кезінде Айдарлы ауылдық театрдың халықтық атағын алғанын, сондай-ақ 1-2 ғана штаттық бірлігі болған дәрігерлік пункттің ауылдық дәрігерлік амбулаторияға айналғанын ерекше еске алады.
– Осы халықтың театр атағын алар кезде Алматыға Мәдениет министрлігіне 3-4 рет бардым. Асқар Сүлейменов, Дулат Исабеков, Шәйім Шабаев тәрізді мүйізі қарағайдай жазушылармен таныстым. Бәріне дәнекер болып жүрген жастық шақтан досым, тарлан өнерпаз Хұсейн Әмір Темір. Жастық шақтан ішкі жан дүниеміз өзара үйлесім тапқандықтан, достығымыз осынау абзал жанмен осы уақытқа дейін жалғасып келеді деп,  Қ.Айтбайұлы өткен шақты еске алып. Ол маған, мен оған «күйеу бала» деп бір-бірімізбен қалжыңдасатынымыз да бар. Олай дейтініміз менің марқұм жарым Алмагүл тереңөзектің қызы, ал Хұсейіннің жұбайы марқұм болған аяулы Әлия Айдарлының қызы. Әкесі Арысбай Асқаров Айдарлы мектебін басқарған жаны жайсаң азамат еді, көрші тұрдық. Бұл өмірде менің өз биігіме жетуіме жол айрығында жақсы жандардың кез­десуінің ықпалы мол болды.
Қ.Айтбайұлы туған ауылында зоотехник, ферма меңгерушісі, жол қауіпсіздігі инженері болып еңбек етіп, 1995 жылы еңбек демалысына шықты.
Ғибратты ғұмыр иесі, ауылдық ардагерлер кеңесін 15 жыл басқарды. Ауылына сыйлы қарт шығармашылықпен де айналысады. Оның тарихи тұлғалар жайлы естеліктері мен өлеңдері жиырмадан астам кітапқа енгізілген. Жүзден астам мақаласы аудандық, облыстық, республикалық басылымдарды жарық көрді. «Айдарлы» атты тарихи танымдық кітаптың авторы. Қалдыбек Айтбайұлы 2018 жылы Қазақстан Журналистер Одағының мүшелігіне қабылданды. Биыл 80 жасқа толып отырған ардақты ардагер «Еңбек даңқы» медалімен марапатталған.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан­ның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында мынадай жолдар бар: «Адамның жауапкершілікті сезінетін азамат ретінде жастай қалыптасуы өте маңызды. Лайықты түрде қадіріңді қашырмай, қызмет көрсетуге де болады. Бәрі де адамның өзіне байланыс­ты. Жалпы мына өмірде біз бәріміз бір-бірімізге қызмет көрсетіп жүрміз». Елбасының көрегендікпен айталған осы бір ауыз сөзі біздің кейіпкеріміз Қалдыбек Айтбайұлының бүкіл еңбек, өмір жолына арналғандай. 

Ш.Нұрсейітов
17 қазан 2020 ж. 352 0