Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәбиге беріп ерекше есім...

Сәбиге беріп ерекше есім...

Перзентке жарасымды есім беру – көнеден келе жатқан ізгі дәстүр. Есімдер де уақыт өте ескіріп, өз дәуіріне лайықталып, жаңарып отыратыны заңдылық. Бүгін оқырмандар назарына аудан тұрғындары арасында баласына бірін-бірі қайталамаған есімді бергендер туралы айтпақпыз. Ол қандай есімдер екен, оқыңыз.

Көп қабатты үйлердің жанынан өтіп бара жатқанымда баласын айқайлап шақырған дауыс естілді.

– Милана, Милана үйге қайт, тал түс болды ғой, қайдасын, – деді жас әйелдің дауысы.

Құлағыма оғаштау естілген есім туралы ойыма "қазақтың отбасы қызына мұндай есім бергені қалай", мүмкін бұл шын аты емес болар деген ой келді. Сұрай келе шын мәнінде бұл мектеп жасындағы қыз баланың есімі болып шықты. Сонда ата-ана бір кездері теледидардан көрсеткен "сүйікті" сериалына айналған фильмнің кейіпкерінің атымен қызын атағаны ма, бұл қалай болғаны, сонда қазақылығымыз, ұлттық намыс қайда қалды? деген сауалдар мазамды алды. Менің бұл сөзіме жауап та дайын шығар. Дегенмен, ертеңгі күні қыз бала егде жасқа келіп, ақ жаулықты әже болғанда оны қалайша Дениз дейсіз. Өте оғаш көрінеді емес пе? Ең сорақысы шағын ауылда Диана, Софи, Мерлин, Румиля, Аделя т.б. осылай кете беретін қаракөз қыздарымыз өсіп келеді екен.

Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында сәбиін көтеріп, жаңа өмір сыйлаған ананың мейірімде шек жоқ. Аялы алақанына сәбиін алып, құшағына баласын алған ананың көңілінде ең алдымен шаранасына жақсы есім беру керектігі тұратыны рас. Шыр етіп дүние есігін ашқан перзентіне жақсы есім беру ата-анасының міндеті. Маңызы мен жауапкершілігі зор міндетке аса ыждағаттылық таныту да бекерден бекер емес. Жалпы балаға есім беру туралы айтылған көптеген әңгімелер бар. Бұл жайында дініміз исламда да хадистер бар. Сондай хадистердің бірінде: "Есімі жаман болған адам оны әдемі атқа ауыстырсын" делінген. Яғни балаға жақсы есім таңдау арқылы оның ғұмырының баянды да, бақытты болатыны айтылған. Ал тілі түсініксіз, шұбалаңқы, мән-мағынасы жоқ есім беру нәрестеге бақытсыздық әкеледі деген сенім де бар.

– Балаға есім беруге ерекше талғам керек. Себебі оның болашағы оның атымен байланысты болады. Перзентіңе әдемі ат қою ең алдамен әкесінің парызы. Әке дүние есігін ашқан сәбиге ат беруді әулетінің қадірменді ақсақалына сеніп тапсырған. Ал үлкен кісілер өз ретінде қасиетті Құраннан есім таңдап, мұсылманшылығымызды білдіретін, дінге деген құрметтің ерекше белгісі ретінде ата-баба салтын ұстанған, – дейтін көзі тірісінде менің атам.

Иә, шын мәнінде соңғы жылдары балаға есім беру дәстүрі де жаңа реңкке ие болды. Қайбір жылдары ерлі-зайыптылар перзентіне шетелде танымалдыққа ие болған музыкант немесе актердің есімін беруді дәстүрге айналдырған болатын. Уақыт өте бұл үрдіске де тоқтау болып, жас отбасылар ұлы тұлғалардың есіміне ден қоя бастады. Бұл әрине, сол тұлға секілді болып өссін деген тілектен туған болса керек.

Бір ғана мысал айтатын болсақ, сырдариялықтардың арасында нәрестесіне ерекше есім бергендер қатары көбірек кездеседі. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімі берген мәліметі бойынша өткен жылы ауданда 617 туу тіркелген. Ер балалардың есімін беруде бірін бірі қайталамайтын есімдердің арасында Шүкір, Нарұл, Арқат, Арафат, Ғизат, Айбархан, Баязит, Талант, Заир, Абдуғафур бар. Қыз балалардың арасында Сырсұлу, Хабиба, Бірханым, Айназ, Сүйкімжан, Айхан, Айнамкөз, Мейірім, Азима, Айнәзік, Бегімсұлу есімдері бір-бірден кездесетінін атап өткен жөн.

Биылғы жылдың 9 айында 497 туу тіркелсе, ерекше есімдер деп ер балалардың арасында Хантөре, Хазрет-Әли, Ғибрат, Ұланғасыр, Ахат, Шахсұлтанды атауға болады. Ал қыздарына Ақнәзік, Ақпейіш, Ақзейне, Хорлан, Мерейлім деген есім бергендерді ат қоюда ерекше ықылас танытқаны көрініп тұр.

– Ауданда хал актілерін тіркеу бөлімін басқарып отырғанда байқағаным, қазір ата-ана перзентіне жақсы есім беруге тырысады. Танымалдыққа ие есімдер де көп. Дегенмен арагідік жоғарыда аталған есімдерді естігенде көңіліңе қуаныш ұялайды. Өткенде ауданға белгілі азамат немересіне Айқаракөз есімін берді. Керемет емес пе. Мұндай есімді көптен бері естемегендіктен, осындай таңдау жасаған азаматқа ризашылық білдірдік. Ұлт құндылығын биік ұстау ең алдымен есім беруден басталады десек, болашақта сөз жоқ ерекше есімді балалар ел намысын алдымен ойлайтынына сенімдеміз, – дейді жауапты маман Ж.Дүзімбетова.

Сөз жоқ, адам ұрпағымен мың жасайды. Артында қалған ұрпағы әулеттің жалғасы. Сондықтан есім таңдауда еліктеуден гөрі, ұлттық құндылықты алдыңғы кезекке қойып, есім таңдауға ерекше талғам танытқанға не жетсін.

Бибісара ЖАНӘЛІ

13 қазан 2020 ж. 5 497 0