Педагогтар әулеті
Тереңөзек кентінде Бекмағамбетовтер десе, «олар ұстаздар әулеті ғой» деп ел-жұрт танып жатады. Себебі үлгілі әулет мүшелерінің басым бөлігі білім саласында еңбек етіп және барлығы осы қасиетті мекенде дүниеге келіп, өмірден өз орындарын тапты.
– Біз қарапайым отбасында тәрбиелендік. Әкеміз жұмысшы болса да, әрқайсымыздың бойымыздағы талап пен талантты байқап, перзенттерін білімді болуға, адал еңбек етуге бағыттайтын. Анамыз өте сабырлы, парасатты кісі болатын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ата-анамыз өздерінің үлгі-өнегесімен адам болуға, елге қызмет етуге баулыды. Сөйтіп біз ұстаздық мамандықты отбасындағы тәрбиемен таңдадық. Апам Қарлыға, өзім, інім Мұрат және сіңлім Айткүл, яғни бәріміз де ұстаздық ұлы жолға түстік, – дейді білім саласының ардагері Ұлболсын Бекмағамбетова.
Ағайындылардың төртеуі де аудан орталығындағы ғасырлық тарихы бар №35 орта мектепте 10 жыл білім алды. Сонымен қатар барлығы да еңбек жолдарын осы қарашаңырақта бастаған.
– Апам Қарлыға екеуміз тетелес болған соң бір сыныпта он жыл бірге оқыдық. Мектеп бітірген соң ол Орал педагогикалық институтының ағылшын тілі факультетіне, мен Қызылорда қыздар педагогика училищесінің бастауыш сынып мұғалімі бөліміне оқуға түстім. Дипломды маман атанған соң, екеуіміз де қарашаңырақта еңбек жолымызды бастадық. Қырық жыл бірге еңбек еттік. Жарты ғасырымыз алтын ұяда өтті. Сондықтан ол білім ұясы біз үшін өте ыстық, – дейді Ұ.Сейтенқызы. Апалы-сіңлілі ұстаздар қырық жылғы еңбек жолында жарқын жетістіктерге жеткен. Шәкірттерге білімнің шамын жаққан. Қарлыға Сейтенқызы үлгілі оқытушы болумен қатар, ұзақ жыл бастауыш кәсіподақ ұйымына жетекшілік етті. Ал бүгінде ардагер-ұстаз, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» болған Ұлболсын Бекмағамбетованың еңбек жолы айрықша тоқталуды қажет етеді. Ол іздене жүріп, жас жеткіншектерге тәлім-тәрбие беруде өз ісінің білікті маманы атанды. Әрбір сабағын ғылымның соңғы жаңалықтарымен байланыстырып, жаңа әдістерді қолданып, мазмұнды өткізуге күш салды. 1989 жылы «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, «Үздік мұғалім» атанды. 1991 жылы бастауыш сынып мұғалімдері арасында шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаздар арасында «Атаулы мектеп» ашты. Бірнеше рет республикалық ғылыми конференцияға қатысты. 1994 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық ғылыми конференцияда өз іс-тәжірибесін ортаға салып, «Сабақта оқушыларға тәрбие беру» атты тақырыпта баяндама жасап, еңбегі жоғары бағаланды. Он саусағынан өнері тамған Ұлболсын Сейтенқызы оқушы бойына халқымыздың асыл мұрасы – қолөнердің қадір-қасиетін сіңіріп, ұмытылып бара жатқан түрлерін үйрету үшін технология пәнінен де сабақ берді. Заман талабына сай кабинет жабдықтады. Шебер ұстаздың қолынан шыққан түрлі кілем, алаша, құрақ көрпешелер, әртүрлі ою-өрнектермен көмкерілген ұлттық бұйымдар, сондай-ақ гобелен, бисермен жасалған әртүрлі бұйымдар көпшілік көңілінен шықты. Ол Сырдария ауданының 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған көрмеде «Үздік қолөнер шебері» атанды. Ұлағатты ұстаз 1994 жылы білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Ұлболсын Сейтенқызы текті әулеттің келіні. Атасы Оспан ауданның алғашқы ұстаздарының бірі. Ол кісінің атында аудан орталығында мектеп бар. Жұбайы Пазылхан – спорт саласының білікті бапкері. Ұлдары Асанхан мен Жандос – жеке кәсіпкерлер. Қызы Сымбат Египеттің Каир университетін бітіріп, Елордадағы елшілікте бірнеше жыл жұмыс атқарды. Бес тілде еркін сөйлейді. Қазір Каир қаласында тұрады.
Әулеттің арқа сүйер азаматы Мұрат Бекмағамбетов ғасырлық тарихы бар №35 орта мектепті 1975 жылы бітіргеннен кейін Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға түсті. Институт қабырғасында атақты «Сыр сұлуы» ансамбілінің құрамында өнер көрсетті. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң өзі оқыған білім ордасында еңбек жолын бастады. Кәсіпқой музыкант аудандық әуез мектебінде оқытушы болды. Он жылдан астам уақыт Шіркейлі, Ақжарма әуез мектебіне басшылық жасады. Білікті ұстаз ән жазумен де шұғылданды. Талантты жерлесіміз ширек ғасырдан бері арайлы Ақтөбе жерінде тұрады, жүзге тарта әннің авторы.
Айткүл Сейтенқызы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін өзі оқыған мектепте оқушыларға дәріс берді. Еңбек өтілі он жылға жақындағанда «Жылдың үздік мұғалімі» атанды. Шәкірттері облыстық, республикалық олимпиадаларда бас жүлдені иеленді. Білікті, білімді ұстаз №35 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. Одан әрі білім баспалдағымен өсіп, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушілігіне тағайындалды.
А.Бекмағамбетова бүгінде Алматы облысы Қарасай қаласында ұстаздық еңбек жолын жалғастыруда.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы, – деп Ғафу ақын жырлағандай, мұғалімдер әулетінің барлығының еңбек өтілін қосқанда 160 жылды құрайды екен. Бұл қыруар еңбектің айқын көрінісі. Ұстаздар әулетінің төлқұжаты десе де болғандай.
Шаһарбек Нұрсейітов