Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі өмір иесі

Өнегелі өмір иесі

Тұрғанбай аға алды кең, адамның меселін қайтармайтын, ақжарқын, бауырмал аға еді. Көздерінен ізгілік­тің нұры ұшқындап тұратын. Талай лауазымды қызмет атқарса да адам­гершілік парасаты мен биязы мінезінен таймаған асыл азамат болатын. Спортты жанына серік еткен Тұрғанбай аға әсіресе интел­лектуалдық ойындар – шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтың шебері болатын.
Тұрғанбай Болғанбайұлы 1940 жылдың 23 қазанында Тереңөзек топырағында дүниеге келген. Аудан орталығынан онжылдық мектепті бітіргеннен кейін елімізідің білім ордаларының қарашаңырағы – Қазақ Мемлекеттік университетінің (КазГУ) тарих факультетіне оқуға түсті. Жоғарғы оқу орнын аяқтап, диплом алғаннан соң туған жерге оралды. Еңбек жолын №36 орта мектепте мамандығы бойынша бастады. Он екі жыл бойы мұғалім болып, бай тәжірибе жинақтады, қаншама білімді шәкірт тәрбиеледі. Үздік ұстаздың еңбегі елеусіз қалмай көзге ілініп, аудандық білім бөлімінің инспекторлығына шақыртылды. Онда бірнеше жыл жемісті жұмыс жасағаннан кейін аудандық партия комитетінің сая­си ағарту кабинетінің меңгерушілігіне тағайындалды. Ол кезде партиялық қызмет атқару үлкен абырой болатын. Іскер азамат Т.Болғанбайұлы өзінің біліктілігінің арқасында аудандық партия комитетінің бірнеше бөлімдеріне басшылық жасады. Саяси-ағарту кабинетінен кейін үгіт-насихат, ұйымдастыру бөлімдеріне жетекшілік етті. Аупарткомның идеологиялық, ұйымдастыру жұмыстарының барлығы осы бөлімдер арқылы жүргізілгенін ескерсек, Тұрекеңнің жауапкершілік жүгін арқалай білген азамат екенін аңғарамыз. Бұдан кейін Тұрғанбай аға бірнеше жыл аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болды. Бұл комитеттің аты айтып тұрғандай ауданның барлық игіліктеріне халықтың атынан бақылау жүргізетін. Бұл орынға әбден сүзгіден өткен таза адам ғана отыратын. Тұрекең де сондай жан еді.
Еліміз егемендігін алғаннан кейін де Т.Болғанбайұлы жауапты жұмыстар атқарды. Бірнеше жыл аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімін және аудандық «Тереңөзек тынысы» газетін басқарып, егемен еліміздің еңсе тіктеуіне үлес қосты.
Т.Болғанбайұлы мұғалімдік, партиялық қызметтер атқарғанда көптеген марапаттарға ие болды. «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен және партия, кеңес органдарының «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Бірнеше рет аудандық комитеттің бюро мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.
Жаңа ғасырдан бастап, бапкерлікке бет бұрды. Ұлттық спорт ойыны – тоғызқұмалаққа жасөспірімдерді баулыды. Шәкірттері ағайынды Досжан, Біржан Елеусіновтер 2002 жылғы ҚР оқушыларының І спартакиадасының жеңімпаздары. Тұрекең тәрбиелеген Бексұлтан Бостандықов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР және Азия чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері. Білікті бапкер ҚР спорт шеберлігіне үміткерлерді де тәрбиеледі. Олар Ә.Зетова, Ә.Ғалымжан, А.Оразалиева, С.Алтынбекұлы, А.Бексейітов, Т.Жұмабаев, Қ.Акбарова.
Т.Болғанбайұлы жастарды тоғызқұмалаққа баулумен қатар аудан намысын қорғап, өзі де көптеген облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды. Атап айтқанда, 2004 және 2007 жылдары жасы 60-тан асқан ардагерлер арасында ҚР чемпионы болды. 2005-2013 жылдар арасындағы ҚР чемпионаттарында сегіз рет күміс жүлдегер атанды. Ал 2010 жылы мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ҚР чемпионы атанды. Осы жетістігі үшін Тұрғанбай Болғанбайұлына ҚР спорт шебері атағы берілді. 70 жасқа толғанда осындай жоғары атаққа ие болған Тереңөзек бо­йынша бірден бір спортшы Тұрекең еді. Сондай ҚР спорт шебері 2 рет «Тарлан ойыншы» атағын иеленді.
Т.Болғанбайұлы жастар мен ардагерлер арасында спорттың бұқаралығын арттыруға белсенді атсалысумен бірге Тереңөзек кенті ардагерлері кеңесіне жетекшілік етті. Аудан тұрғындарын имандылыққа ұйытуға және кент орталығынан жаңа мешіт салуға орай құрылған «Иман – 2013» қорына басшылық жасады. Сонымен қатар «Алғыр ой» коммерциялық емес қор құрып, мүмкіндігі шектеулі жастарды интеллектуалдық спорттық ойындарға тартты.
Ардагер болса да осыншама қоғамдық жұмысты атқарған көпшіл, текті жан еді. Тұрекең ойға алған идеясын сәтімен жүзеге асыруға ұмтылатын белсенді, алғыр азамат болатын. Білікті бапкер, айтулы азамат 2017 жылы 77 жасында дүние салды. Қайтыс болғанына жыл толғанда шәкірттері тоғызқұмалақ шеберін еске алып, Тұрғанбай Болғанбайұлы атындағы облыстық турнир ұйымдастырды. Бұл дүбірлі жарысқа 150-дей спортшы қатысты. Игі шара спорт шеберінің сүйікті ісі одан әрі сәтімен жалғасып жатқанын көрсетті емес пе! Артында қалған ұрпағы Ғалымжан Тұрғанбайұлы – әке ісін алға апарушы іскер азамат. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, Тұрекеңнің өнегелі істерін балалары мен немерелері жалғастыруда.

Ш.Нұрсейітов
29 қыркүйек 2020 ж. 540 0