Дәріхана меңгерушісі
Дәрігердің үш қаруы бар: жылы сөз, дәрі және қандауыр. Өз ісінің шынайы шебері Бақыт Амангелдіқызы Шакирова – аудандық аурухананың дәріхана меңгерушісі.
Аурухана жанындағы дәріхана халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдармен, сондай-ақ аудан бойынша диспансерлік есепте тұратын науқастарды амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз етеді.
– Тегін медициналық көмектің кепілдік берген шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қамтамасыз етілуі ҚРДСМ 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығымен бекітілген. Амбулаториялық деңгейде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қамтамасыз етілетін дәрілік заттарға тапсырыстар "Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі" ақпараттық жүйесі деректері негізінде Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйесіне енгізу дәріхана арқылы жүргізіледі, – дейді Бақыт Шакирова.
Аудан тұрғындарының денсаулығын қорғауға өзіндік үлес қосып жүрген мамандық иесі дәріхана меңгерушілігіне дейін фармацевтика саласынан бай тәжірибе жинақтады.
Ол мектеп қабырғасынан бастап үздік білім алуға ұмтылды. Сөйтіп Тереңөзек кенті орталығындағы №210 сегізжылдық мектебін үздік аттестатқа бітірді. Білімді, алғыр жас Қызылорда медициналық училищесінің мейірбике ісі мамандығына оқуға түсті. Студенттік жылдарын тынбай ізденіске арнап, арнаулы орта оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады. Сонан соң аудандық аурхананың жансақтау бөлімінде мамандығы бойынша еңбек жолын бастады. Орта буын медицина қызметкері бола жүріп аудан тұрғындарына жоғары білімді маман ретінде қызмет көрсетуді армандады. Сөйтіп С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінінің фармация мамандығына оқуға түсті. Жоғарғы оқу орнын 2003 жылы бітіргеннен кейін аудандық аурухана жанындағы дәріханада провизор болып еңбек етеді. Ал соңғы бес жылдан бері дәріхана меңгерушісі.
– Халық денсаулығы бәрінен қымбат. Қажет уақытында күн-түн демей жұмыста боламыз. Қызмет жолымда бағыт-бағдар берген ұстаздарым – көп жыл дәріхана меңгерушісі болған Роза Бекішқызы Аққожаевамен қазіргі таңда зейнеткер Гүлбаһрам Қасымқызы Сейдахметоваға алғысым шексіз, – дейді Б.Шакирова.
Үздік провизор Бақыт Амангелдіқызы басқаратын дәріхана ұжымы емдеу барысында науқастарға тағайындалған дәрілік заттарды уақытында толығымен қамтамасыз етеді. Осындай үлгілі істерімен ұжым абыройға бөленген. Оның жетекшісі Б.Шакирова бірнеше мәрте аудан әкімінің алғыс хаттарымен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хатымен және құрмет мадақтамамен марапатталған.
Атына заты сай Бақыттың шаңырағына шаттық ұялаған. Жолдасы Ерболат көп жыл аудандық өрт сөндіру бөлімінде қызмет жасап, өткен жылы зейнеткерлікке шықты. Қазір жеке кәсіппен айналысады. Ұлы Аңсар кент орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 8 сыныбының үздік оқушысы. Волейболдан облыстық құраманың мүшесі.
Бақытын мамандығынан тапқан ұжымына сыйлы жанға зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ