Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалынды жас Николай

Жалынды жас Николай

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Білімнің салтанат құруы» атты бөлімінде «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» делінген. Расында да Ел жастары үшін білім алу үнемі бірінші орында тұруы шарт. Тереңөзектік николай білімге құштарлық пен ізденісті ұштастырған жалынды жас. Ол ұлты өзге болса да қазақ тілін ана тілінен кем көрмейді.

Тереңөзек кентіндегі Лавров­тар отбасындағы Андрей мен Валентинаның төрт перзенті де қазақшаға жетік. Олардың түрі өзге болғанымен қазақ тілінде мүдірместен сөйлейтіні отбасындағы тәрбиеге байланысты болса керек. Олар қазақ тілін құрметтеп, бәрінен биік қояды десек қателеспейсіз.

Он жеті жасар Николай бала кезінде өзінен үлкен әпкесі Марияның қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқып жүргеніне қызыға қа­рай­тын. Оның мәнерге салып, көр­кем сөз оқу шеберлігіне тәнті бол­ған інісі өсе келе қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мектеп оқулығындағы өлеңдерін жылдам жаттап алатын болған. Мұндай қабілетін және қазақ тіліне деген ерекше сүйіспеншілігін байқаған ұстазы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей мұғалімі Сәуле Нұрадинқызы шәкіртінін талабын шыңдау мақса­тында байқауларға қатыстырды. Ұстаз үміті ақталып, Николай алғашқы жетістіктерге қол жеткізеді.

– Достарымның ара­сында түрлі ұлт өкілдері көп болса да қазақ тілінде сөйле­семіз. Білім алуға ден қойып, бос уақытымызда спортпен айналысамыз. Әсіресе гір көтеруді жаныма жақын тұттым. Білекті адам – жүректі келеді емес пе? 3-4 жылдан бері спорттың осы түрімен шұғылданып келемін, – дейді Николай Лавров.

Николай өзінің спортқа деген ынтасының арқасында күнделікті жат­тығуды жолға қойған. Оның жаттықтырушысы Оразбек Медетбаев талай мәрте шәкіртінің жарыс алаңында оза шапқанының куәсі болды. Жетістіктерге жеткен спортшы 2018 жылы Азия чемпионы болып, спорт шебері атанды. Қазір оның алдында еліміздің байрақты бәсекелерінде бақ сынау мақсаты тұр. Ол үшін Николай тынбай жаттығу үстінде.

Көркем сөз оқумен спортты қатар алып жүрген Николай аудандағы аграрлы-техникалық колледждің мақтанышы. Колледж намысын талай мәрте қор­ғап жүрген ол өткен оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының білім алушылары арасында «Абай – ұлы даланың ұлы есімі»  атты облыстық байқауына белсене қатысып, жүлдегер атанды.

– Николайдың ешқандай қи­ын­дықсыз өлең жаттауға деген ше­берлігіне тәнті боласыз. Әрине, көп іздену мен еңбектің арқасында ол облыстық бай­қаудың жеңімпазы болды. Қазір Николай ғұлама ақынның қара сөздерін жаттауға ден қойып жүр. Оның бос уақыты бола бермейді. Қашан көрсең де үй ша­руа­сына, әкесіне қолғабыс етіп жүргені. Ба­лық аулауды жаны жақсы көреді. Табиғат аясында көбірек болып, мал шаруашылығымен айналысады, – дейді Николайдың колледждегі топ жетекшісі Гүлстан Исмаилова.

Қазір екінші курста білім алып жүрген жас өрен дәнекерлеу ісі ма­ман­­дығы бойынша оқуда. Бо­ла­шақта техник-механик болатын Ни­колай колледждегі шеберлер Ба­қыт Пірмағамбетов пен Асылбек Есмұратовтан мамандығының қыр-сырын үйренуде. Өткен жылы Н.Лав­ров ұстаздарымен бірге аймақтың аграрлы-техникалық колледждері ара­­сында өткен «Жас өнертапқыш – 2019» облыстық техникалық шы­ғармашылық көрмесіне қатысты. Көр­меге арнайы дәнекерлеу құрыл­ғысын (автогенді) жасап шығарды. Бұл құрылғыны қазылар алқасы жоғары бағалап, бірінші орын иеленді.

Николай Лавров қазақтың ұлттық дәс­түрлерін жақсы біледі. Отбасында анасы ұлттық тағамдарды керемет әзірлейді екен. Бауырсақ, ет тамақ секілді тағамдармен қоса, қазы-қарта, жал-жаяны өз қолымен дайындайды. Ұлттық мереке кезінде арнайы мәзір әзірлеп, қазақы бата-тілектер айтуды дәстүрге айналдырған. Николайдың соңынан ерген қос бауыры Ярослав пен Андреан бірі мектеп оқушысы болса, екіншісі 4 жаста.

«Дені саудың – жаны сау» де­мекші, саламатты өмір салтын ұс­танып, болашағын спортпен байланыстыруды армандайтын Николай әлі талай додалы бәсекеде топ жарып, ел намысын қорғайтын кәсіби спортшы болады деп үміттенеміз.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ


19 қыркүйек 2020 ж. 382 0