Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы тұлғаны тану – мектептен басталады

Ұлы тұлғаны тану – мектептен басталады

Ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында аудан көлемінде кеңінен насихатталуда. Өнер мекемелерінен бастап, мектеп қабырғаларында өткен түрлі көркем сөз оқу байқауы осының дәлелі. Елдегі пандемия ақын туралы өткен шараларды онлайн өткізуге себепкер болды десек, бұл өз кезегінде оқушылардың Абай шығармаларын жатқа айтуына кедергісін келтірмеді. Оқушылардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мен көркем шығарма оқуды бойына сіңіру мақсатында өткен әрбір шара мазмұнды болды.

Аталған шара кезінде өскелең ұрпақтың танымын кеңейтуге, Абай Құнанбайұлының дана ақын, ойшыл, суреткер, аудармашы, әрі сазгер екендігіне басымдық берілді. Бас­тауыш сынып оқушыларынан бастап Абай өлеңдерін жатқа айтуға үйрену, ақынның балалық шағындағы өмірі, білім алуға деген зеректігі туралы кеңінен насихатталса, орта буын мен жоғарғы сынып оқушылары Абайдың қара сөздері мен басқа да шығармаларына ден қойды.

Әрине, дана ақын өлеңдерін мектеп қабырғасынан бастап насихаттау – бұл білім саласының қол жеткізген жетістігі мен басты ерекшелігі. Жас ұрпақ білімді болып қалыптасуы үшін алдымен тұлғаны тану керек. Сондықтан да бірнеше жылдардан бері мектеп бағдарламасына «Абайтану» пәні қосымша ретінде енгізілді. Әріптестерім аталған пән бойынша үлкен ақыл, қайрат иесінің өмірін таныстырып, өлеңдерін жаттатып, қара сөздерін талдауда.
Осыдан 175 жыл бұрын Семей облысының Жидебайдың Шыңғыстауында дүниеге келген Ибраһимді әжесі Зере еркелетіп «Абай» деген. 10 жасында мұсыл­манша оқып, хат таныған Абай Семейде медреседе оқиды, орыс тілін де меңгереді. 15 жасында ел-жұрты би етіп сайлайды. Жастайынан өлеңге құштар болған Абай Құнанбайұлы бірнеше тілді үйренген. Тіпті ,сол заманда араб, парсы, түркі тілдерін Абайдан артық білетін адам болмаған деседі. Ал орыс әдебиетін танып білуіне оның орыс достары себепкер болған. Абай Пушкин, Лермонтов, Толстой, Тургенев шығармаларын оқыған. Крыловтың бірқатар мысалдарын, Пушкиннің «Евгений Онегинін» қазақ тіліне аударған. Қырық бес қара сөз жазған ұлы тұлғаның ғибраты адамзат баласына өмірлік нұсқау болады. Сондықтан да қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы кез келгенімізге өзінің қара сөздері арқылы өмірлік бағыт беріп, ақыл қосады. Бұл жүрегі қазақ деп соғатын әрбір адамның жадында ұстайтын темірқазығы болуы тиіс.

Құндызай ҚАЛАБАЕВА,
№36 Әбілда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі,
газеттің тұрақты оқырманы
15 қыркүйек 2020 ж. 763 0