Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 110 өлеңді жатқа біледі

110 өлеңді жатқа біледі

Абай Құнанбайұлы – қазақ әде­биетіндегі ұлы тұлға, маңдайалды ақын. Оның таңдаулы туындылары дүниежүзі поэзиясының озық үлгі­лерімен деңгейлес.

Абай поэзиясы ақын өзі өмір сүрген тұтас бір тарихи дәуірді жан-жақты, барынша толық бейнелейді. Қазақтың бас ақынының 175 жылдығы еліміздегі рухани жаңғыру кезеңімен тұспа-тұс келіп, ел-жұрт дарабоз дарынның шығармаларынан рухани қуат алуда.


Аудандағы Шіркейлі ауылы – қасиетті мекен. Аталған ауылда қазақтың Қалтайы мен Әбірашы дүниеге келген. Бүгінде ауылдан жас таланттар да жарқырап шығуда. Соның бірі болса да бірігейі – Нұрай Әбдірашид. Жас талант қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Драма және кино әртісі» мамандығы бойынша үшінші курста оқиды. Мемлекеттік грантпен оқуға түскен.


Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлі­мінің ұйымдастыруымен қыркүйек айының басында өткен Абай оқуларына Нұрай да қатысқан болатын. Кент пен барлық ауылдан келген көркем сөз оқушылары арасынан Н.Әбдірашид суырылып шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Ол дана ақынның 110 өлеңін жатқа біледі.


Нұрай Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейдің бастауыш сыныбында оқып жүргенінде ауылдық мәдениет үйіндегі түрлі үйірмелерге қатысқан. Балауса таланттың өнер жолында шыңдалуына сол кездегі ауылдық мәдениет үйінің директоры Нұржамал Жүзбаева көп еңбек сіңірді. Нұрайды талай аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға ертіп барып, ауылға жүлдемен оралды.

Дарынды бойжеткеннің өнер жолына түсуіне ата-анасының да ықпалы мол. Екеуі де ауылдық мәдениет үйінде еңбек етеді. Анасы Ғайни Құлымбетова – ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі. Н.Әбдірашидтің жоғарғы оқу орнына түсіп, атақты актер Асанәлі Әшімовтің шәкірті атануына мұғалімі Күміскүл Қожарипованың да үлесі бар. Нұрай мамандығы бойынша «Мектеп» деректі драмасына,

«Алпыстан асып барамын» және «Мәдениет үйі» киносериалдарына түсті. Бұл сериалдар қазіргі кезде республикалық «Хабар» телеарнасынан көрсетілуде.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан, – деп Абай ақын жырлағандай, Нұрайды алда нұрлы болашақ күтіп тұр. Сәттілік серігің болсын дейміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 
15 қыркүйек 2020 ж. 844 0