Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржол генералы

Теміржол генералы

Өмірі – өнеге. Аңыз адам десек те жарасады. Әйтпесе темірдей тәртіпті сүйетін, темір­жол саласында 60 жыл­дан астам уақыт басшылық қызмет жасау екінің бірінің қолынан келе ме? Мұндай абзал қасиет сүйегі асыл жанға ғана лайық.

Қасиетті Тереңөзек топырағының түлегі Әби аға Сарқыншақов – жерлестері мақтан ететін абзал азамат. Ол кент орталығындағы бүгінде ғасырлық тарихы бар №35 қазақ орта мектебін 1951 жылы бітіргеннен кейін арман қуып, Ташкент қаласындағы теміржол инженерлерін дайындайтын институтқа оқуға түсті. Бұл жоғарғы оқу орнында одақ кезінде дәріс орыс тілінде жүргізілетін. Ауыл мектебін бітірген білімге құштар студент сабақтан тыс уақытта орыс тілін меңгеруге күш салды. Сөйтіп алғашқы курста-ақ орысшаны еркін меңгеріп, сол тілде ойын жеткізіп жаза алатын дәрежеге жетті. Бойы сырықтай ұзын, еңселі, сымбатты жігіт Ташкент қалалық «Локомотив» баскетболшылар командасының сапында ойнады. Бұл құрама 1955 жылы Өзбек ССР-нің чемпионы болды.

Сабақты жақсы үлгіріп, қоғамдық жұмысты қатар алып жүрген Сарқыншақов 1956 жылы институт бітіргеннен кейін жолдамамен Павлодар облысына барады. Онда еңбек жолын Павлодар стансасының кезекшілігінен бас­тайды. Ақ түтек боранымен әйгілі Арқа өңіріндегі алғашқы қыс Әби аға үшін оңай болған жоқ.

– Осы өңірде өткізген алғашқы қыс әлі есімде. Өзім оңтүстікте туып-өскендіктен, одан кейін студенттік жылдарым Ташкентте өткендіктен қыстың осыншалықты суық болатынынан бейхабар екенмін. Басымда баспана болмағандықтан вагонның бір бұрышын паналадым. Ортадағы «буржуйка» пешінен от кетсе, жан қоса кететін. Өне бойы ақ түтек боранмен алысып, шойын жолдың бойында өткізген күндерім мені жасытқан жоқ. Қайта мақсатқа жетуіме итермеледі, қыстың суығында – шыңдалдым, теміржолдың құрыштай қуаты бойыма жігер берді, – деп толғанады Әби аға.

Арада төрт жыл өткенде жігерлі жас станса бастығы болып тағайындалады. Бұл кезде Әби аға небәрі 26 жас­та болатын. Өндірісі қайнаған өлкеде станса басқару үлкен жауап­кершілік талап етті. Станса арқылы одақтың сан тарауына құрама-құрама жүк­тер ағылып жатты. Қашанда теміржолда темір­дей тәртіпті ұстаған іскер басшы арада 13 жыл өткенде жаңадан құрылған Павлодар жол бөлімшесі бастығының бірінші орынбасарлығына тағайындалды. Әби ағаның бір басында іскерлік қабілет жетіп артылады, теміржол үшін жаратылған жан деп баға беруге болады. «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ президентінің кеңесшісі болған, Асқар Сәрсембеков Құрметті теміржолшының еңбегін жоғары бағалайды.

– Әби Сарқыншақов жол бөлімшесі бастығының қандай болуы керектігін көрсетіп берген адам. Әби аға бөлімшені басқарған жылдары ол жерде тәулігіне қаншама тонна көмір тиелетін, қаншама құрылыстар салынып жататын. Міне осынау қайнаған жұмыстың тігісін жатқызып жүргізу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал Әби Сарқыншақов бөлімше басшысы ретінде өз міндетін 200 пайызға орындай білген адам, – дейді ол.

Жиырма жыл бойы Павлодар жол бө­лім­шесін басқарған іскер азамат ел құрме­тіне бөленіп, одақтық дәрежедегі жоғар­ғы марапаттарға ие болды. Теміржол сала­сын­дағы көп жылғы қажырлы еңбегі ескеріліп, ол 1986 жылы одақтың жоғарғы наградасы – «Ленин» орденімен марапатталды. КПСС ХХҮІІ съезінің делегаттығына сайланды. Абзал ағамыз осы жылы теміржол генералы деген атаққа да ие болды.

Құрметті теміржолшы Әби Сарқыншақов­тың еліміз егемендігін алған уақыттағы еңбегі орасан зор. Өтпелі кезеңнен бүгінгідей экономикасы дамыған елге айналуымызға ол теміржол саласында темірдей тәртіп орнатуымен, жұмыс ырғағын сақтай отырып, халық шаруашылығы жүктерінің еліміздің түкпір-түкпіріне дер ке­зінде жетуіне жетекшілік жасап, іскерлік танытты. Сөйтіп қажырлы азамат Елбасының сеніміне ие болды.

«Ерді елі үшін, жігітті жұрты үшін мақта» дейді халық даналығы. Ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының өтпелі кезеңінде ауданға, туған жері Асқар ауылына қамқор қолын созды. Вагон-вагон құрылыс материалдарын жіберіп, елде жұмыс ырғағының өрістеуіне жағдай жасады.


Құрметті теміржолшы, ерен еңбек иесі өткен ғасырдың сексенінші жылдардың ортасында Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылған. Бірақ сол кездегі солақай саясат аяқтан шалып, жоғары атақ берілмеген. Ә.Сарқыншақов «Ленин», «Октябрь революциясы» «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері. Тәуелсіздіктің – 10 жылдығы, Астана қаласына 10 жыл, тағы да басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. Павлодар қаласының, Сырдария ауданының және Павлодар облысының Құрметті азаматы. 2005 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптардың авторы. Өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие бергені үшін «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгімен марапатталған.


«Туған жерге кіндігіммен байландым» дегендей абзал аға туған жерден әрдайым хабар алып отырады.

– Ауылымның, ауданның жаңалықтарынан хабардар болып отырамын. Өзім еңбек етіп, өмір сүріп жатқан Павлодарға аудандық газетті алдырамын. Аудан айнасының жетпіс жылға жуық уақыттан бері тұрақты оқырманымын. Ауданның аймақта басты дақыл күріш өндіруден бес рет қатарынан жеңімпаз болғанын естіп, қуандым, – деген еді абзал аға өткен жылы туған жерге келгенінде.

Өз тарапымнан қосарым, өткен жылғы кездесуге дейін Әби ағаның өзін көрмесек те, есімі бала кезден құлағымызға сіңісті болған, мамандық туралы сөз болғанда марқұм әкем Балтабай айтып отырушы еді: Мектепте бірге оқыған, бала күннен досым Әбидей теміржолшы болар ма едім, бәлкім... Жалғыз ұл болған соң, ата-анам Ташкенге жібермей, Қызылорданың жоғарғы оқу орнында оқығанмын» дейтін. Сондықтан балалары біздердің көпшілігіміздің ауылдан ұзап шығып, сол кездегі астана – Алматыда, еліміздің басқа қалаларында оқуымызға ықпал жасады. «Жақсыдан – шарапат» деген осы болса керек.
Сарқыншақовтар теміржолшылар әулеті саналады. Әби ағаның туған інісі Ғани Сарқыншақов ұзақ жыл теміржолшы болып еңбек етіп, Тереңөзек теміржолынан зейнетке шықса, немересі Досхан «Қазақ көлік және коммуникация» академиясын бітіріп, Ақтөбе қаласында теміржол саласында еңбек етуде.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

15 қыркүйек 2020 ж. 549 0