Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейнеткеш

Бейнеткеш

Елуден асқан осы ақ сары кісіні жасынан тынымсыз ба деп қаласың. Басшы едім деп сарт-сұрт ете бұйрық беріп, жылтыр туфлимен бірге сызданып тұру жоқ, қарапайым көп қызметкердей қырман басынан шықпайды. Көлденең жатқан шыбықты көтеруге ерінетін кейбіреудей емес, барынша елгезек екен.

Шаруашылық құрылғанша, совхоз жұмысына аямай жегілген Дарханның әу баста төраға болу ойына да келмеген. Бірақ, нарық заманына тез бейімделіп, ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанның Еңбек Ері атанған, «Абзал және К» ЖШС құрылтайшысы, ағасы Абзал сүйреген кәсіпкерлік дейтін көштің бір жібін бұл да ұстаған еді. Иә, әңгіме екінші Ералиев һәм егінші Ералиев туралы болмақ. Жақында ғана «Мағжан және К» шаруашылығының төрағасын тыңдап, еңбекқор азаматтың өткен жолын қағазға тізбектеп көргенбіз.

Отбасы тәлімі
Қырық бес сом
Велосипед
Ол көне қоныста көпбалалы үйде дүниеге келді. Көне қоныс деп отырғанымыз – қазіргі Нағи Ілиясов атындағы ғажайып ауылға жақын, бүгінде ескі жұрт болған елді мекен орны. Бір кездері қаба сақал көсем Карл Маркс атын иемденген. Дарханның балалық шағы сонда өтті.
Бауырмал болды. Үйдің үлкендері қыздар еді. Содан болар, жұмысында тазалық пен ептілік  қалыптасқан. Жұмысты шашау шығармай істеуге жасынан бейімделген сияқты. Әрі Ербатыр әке қай баласын да еңбекке баулыған. Бұл да соны көріп өсті.

Айтпақшы, біздің кейіпкердің аты-жөні төлқұжатта Дархан Жұмашұлы Ералиев деп жазылған. Шын мәнінде әкенің әу бастағы есімі Ербатыр. Жасынан ашаршылық пен жетімдік тауқыметін тартқан ол кісінің детдомда тәрбиеленуі бір бөлек хикая. Жұмаш аты сонда таңылған. Әкесі қос бауыры – қарындасы мен інісі барын балаларына жиі айтатын. Өмірлік қызметі фелдьшер болған Ербатыр-Жұмаш бала күнінде жан-жаққа айырылған бауырларын көзі жұмылғанша іздеп өтті. Қарындасы Бибіжамалды Өзбекстанның бір қыш­лағынан тапты, кейіннен Қазақстанға алдырып, көңілі бірленді. Ал інісі Әбдікамал сол күйі белгісіз кетті. Ініге деген сағынышты арқалап, 2005 жылы Ербатыр ақсақал да дүниеден көшті.

Бұның бәрі Дарханның көкірегінде әбден жатталған. Анасы Кенжегүл 8 баланы дүниеге әкелгенде бәріне бірдей қазақы тәрбиенің құнарын берді. Қасиет пен қадір, дәстүрді құрметтеу, үлкенді сыйлау сынды құндылықты отбасы, ошақ қасынан көп шыға бермейтін ана жарықтық ұл-қызына ұғындырып өтті.

Еңбек демекші, бірінші сынып оқитын Дархан тәтелері Нұрия мен Нұрзияға еріп, егістіктегі отаққа барған. Үлкендер совхоздың өзге тіршілігінен ауыспайды. Балалар бұндай жұмысты жатсынбай істей беретін. Жаздай сонда жүрді. Ол кезде қазіргідей емес, күріш басы қаптаған қамыс. Оны кішкентай балаларға дейін жабылып қол орақпен оратын. Мектеп мұғалімі Жәкенбек Айтмаханов балаларды ертіп, еңбекке осылай үйрететіні бар. Бала Дарханның сол кезгі қуанышы әлі есінде. Еңбеккүнге 45 сом жазылған еді. Бұл жап-жаңа велосипед алуға жететін. Оны алды да. Ойын баласына бұдан артық қандай бақыт бар?! Тіпті, шайтан арбадан ауысқан ақшаға мектепке баратын қалам-дәптерін түгелдеген. Еңбекпен келген табысты шашау шығармау – бала күнінен қалыптасқан әдет пе деп қаласың. Жалғыз табыскер, дәрігер әкенің айлығы үпірлі-шүпірлі көп балаға жетпейтіні анық еді ғой. Әкеге қолғабыс ету, үй шаруасынан бөлек, көрші-көлем жұмысына көмектесу – Дарханнан бөлек барлық бауырларына тән еді. Бейнетпен өскен 8 ұл мен қыз ащы еңбектен кейін ғана тәтті нан жейтінін көз ашқалы көріп өсті.

Алғашқы махаббат
Солдат әке
Бір күнде «туғандар»
1979 жылы мектеп бітірісімен оқуға тапсырған Дарханның жолы болмады. Бұған тауы шағылған ол жоқ. Ауылға қайтып келіп комбайнерге көмекші болып орналасты. Техника десе, бір иығы бұрып тұратын бозбала шофер деген мамандыққа іштей қызыға қарайтын. Ал егін біткен соң ауылдағы орталық жылу қазандығында қарапайым от жағушы болды. Сондағы басты мақсаты – оқуға қажетті ақша табу. Әлі есінде ең алғаш осында жүріп 220 сом айлық алған. Бұл сол кездегі ең тәжірибелі деген жұмысшының қолына түсетін сома. Ертемен күл шығарып, көмір тасу бұған аса қиындық тудырмаған. Жас қой. Мектепті енді бітірген жасөспірім осылайша еңбек майданында ысыла бастап еді.

Келесі жылы Шымкентке аттанған. Ойы технологиялық институтқа түсу. Болмады. Бұл жолы да ауылға қайтты. Совхоз жұмысында аянбай тер төкті. Шаруашылықта тағы комбайнерге көмекші болды. Қар түскенше егін жинайтын сол кезгі уақыттың қиындығы жас жігітке біраз сынақ болғандай.

Үшінші мәрте дайындық курсына топ ете қалған. Бұл 1981 жылы еді. Әуелі Жамбылдың өзіндегі гидро­мелиоративтік-құрылыс институтында басталған білім жолы кейін Қызылордада жалғасты. Өйткені, аталған оқу орнының филиалы біздің облыста ашылған еді. Туған өлкеге болашақ инженер-механик осылай қайтып келді.

Айтпақшы, осында жүріп еді ғой, өмірлік серігін тапқаны. Педагогикалық институттың келбетті бұрымдысы Күләйханның көркі Дарханның жүрек тыныштығын алды. Бірінші курста басталған таныстық тұрақты сезімге ұласып, үш жылдан соң екеуі шаңырақ көтерген. Қазан айында Жұмаш ақсақал мен Кенжегүл ана осылайша мұғалім келінді құтты шаңыраққа түсірді. Алғашқы да, соңғы да болған Дархан мен Күләйханның махаббат хикаясы әлі сол қалпында.
Үйленіп, оқу бітіргеннен кейін әскерге де барып үлгерді. Ол кезде үлкен ұлы Еркебұлан дүниеге келген. Келіншегінің де екіншісіне аяғы ауыр. Отбасы жайлы анықтама апарса, әскери бөлім бұны кері қайтаратыны анық. Жоқ, бұл өзі барғысы келді. Намыс па, кім білсін, әскерге бармауды өте ұят санаған Дарханның ақыры дегені орындалған. Ржев қаласында борышын өтеп, елге оралғанда алдынан Әсел есімді екінші құлыншағы солдат әкені күтіп алған еді.

Ұл да, қыз да бұл күні азамат болған. Еркебұлан дәрігер, әрі қосымша «Абзал және К» серіктестігінің шаруашылық жұмысына да көмектеседі. Әсел – заңгер. Бір қызығы, Дархан мен ұлы Еркебұланның туған күні бір, 22 наурыз. Өзі туған күнінде сүйікті жары тұңғышын дүниеге әкелсе, шынымен қуаныш емес пе?! Жалпы Ералиевтердің көбісі көктемде дүниеге келген. Содан болар, жер бусанған шақта егін дейтін еңбекке құмартуы…

Әкімдіктен қашу
Шаруашылық қалай құрылды?
Ералиевтің ерінбейтінін сол кезгі ауыл басшылары білетін. Білді де аямай жұмсады. Тауға да, тасқа да салды. Слесарь да болды, комбайн да жүргізді. Оқу да, әскери міндет де біткен соң, күріш егумен айналысатын «Қазақ ССР-нің 50 жылдығы» атындағы совхозға, яғни өз туған ауылына жөндеу жөніндегі инженер болып тағайындалды. Бұйрыққа қол қойған сол кездегі директор, белгілі тұлға Алдаберген Бисенов болатын. Міне, осыдан бастап орталық гараждағы ауылшаруашылық техникаларын түгелдеп, жер дайындау, тұқым себу, ору, бастыру сияқты тынымсыз жалғасатын егістік жұмысына жегілді. Шаруаға қажетті көліктердің қимылсыз қалмауы Дарханға байланысты болатын.

Қош, осыдан бастап жас жігіттің ауыл тіршілігіндегі тұрақты қызметі басталды. Әр салада инженер-механик болған Дархан 1995 жылы ауылдың бас инженер-механигі болып 2002 жылға дейін еңбек етті. Бұл уақыт нағыз тоқырау кезі. Кейбір дүрілдеген совхоздардың іргесі сөгіліп, көп мал және егінмен айналысатын жергілікті шаруашылықтар тарап жатты.

Дархан туған ауыл да осындай күйде еді. Директорлар жиі ауысты. Кейбір жерлерге техника күші жетіспей, егін егу жылма-жыл құлдырай бастады. 1000 гектар күріш әзер егіледі. Күрделі кезеңде Дархан әкім болды. Директор деген лауазым ескіріп, әкім атауы енді қолданысқа кірген уақыт осы кез шығар. Бірақ… Қызығы сол, біздің кейіпкер әкім болғанымен бұл жұмыстан қаша бастады. Неге?! Әу баста тынымсыз тіршілікке үйренген мұның басы тыныш кабинетте тапсырма беріп, жайлы креслода шалқайып отыруды қолайсыз көрген. Рас, басында аудан басшылығының ұсынысымен әкім болуға келісіп қойған Дарханның енді бұл жерге байласа да тұрғысы жоқ еді. Амал не, бір жылдай ғана шыдады. Одан кейін көпшілік қызығатын орынтақты қуана-қуана басқаға ұсынған. Солай етті де, нарыққа ерте бейімделген туған ағасына қол ұшын созуға асықты. Бұл кезде Абзал Ералиевтің туған өлкеге арнайы бағдарламамен келіп, ауыл шаруашылығын дамытуға бар күшін жұмсауға ұмтылған шағы еді.
Шынымен де, Дархан шыдап баққан. Бәрі қайта келетіндей үміттенді. Бірақ болмады. 1992 жылы соңғы айлықты алғаны есінде. Сәуір айында үлкен апасы Ғалия кассадан өзінің жалақысымен қоса мұныкін де алған. Одан кейін айлық беру сап тыйылыпты. Халық шын қинала бастады. Жұртпен бірге бір қап ұн не күріш алып, соны талғажау ететін. Сол шүкіршіліктен таймай келген халық ішінде Ералиевтер де бар болатын. Дарханның әлі есінде, 2002 жылы әкім болғанда ғана қағаз теңгені қолына ұстап көргені бар.

Ауылының азыңқы күйін көрген Абзал да, Дархан да тәуекелге бел буды. Басынан бастап айтайық, бұған дейін түрлі кәсіппен шұғылданған Абзал 2002 жылдан бастап өз ауылына қаржы салып, күріш егу, оның көлемін арттыру сияқты қауырт әрі болашағы әлі де бұлыңғырлау тіршілікті қолға алған. Тоқтаңыз, әуелі бұлар күріштің өзін әр жерден сатып алып, элеватордан өткізіп, қаптап сатты. Кейін бұл да онша береке бермесін сезген олар егін егуді қолға алған. 2003 жылы «Сыр дәні» шаруашылығын құрып, үлескерлерден құралған 780 гектар жерді пайдалана бастады. Гектарына 47 центнерден өнім алған шаруашылыққа осы алғашқы егін үлкен мүмкіндік сыйлағаны анық. Осылай-осылай кәсіпкерлік көші түзеле берді. Абзал мен Дарханның бұл кезде егін егіп қана қоймай, туған елді түрлендіреміз деген ішкі арман-мақсаттарын көбісі біле бермейтін.

2004 жылы «Абзал және К» ЖШС құрылып, аудандық жер қорынан 2300 гектарды жалға алып, күріш көлемін көбейтті. Ал бір жылдан соң «Мағжан және К» серіктестігі құрылып, 3000 гектар жерге дән септі. Осы шаруашылыққа Дархан төраға болып, егін дейтін еңбек науқанына бел шеше кіріскен еді. Одан кейінгі шаруашылық жеткен жетістік жергілікті халықтан бөлек, республикаға да белгілі. Туған ауылды түрлендірген Ералиевтер ерлігі көпшіліктің  есінде әбден қалары анық.

Жайнаған ел,
жаңарған ауыл
Қалыңмал хикаясы
– Ағам Абзал артқан сенімнің үдесінен шығу маған оңай болмады, – дейді Дархан жайқалған күрішке көз тіккен күйі. – Нағыз еңбекке араласқалы шаруашылық жайын білетін болған соң ба, ауылдағы егін науқаны менің мойнымда еді. Әбекеңнің ең жақсы жері – барлық істе де ақылдасуды бірінші орынға қоятын. Менің шаруашылық дүниесіне де жанашырлық танытатынымды әбден біліп алған. Барлығын уақытында, тап-тұйнақтай етіп бітіруге тыры­самын. Оның үстіне ауыл шаруа­шылығы саласы өте күрделі ғой. Бір күн кешіксең ертеңгі күнгі күтіп отырған өнімің күйреуі мүмкін. Мен де кейде қателесемін, ол кезде де ағаның кешіріміне ие боламын. Бастысы, ол туған ауылға көмектесем деген уәдесінде нық тұра білді. Бізді қуантатын да сол, жетістігіміз де осы.

Расымен еңбек туын желбіреткен нағилықтардың басым көпшілігі шаруашылыққа жұмысқа тұрған. Нақтысы, елдегілердің 40-45 проценті осында. Айлығы уақытылы, жыл соңында сыйақыдан бөлек, алдындағы мал-қарасына жем-шөптен де көмек алады. Кеңес одағының батыры Н.Ілиясов атын иемденген жұрттың бар салмағын көтеруге әзірге Абзал мен інісі Дархан Ералиев құрған шаруашылықтың қауқары жетіп тұр.

«ХХІ ғасыр ауылы» атанған елді мекенде адал еңбекпен өмір сүретін нағилықтар бір кездері тоқырауға ұшырап, таратылған шаруашылықты тіктеп, қоқысқа батқан қонысты өз күшімен аршып, туған елін таңғажайыпқа бөлеген Абзалдай ағаның қажыр-қайратына алғыс жаудырып жүр. Өйткені, туған ауылды жайнату идеясын Ералиевтер асыра орындады. Бір ғана мысал, олар 2013-2020 жылдар аралығында Нағи ауылына 1 млрд 500 млн теңгеден астам қаржы құйды. Мұның бәрі мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде әлеуметтік нысандар салуға, ауылды абаттандыруға, көгалдандыру мен қайырымдылық шараларына жұмсалды. Былтырдың өзінде ауыл халқы мен жұмысшылар өтініштеріне сәйкес 17 миллион теңгеден астам қаржыға мал азығы ретінде жем-шөп түсіріп берілген. Сондай-ақ, 1 жарым миллион теңгеден астам қаржыға азық-түлік тегін таратылыпты.

Айтпақшы, озық шаруашылықтың арқасында Абзал Ералиев ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 2013 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атанғаны белгілі. Әрі Елбасының өзі Нағи ауылына ат басын тіреп, мұндағы ел ажарына сүйсініп, «Барлық ауыл Нағи ауылындай болсын» дегені көптің есінде әлі.

– Әбекең шаруашылық есебінен мемлекеттен ештеңе сұрамай-ақ, ауылға құрылыс жүргізе бастады. Алдымен балабақша салды. Одан соң ауыл іші де, сырты да тазаланды. Көріксіз, қоқыс басқан ауылға екі жыл тазарту жүргізілді. Ағаш ектіртіп, су жүйелерін қалпына келтірдік. Көркейтудің жарқын үлгісін өзге ауылдағы кәсіпкерлерге көрсете білдік. Аға құрылысшы болған соң ба, біртіндеп мектеп, әкімшілік ғимараты, мешіт, музей, дәрігерлік амбулатория, спорт сарайы, мәдениет үйін қайта күрделі жөндеуден өткізіп, кейбірін қайта салды. Тіпті, кейбір үйлердің құрылысына да көмектесіпті. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Тағзым» алаңын салып берді. Орталық алаңды абаттандырғаны қалай?! Жаздық сахна, дүкен мен тойхана, қоғамдық моншасы тағы бар. Жыл сайын барлық көшедегі арықтарды компания есебінен тазалатамыз. Аудан, тіпті облыстың маңызды орталықтарында кездеспейтін субұрқақтарын орнатып, жастарға да қуаныш сыйладық, – деп ағынан жарылды Дархан Ералиев.

Нағида туғандар үшін осы елдің гүлденгені, көркейгені үлкен мақтаныш. Оның үстіне Ералиевтер сынды ел топырағын түрлендіруге еңбек сіңіріп жүргендер тым сирек қой. Ал Дархан аға айтқан мына бір естелік адамды масылдықтан алыстататындай.
– 8 ағайынды едік. Үлкеніміз Ғалия ғана қазір арамызда жоқ. Дәрігер болатын. Жалғыз ұлы бізге қолғанат. Қазір әулеттің тоғызыншы мүшесіндей болып кетті. Дания, Даналы, Нұрия, Нұрзия сияқты аға-апаларымыз түрлі салада еңбек еткен, қазір зейнет жасында. Абзал ағаның жетістігі баршаға мәлім. Мен отбасында жетіншімін. Кенже ұл Бауыржан –  қарашаңырақта, әрі жеке кәсіпкер.

Қарап отырсам, әке мен ананың тұтастай берген тәрбиесінің әсері шығар, бәріміз де еңбекке жақын болдық. Қарапайымдылықтың ауы­лынан алыс кетпедік. Барды көппен бөлістік. Әкемнің ата-анадан ерте қалғанын айтып едім ғой. Оқу бітіріп келген соң жас жігіт үйленгісі келіп, өзі тұстас замандастары арасынан қалыңдық қарайды. Қарасары жоқ жетім жігітке тегін қыз қайда?! Әкем қара еңбегін сатып шешемізге үйленген. Ол да қызық әңгіме. Ала жаздай ақ иық болып, кетпен шауып, жер қарықтаған әкем бақша егеді. Бақша болғанда кәдімгі жүгері. Күзде жиырма қап жүгеріні қайын жұртына қалың мал есебінде берген. Қараңызшы, жиырма қап жүгері. Жүгері нан өте тәтті болады. Таршылық заман, соғыстан кейінгі уақыт. Қалыңмал ғұрпын осылайша өтеп, өзі ұнатқан шешемізге әкей осылай қол жеткізіпті ғой. Әкемді танитын көнекөздер оның аңшылық, саятшылықпен айналысып, көрші-көлемді қиын заманда көп тойын­дыратынын айтатын. Иә, жалқаулық – біздің әулетке жат дүние. Бізге еңбекпен өсу, өну, бейнеткештікке бір табан жақындық әкемнен жұққан деп есептеймін, – деп ішкі сырын ақтарды шаруашылық төрағасы Дархан.

Шаруашылықтың бір тал шырпысына дейін жауапты болған, ысырап пен берекесіздікке жаны қас төрағаның айтуынша, компания бүгінде егіске қатысты барлық техникалық көліктерін 90 процентке жаңартып болған. Қуаты сағатына 30 тонна күрішті тазалайтын Оңтүстік Кореялық екі қондырғы алынып, кейінгі жылдары сыйымдылығы 11 мың тонна болатын 15 қойма салыныпты. Былтыр қазан айында алғашқы болып қазақстандық күріш ақтау зауытын іске қосты. Жұмысшылар жалақысы өсіп, орташа айлық 153 мың теңгені құрады. Олар жыл сайынғы күзгі науқанда күрішті шашау шығармай жиып алуда сүрінген емес. Соның арқасында былтыр «Озат шаруашылық» номинациясы бойынша облыс, аудан көлемінде бірінші орынға ие болды. Ең кереметі, сол жылы «Азық-түлік тауарларын немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталған. Ал Дархан Ералиевтің  2007 жылдан бері Сырдария аудандық мәслихатының депутаты екенін білеміз. Қайырым­дылықпен жиі айналысады. Оны­сын жасырып баққанмен, жұрт жақсылығын жария етуді қояр емес. Ал кербездіктен ада кейіпкеріміз атадан көрген ең ізгі көркем тәрбиені ұл-қызы мен тәтті немерелеріне де дарытып келеді.

Биыл Дархан бастаған егінші ағайын 5200 гектар күріш екті. Бүгінде орақ түскен алқаптардан үлкен жүк көліктері қырман басына жиі қатынап, дән тасиды. Ал «Мағжан және К» өндірген күріш дақылы өзімізден бөлек, Украина, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Моңғолия сияқты елдерге экспортталатынын бірі білсе, бірі білмес. Сыр суынан нәр алған ақ күрішке ынтызар өзге мемлекет халықтарынан сұраныс әзірге ерекше болып тұр.

Ержан ҚОЖАСОВ,
13 қыркүйек 2020 ж. 441 0