Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкеміз Нұрлыбек қажы Ысқақұлы - 70 жаста

Әкеміз Нұрлыбек қажы Ысқақұлы - 70 жаста

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» демекші өзің балалы болғаннан кейін ғана әке-шешеңнің нағыз қадіріне жетесің. Әуелгіде, әкеңнің бай-бақуатты, бас­тық болғанын қалайсың. Кейін ақыл тоқ­тата келе оның бәрі әшейін бала қиял екенін түсінесің. Ең бастысы әкеңнің аман болғанына, ешкімнің ала жібін аттамаған арлы, иманды адам болғанына жететін еш­қандай құндылық жоқ екеніне көзің жетеді.

Әкеміз Нұрлыбек қажы ешкімнің ала жібін аттамаған, обал-сауапты түсінетін қазақтың қарапайым азаматы. Әкесінен тоғыз жасында қалып біреуден ілгері, біреу­ден кейін күн кешіп келе жатқан көп қазақтың бірі.

Адал жары Бибісара анамызбен бірге отау құрғандарына қырық жылдан асыпты. Бүгінде Құдай берген екі ұл, екі қыздың әкесі. Бес-алты немере, жеті-сегіз жиеннің сүйікті атасы.

Ардақты әкеміз біреудің мұң-мұқтажына бей-жәй қарамайтын. Түнгі сағат 3-4 шамасында «Көлігіңмен қалаға барып келейік. Біреу науқастанып жатыр, бір­еулерге көмек керек болып жатыр» десе ойланбастан қол ұшын созуға дайын тұратын адам. Оған шешеміз Бибісараның: «Сен жас балама едің? Жүр дегенге беймезгіл уақытта шауып кете беретін» дегеніне қарамастан: «Ол маған адам деп ке­ліп тұр ғой. Сол сәтте маған, оны мұқтаж қылып қойған Жаратқан да мені сынап жатқан шығар. Маған қайтпаса да ұрпағыма қайтар. Қайырымды Құдай, мейірімді пенделерін жақсы көреді ғой» – деп әкеміздің анамызға айтқандарын талай естідік.

Мүмкін біздің де өмірде жолымыз болып, асығымыз алшысынан түсіп жүргені де осы әкеміздің жұртқа жасаған қайырымды істерінің қайтарымы шығар. Кім білсін?

Әкесі Ысқақ секілді қайырымды, қолын­да барды ойланбай бере салатын мәрттігі үшін де әкемізді қатты сыйлаймыз. Қос анасын тел емген әкемізге, иманды болғыр апасы Ханшайымның да ниеті ерекше еді.

Әкеден қалған жалғыз тұяққа, жанын шүбереке түйіп қойғандай қарайтын. Әке­міз де Ханшайым апасы десе ішкен асын жерге қоятын. Апалы-інілі азаматтардың сый­ластығына бала болсақ та тәнті бола­тынбыз.

Осы сыйластықты біз де өзімізге өмір ба­қи үлгі қылдық. Бүгінде апасы Назым мен қарындасы Шынардың бір-біріне деген сый­лас­тықтарына іштей риза боламыз. Соғым сойса бір-біріне жілік береді. Бір жерге барса бір-біріне тәбәріксіз қайтпайды.

«Балаң жақсы болса жердің үсті жақсы, балаң жаман болса жердің асты жақсы» демекші ата-анамыздың жүзін Алла Тағала екі дүниеде жарық қылсын, елдің арасында бас­тарын тік көтеріп жүрсін деп жақсы ұл-қыз болуға тырысып жүрміз.

Әкеміздің бойынан қайырымдылықты, қа­ра­­пайымдылықты, ізгілікті, имандылықты бойы­мызға сіңірсек дейміз. Тал бесікте берген тәрбиесін, жер бесікке дейін алып жүр­сек әке аманатын ақтаған болар едік деп ойлай­мыз.

Орынсыз ренжіткен болсақ, себепсіз уайым­датқан болсақ ата-анамыздан кеші­рім өтінеміз. «Ата-ананың разылығы – Алла Тағаланың разылығы» деп бекер айтылмаған.

Төрт түліктің тілін білетін әкеміз, мал-десе ішкен асын жерге қояды. Мал туатын болса да, ауырып тұрса да, жоғалып кетсе де жұрт келіп жөн сұрайды. Үйдегі малдың берекесін Жаратқан Жаббар Иеміз әкемізге дарытқандай.

Орынсыз әңгімеден, ретсіз күлкіден, бе­ре­кесіз отырыстан бойын аулақ ұстайтын әкеміздің ұстанымы бізге өмірлік сабақ. Ағайынның той-томалақ, өлім-жітімінен қал­май қызметте жүруі әкемізден ұрпағына ұлағат­ты үлгі.

«Сексеннің сеңгірінен қарасаң, жетпіс-де­ген жота басы» демекші, жетпіске келген жеке басыңыздың қуанышымен Сізді шын жүректен құттықтаймыз, ӘКЕ!

Жетпіске жеттіңіз, сексеннен секіріп өтіңіз, тоқсанда тоқтамаңыз, жүзге келгенде өзіңізбен ақылдасамыз.

Анамыз екеуіңіз баянды ғұмыр кешіңіз­дер, бақытты өмір сүріңіздер. Ешқандай уайым қайғыны білмеңіздер. Жақтарыңыз түспей жаманшылық көрмеңіз­дер. Ұрпақ­тар­ыңызбен мәңгі жасаңыздар. Бай-бақуат­ты болыңыздар!
Қайырмасыз шаттансақ әнімізге,
Ажар беріп осынау сары күзге.
Желкен керіп жетпіске жеттің әке,
Құтты болсын қуаныш бәрімізге.
Ұлдарың тірек бүгін ұядағы,
Қыздарың қанатыңдай қиядағы.
Кеп қалдық думандатып шаңыраққа,
Жалындап ақ тілек пен сый алауы.
Ел деп еңбек етумен өтті жылың,
Бойға құйып бабаның тектілігін.
«Адал бол» деген әке ақылыңмен,
Перзенттерің бақытқа жетті бүгін.
«Арнап бізге өміріңнің бар асылын
Көрсеттіңіз әке-ана жарасымын.
Ұядағы өсиетпен қадам бастық,
Кім қалар осалдығын баласының.
Парасатты еліңе арнағансың,
Пенделікпен қателікке бармағансың.
Өзіңе жар, ал бізге ана қылып,
Ең тамаша адамды таңдағансың.
Әкешім ұл-қызыңа өнегесің ,
Ізгіліктің кеңге жайдың керегесін.
Бүгінде «қажы» атанған қариясыз,
Күндіз-түні әлпештеген немересін.
Әкешім, аласармас алыбымсың,
Анашым, жылу төккен жарығымсың.
Қуат берсін Құдайым, дән ризамыз,
Ортамызда әке-ана барың үшін!

Ізгі ниетпен: Ұлдарыңыз, келіндеріңіз, қыздарыңыз, күйеубалаларыңыз және
немере­леріңіз бен жиендеріңіз.
05 қыркүйек 2020 ж. 1 094 0