Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалжан ахун мешітінің шырақшысы

Қалжан ахун мешітінің шырақшысы

Екі қоғамның да куәгері болған Төлеубай ақсақалдың өмірден көргені мен көңілге түйгені көп. Өткенімізді тарих дейтін болсақ, ол қос қоғамға да адал қызмет етті. Бүгінде сексен атты белесті бағындырған Төкең Қалжан ахун ауылының сыйлы қарты.

Біздің кейіпкеріміз Төлеубай Тілеубергенов Ұлы Отан соғысы басталардан бір жыл бұрын қазіргі Қалжан ахун ауылы аумағында дүниеге келген. Ата-анадан ерте жетім қалған бала Төлеубай мектеп есігін он жасында ашады. «Чапаев» колхозындағы жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін колхоз жұмысына араласады. Мал бағады. Әскерге шақырылып, 3 жыл азаматтық борышын өтейді. Әскерден келген соң, Несібелі Мұхамедиярқызымен шаңырақ көтереді. Ерлі-зайыпты жас шопандар отыз жыл бойы екінші тың – қой шаруашылығы саласында екпінді еңбек етті. Аға шопан Т.Тілеубергенов еңбек жолын ХХІ партсъезд атындағы кеңшарда бастағанымен, жаңадан құрылған «Іңкәрдария» шаруашылығында 27 жыл бойы озат қой өсіруші болды. Қой шаруашылығы саласындағы оның ерен еңбегі ескеріліп, «Еңбек Даңқы» орденімен, екі мәрте Қаз ССР-нің Құрмет грамотасымен және бірнеше медальдармен марапатталды. Сондай-ақ «Мал шаруашылығының 1 класс үздігі», «Мал шаруашылығының шебері» атағына ие болды. Аудандық партия комитетінің мүшесі, бірнеше рет ауылдық кеңестің депутаты болып сайланды.

Зейнет демалысына шыққаннан кейін туған жері Қалжан ахун ауылына қоныс аударды. Бұл кезде еліміз егемендігін алып, етек-жеңімізді жинап, дін ғұламасы кесенесіне ауылдастары көңіл аударып жатқан еді. Ауыл ардагерлері Ишанхан Нұртазаев, Орынтай Маханбетов тағы басқа да ақсақалдар Қалжан ахуннан қалған тарихи-мәдени мұраны қалпына келтіруге атсалысып жатқан болатын. Олар қандай істі болмасын алып кете алатын, діннен де хабары бар Төлеубай ағаның мешіттің шырақшысы болуын қалады. Осы орайда шырақшы деген кім? Оған да түсінік бере кетейік. Шырақшы – әулиелердің мазарын қорғап, зияратшыларға қызмет көрсетуші адам. Шырақшы көбінесе әулиенің ұрпағы болып кесене, мазардың маңында тұрады. Ол жергілікті жердің тарихына, әулиенің халыққа сіңірген еңбегі мен өміріне байланысты деректерді, аңыз әңгімелерді жетік білетін, діни сауаты бар, зиярат жасаушылардың діни-ғұрыптық ғи-бадаттарына жөн сілтейтін, көмектесетін адам болады. Шырақшы архитектура, тарихи, мәдени құндылыққа жататын нысанның сақталуына ғана қызмет жасап қоймай, рухани сабақтастықты сақтаушы, киелі мекеннің халық жадында жаңғырып, ұрпақтар жалғастығының үзілмеуіне себепші болып табылады.

Т.Тілеубергенов шырақшылықпен қатар, ауыл молдасы да болған. Оның зайыбы Несібелі Мұхамедиярқызы өңірімізге белгілі атақты Кіребай қажының немересі.

– Алғаш келгенімде мешітті аралап, оның мүшкіл хәлін көріп, жаным құлазыды. Ахун жатқан сағанаға кіріп дұға оқып, қарсы алдымдағы бастырма астына барып, тізе бүгіп, ой үстінде отырғанымда көзім ілініп кетіпті, – деп Төлеубай аға кесенеге бірінші келген кезін еске алды. Түсімде: «Дін абызы астында ақбоз ат, басындағы шошақ бөріктің жиегін ақ орамалмен көмкере ораған. Аппақ шоқша сақалы, оң қолында қамшы, сол қолында ат тізгіні. Атын сыдырта шауып, шығысқа қарай бет алып бара жатыр екен. Содан оянып кетіп, түсімді ізгілікке жорыдым. Несібелі екеуміз қызметімізді атқарып жүре бердік.

1999 жылдың наурызында көрші Жалағаштан ахун ұрпақтары келіп, алғашқы жөндеу жұмыстарын бастапты. Дін абызы есімін иемдеген ауылдың азаматтары да көмекке келген. 2000 жылы сол кездегі Жалағаш ауданының әкімі Қожахмет Баймаханов, Сырдария ауданының әкімі Алмагүл Божанованың ықпалымен 2000-2001 жылдары облыстық мәдениет басқармасының тарапынан 400 мың теңге қаржы бөлініп, мешітке қақпа, терезе, есігі орнатылады. Сондай-ақ мешітке кіреберіс жолға Қалжан ахун тақтасы орналастырылып, айналасы толық қоршалып, мешітке барар жол салынады.

Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қалжан ахун мешітін жөндеп, қалпына келтіру үшін 2007 жылы 19 млн теңге, 2008 жылы 20 млн теңге қаржы бөлініп, бұл жұмыстарды ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің «Қазреставрация» мекемесі жүргізіп, барлық 32 бөлме алғашқы қалпына келтірілді.

Бағзы заманнан келе жатқан дәстүрлі дінге адалдық танытып, дін абызына, ауылдастырына қызмет жасаған Төкең бүгінде бес уақыт намазын оқып, ел-жұрттың амандығын тілеп отыратын батагөй қарт.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
05 қыркүйек 2020 ж. 633 0