Бірліктің, жасампаздық пен өрлеудің Конституциясы
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қызылорда облысының әкімі
Конституция – Тәуелсіздігіміздің ең басты тірегі және кепілі. Қай дәуірде, қай қоғамда болмасын, кез келген елдің пайда болуы мен мемлекеттің қалыптасуы, дәуірлеп-өрлеуі белгілі бір құқықтық жүйеге сүйеніп жүзеге асатыны тарихтан белгілі.
Әлемдік конституционализм үдерісінде біздің бүгінгі түсінігіміздегі жазбаша конституция тұңғыш рет 1787 жылы Америка Құрама Штаттарында өмірге келгені белгілі. АҚШ-тың негізін қалаушылардың бірі, үшінші Президент Томас Джефферсон ел Конституциясын: «Бұл біздің еліміздің бар даналығының қосындысы», – деп ерекше құрмет тұтады. Дегенмен, әлемде Конституциялары жоқ елдер де кездеседі.
Бүгінгі Қазақстан мемлекетінің ұйытқысы Ата Заңымыз мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын, ата-бабаларымыздың ар-ожданы мен биік парасатынан тұратын бірлік, тыныштық идеясын өз бойына сіңірген. Қабылданғанына 25 жыл болған тарихи құжатымыз – әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі. Алайда, халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміздің Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады.
Қазақ даласында мемлекеттік пен құқықтық дәстүр өзінің түп-тамырын ғасырлар қойнауынан тартады.
Ұлы даланы дүр сілкіндірген Ұлы Түрік қағанаттары VІ ғасырда Еуразия кеңістігіне үстемдіктерін жүргізіп, мемлекеттерін нығайтып, заңдарын шығарып, халқын кемелдікке жеткізе алды. Әлемге әйгілі Күлтегін ескерткішінде бұл жөнінде былай деп жазылған: «Әлемнің көгінде аспан, төменінде қоңыр жер пайда болғанда, осы екеуінің арасында адам баласы жаратылды. Адамзат баласының үстінен менің бабаларым Бумын қаған мен Истеми қаған билік жүргізді. Таққа отырған олар өз мемлекетін қорғап, түркі заңдарын шығарып, оны бекітті».
Қытай жылнамаларына сүйенсек, түркілердің мемлекеттік заңы негізгі бес баптан тұрған және ең қатал жазалар көтеріліс жасап, бүлік шығарғандар мен халықтың мүддесін сатып, елге опасыздық жасағандарға берілген.
Ұлы дала халқының мыңдаған жылдар бойы өзіндік әдет-ғұрыптары мен дала заңдары болған. Дәстүрлі дала заңының бір ерекшелігі – әділдік жолын ұстаумен бірге, сөз өнерін, шешендік, тапқырлық, айтқыштық өнерді де жоғары бағалап, оған жүгінген. Соған лайық әділ билердің өзін де, сөзін де қадір тұтып, олардың есімін аузынан тастамаған. Мәселен, халық жадында ерекше сақталып, төбе би атанған атақты ұлы дала ойшылы Майқы «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді… Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ел болуды ойлаңдар», – деп халықты бірлікке шақырған, елдік мүддені көздеген өсиет қалдырған.
Ерте орта ғасырда түркі бабаларымыздан бастау алған заң түзу қызметі, қазақ хандығы тұсында Қасым ханның, Есім ханның және Тәуке ханның тұсында өз жалғасын тапты. Олар – қазақ мемлекетінің іргесін нығайтуда ерекше рөл атқарған ірі мемлекет қайраткерлері.
Қасым ханның есімімен байланысты «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталған кешенді заң жинағы – қазақ мемлекеттілігінің тарихында ерекше орын алатын маңызды құқықтық құжат. Бұл заңның негізгі мазмұны Қасым ханның сол кезеңдегі жүргізген мемлекеттік саясатымен тығыз байланыста құрылып жасалған. Ал «Есім ханның ескі жолы» заңдар жинағы сол дәуірдегі қазақ қоғамындағы азаматтық және басқа да құқықтық ережелерді, мемлекеттік басқару жүйесін реттеуге бағытталған негізгі заңы болып есептелді.
Тәуке хандық құрған ХVII ғасырдың аяғы мен ХVIII ғасырдың басы қазақ хандығы үшін абыройы асып, көсегесі көгерген ерекше бір кезеңі болды. Бұл жайында белгілі орыс тарихшысы Алексей Левшин: «Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді… Күштілерді тізеге салып, тәубесіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты», – дейді. Қазақ қоғамына осындай біртұтастық дарытып, ынтымақ орнықтырған ежелгі ереже-қағидалардың, салт-дәстүрлердің жүйелі жиынтығы – атақты «Жеті жарғы» еді. «Жеті Жарғы» баба даналарымыздың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын мемлекет басқару мен биліктің қалыптасқан жосықтарын негізге алып, сахараның сол замандағы тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық, әлеуметтік ахуалын ескере отырып, жан-жақты байыпталған құқықтық мұрасы болды.
Осы игілікті істердің басында сол кезеңнің үш данасы, үш кемеңгері деп танылған Төле би, Қазыбек және Әйтекелер жүрді. Жарғыны дайындауда сол кездің тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық һәм әлеуметтік ортасына икемдей түсіп, сәйкестендіре екшеп, жаңғыртып жасаған. Сөйтіп тек билердің ғана емес, бүкіл қазақ халқының саяси-әлеуметтік, рухани-танымдық, салт-саналық болмысын тұтастыра көрсететін құжат дүниеге келді.
«Жеті Жарғы» қазақ мемлекеттілігінің құрылымын қорғауға және оның территориялық тұтастығын, ұлттық бірлігін сақтауға бағытталған заманауи озық ережелерден тұрды.
Қазақ хандары жолға қойған осы жарғыларды дала конституциясы санасақ, оның «баптарының» сөз бастаған шешендер арқылы қалай өрбігеніне, абыз ақсақалдардың қалай таратып, жөнге салғаны тарихтан белгілі.
Қазан революциясынан бастау алған Кеңестік кезеңде Қазақстанның үш Конституциясы қабылданды. Оның ең алғашқысы – 1926 жылы, екіншісі – 1937 жылы, үшіншісі – 1978 жылы қабылданған Конституция.
Өткен ғасырдың 90 – жылдары Еуразия кеңістігінде жетпіс жылдан астам билік құрған Кеңес мемлекеті тарих тұңғиығына еніп, оның орнында тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздігін жариялап, әлем елдерімен терезесі тең қарым-қатынас орнатуды мұрат еткен Қазақ елі уақыт талабына сай Конституцияны қабылдауды қолға алды. Бұл туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс», – деп атап өткен болатын.
Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Оның бұрынғы Қазақ КСР Конституциясымен салыстырғанда едәуір айырмашылығы мен өзгешелігі болды. Дегенмен, бұл бірінші Ата Заңның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі де бар еді. Себебі Конституцияны жасау барысында ел ішінде болып жатқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық, т.б. процестерді кешенді түрде ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктері мен жоспарларын ғылыми тұрғыдан нақты айқындау мәселесі жетіспеді.
Осы уақытта жас тәуелсіз мемлекеттің жаңа Конституциясын қабылдау қажеттілігін уакыттың өзі алға тартты. Елімізде конституциялық реформа жүргізу қажеттілігі туды.
Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар жүргізілді. Елбасының бастамасымен құрылған сарапшылар көптеген әлем елдерінің Конституцияларын, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандарын мұқият сараптаудан өткізді. Мемлекет басшысының өзі ыждағаттылықпен Еуропа мен Азияның, Солтүстік Американың барлығы 20-дан астам дамыған елдердің конституцияларын талдап, саралап, өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа Конституцияның жобасын тапсырған болатын.
Жаңа Конституция жобасының негізіне адам және азаматтардың бостандықтары мен құқықтарының үстемдігі, берік конституциялық мемлекет құру тұжырымдамалары салынды. Өзінің құрылымы мен заңдық негізі жағынан еліміздің жаңа Конституциясы белгілі дәрежеде Француз Республикасы, АҚШ, Корей Республикасы сияқты демократиялық өзгерістерді іске асыру мақсатында халық пен мемлекеттің мүдделерінің бірлігіне ең жоғары кепілдік үшін биліктің барлық салаларын үйлестіруді қамтамасыз ететін елдердің дәстүрлі Конституцияларына негізделді.
Конституция жобасын талқылауға еліміздің белгілі заңгерлерінен бөлек, Францияның Конституциялық және Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері қатысты. Сонымен қатар, құжатты талқылауға 3 млн 345 мың адам қатысып, 31 мың 886 ұсыныс түсіріп, оның 1 мың 100-і конституция жобасына еңгізілді.
30 тамыз күні – жалпыхалықтық Референдумға сайлаушылардың 90,58 проценті қатысып, олардың 89,14-ті жаңа Конституцияны қолдады.
Бұл тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынып, елдің пікірі ескерілген халықтық Конституция болды.
Конституцияда Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екендігі, мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі көрсетілген. Биліктің бірден-бір бастауы халық болып танылды.
Конституция бойынша Қазақстан Президентi мемлекеттiк билiктiң барлық тармағының келiсiп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз ету құқына ие болды. Бұл елімізде күшті Президенттік билік вертикалінің қалыптасуына жағдай жасап, жас мемлекетіміздің орнықты әрі жүйелі дамуына, әлемдік кеңістікте өзінің орнын ойып тұрып алуына негіз жасалды.
Осылайша, 1995 жылғы Конституция Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігінің негізін салды. 1998, 1999, 2007, 2017 және 2019 жылдары енгізілген өзгерістер мен толықтырулар саяси билік институттарын әрі қарай жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы қатынастарды реттеп, қазіргі заман талаптарына сәйкестікке келтіруге бағытталған.
Бүгінде Конституциямыз еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының негізіне айналып, заң үстемдігінің шынайы үлгісін көрсетіп отыр. Конституциялық нормаларды қатаң сақтай отырып, елімізде Президенттік биліктің демократиялық принциптер негізінде алмасуы орын алды.
2019 жылдың маусым айында өткізілген Президенттік сайлауда «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды тұғырнамасымен Елбасының сенімді серігі, ірі мемлекеттік қайраткер Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қолдауына ие болып, ел Президенті атанды.
Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз», – деп мемлекеттік дамудың жаңа белестерін белгілеп берді.
Бүгінде Алаштың анасына баланған қасиетті Сыр өңірінде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың әл-ауқаты өсіп, кемел болашаққа деген сенімдері артуда. Ағымдағы жылдың 1 маусымына облыс тұрғындарының саны 808,1 мың адамға жетті. Олардың – 96,3% қазақтар, 1,8% орыстар, және басқалары.
2019 жылы жалпыөңірлік өнім көлемі 1831,8 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,0% көрсетті.
Аймағымыз минералды-шикізат ресурстарының айтарлықтай әлеуетіне ие. Олар: көмірсутек шикізаты, түсті металдар, уран, ванадий, ас тұзы және жерасты сулары.
Сонымен қатар, өңір күріш егу бойынша еліміздің дәстүрлі көшбасшысы, күріштің 90% – ға жуығы облысымызда өндіріледі. Сырдың маржанына айналған күріші, қауыны мен қарбызы алыс және жақын шетелдерге танымал. Бүгінде аталған дақылдар облыс брендіне айналды.
Әлемді өзінің құрсауына алған COVID-19 пандемиясына қарамастан, облыс диқандары 184,7 мың га ауылшаруашылық дақылдарын екті. Биылғы жылы алғаш рет егісті әртараптандыру бағытында перспективалы дақылдар қант құмайы 70 гектарға, соя 240 гектарға, жүгері дақылы 1667 гектарға дейін жеткізіліп, ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы 80 гектар богарлы жерлерге күздік бидай дақылы егілді.
Қазіргі таңда аймақтың экспорттық әлеуеті артып, өңірдің күріш өсірушілері өз өнімдерін Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан және Иракқа экспорттауда.
Облысымызда емдік қасиеті өте жоғары бағаланатын, дәрумендерге бай, ағзаға пайдалы шұбат сусынын өндіру жыл сайын артып келеді.
Былтыр еліміз бойынша 16827,6 тонна түйе сүті өндіріліп, оның 4623,8 тоннасы немесе 30 пайызға жуығын облыстың тауар өндірушілері өндірген. Мәселен, Шиелі ауданына қарасты «Аруана» шұбат өңдеу кәсіпорыны тәулігіне 1 тонна шұбат, 1 тонна сиыр сүті, қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт, және балмұздақ өнімдерін нарыққа шығаруда.
Облысымыздың аграрлы-индустриалдық қуатын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, жыл соңына дейін индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 44,2 млрд теңге болатын 3 жоба іске асырылуда. Олар: Арал ауданында «Балықты терең өңдеу зауытының және пластикалық қайықтар шығаратын цехтың құрылысы» жобасы, Қармақшы ауданында «Қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының құрылысы» жобасы, «Қызылорда қаласында қуаты жылына 197 100 тонна табақ шыны өндіру және өңдеу зауытын салу» жобасы.
Облыс көлемінде әлеуметтік салаға ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда бұл бағытта 214,1 млрд теңге, оның ішінде білім беру ісіне – 155,0 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына 8,5 млрд теңге бөлінді.
Конституцияда азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріліп, міндеттелген. Сондай-ақ, мемлекеттік жоғары және орта арнаулы оқу орындарына конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.
Қазіргі таңда облыстағы 673 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 59 659 бала тәрбиеленуде. 3 пен 6 жастағы балалар 100% балабақшамен қамтылған.
Биыл облыстың 293 мектебінде 168 мыңнан астам оқушы білім алады деп жоспарлануда. Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін тарату мақсатында 46 инновациялық мектептер желісі құрылған. Оларда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер тереңдетіліп оқытылуда.
150 мектепте химия, биология, информатика, физика пәндерінің элементтері пилоттық негізде ағылшын тілінде оқытылуда. 122 мектепте робототехника және «3Д-модельдеу» кабинеттері жұмыс жасайды.
Өткен жылы мектеп бітірушілерінің 98% колледждер мен университеттерге оқуға түсті. Оның 65% жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант есебінен білім алуда.
Облыстың 30 колледжінде 20365 студент білім алса, 3 жоғары оқу орнында 9826 студент бар. Жекеменшік-мемлекеттік әріптестік негізінде 400 орындық жатақхана құрылысы жүргізіліп, студенттер қауымына табысталмақ.
Сыр өңірі – қазақ халқы мәдениетінің күретамырындай. «Сыр елі – жыр елі» деген сөз соның дәлелі болса керек. Бүгінде облысымыздың мәдениет саласы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отыр.
2020 жылы «Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне» енгізілуіне орай облыстық филармония жанынан «Қобызшылар» ансамблі құрылды. Сыр сүлейлерінің мақам-саздары мен жыр термелерін жаңғырту, Қорқыт мұраларын насихаттау мақсатындағы «Жыр мұра» жобасы аясында Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында «Жыр-терме» және облыстың мәдениет ұйымдарында «Қобыз» үйірмелері ашылды.
Бүгінде аймақ халқының тегеурінді еңбегінің арқасында облысымыздың әлеуеті күн санап артып келеді. Әлемнің бәсекеге қабілетті, ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу мақсатында елімізде кешенді жұмыстар атқарылуда. Қазақстан жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар еліне айналды.
Өзінің 25 жылдығы қарсаңында Конституциямыз ел дамуының өміршең құжаты екенін көрсетіп, тәжірибелік маңыздылығын дәлелдей алды.
Әрине, тарих ауқымымен алғанда, бұл – азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты көрсете білді.
Құрметті жерлестер!
Конституциямыздың 25 жылдық мерейтойы құтты болсын! Еліміз тұғырлы, болашағымыз жарқын, тәуелсіздігіміз баянды болсын!