Жақсы дос – мақтанышың!
Бүгін қолыма қалам алу себебім – бала күнгі досымды, өмірден ерте озған досымды ойладым. Оның жарқын бейнесі көз алдымда тұрып алғаны ғой.
Уақыт деген сынаптай жүйрік қой, шіркін! Осы жылдың 27 тамызында қимас досымыз, қымбат кластасымыз Ғалымбек Сәрсенғалиұлы Әбдиев жарық дүние есігін ашқан күні еді. Арамызда жүрсе, 57 жасқа толып отырар ма еді! Амал қанша?!
Мектеп қабырғасында бәріміз арманшыл, білімге құштар болдық. Алайда, Ғалымбектің орны ортамызда мүлде бөлек еді.
Тереңөзектегі №36 мектептің 9-10 «В» класында (1978-1980 жылдар) бәріміз түгелімен үздік оқыдық десем, артық айтқандық емес. Өйткені, 8 жылдық №210 мектепті жақсы бітіргендер осында бас қостық. Озаттар қатарынан – Бедебеков Нұрлан (Нұр-Сұлтан қаласында), Оспанова Марина (Алматыда), Сүндетбаева Шолпан (Байқоңырда), Кырлыч Наташа (Калининградта), Быстряков Витя (Тереңөзекте), Қалмақова Ғалия (Тереңөзекте), Мясцов Коля (Тереңөзекте) және Хегай Валя (Москвада). Осылайша тізіп айтып, жалғастыра беруге болады.
Бізге екі жыл қатарынан Шарбан Мұсабекқызы Майгелдиева класс жетекшісі болды. Ол кезде кеше ғана оқуды бітіріп келген, жап-жас, сұлу қыз. Жас та болса ақылымен, білімділігімен, жылы сөзімен, сабырлы мінезімен бізді бірден баурап алды. Жақсы оқуға, алға ұмтылуға жетеледі.
Шынын айту керек, математика, химия, геометрия, сызу, сурет салудан Ғалым ешкімді алдына түсірмейтін. Талай рет мен үшін қиын сызу мен суреттерді уақыт жоқ демей, ерінбей-жалықпай салып беріп, мерейімді үстем қылып жүргенін қалай ұмытайын.
Әлі есімде, химиядан есеп шығару екеумізге аса қызық, керемет хобби болатын, тіпті каникул кезінде де. Ал, біз қызыға шығарып жүрген есептер, шынын айтқанда, мектеп оқушыларына емес, университет студенттеріне арналған болатын-ды.
Студенттік шақ. Алматы архитектура-құрылыс институтында оқығанда талай куә болдым – жатақханадағы біраз студенттің қиын үй тапсырмаларын Ғалым әп-сәтте бітіріп бере салатын. Оны курстас жігіттер «профессор» деп атайтын. Өте сыйлы болды ортасында.
Қолы алтын. Істеген ісі тындырымды, тыңғылықты. Ол жүрген жер өте жайлы, тіпті оазис болып кететін.
Оның шаруаға да икемді, барынша ыждағатты жан болғаны тағы бар. Аэропорттың маңындағы дачалық жерді иеленіп, соны гүлдендіріп, күзге қарай өнімін алып жүргенін де білемін. Қолы босай қалса, сол жаққа асығатын. Оны одан сайын керемет қылып, Гүлнар жұбайы жалғастырып келеді. Ал, Мұратбаев көшесіндегі Әбдиевтер тұрған үйдің ауласы ше? Арықтары түп-түзу. Қиылыс жерлері құламасын деп, бетон құйып қойған. Мал қорасын байқасаң, бұл үйде өте-мөте ұқыпты кісілер тұра ма деп қаласың. Соның көбісін Ғалым өзі қолымен жасап кеткен-ді.
Менің анам: «Ғалымбекке қарашы, киімі де тап-таза, ісі де тиянақты» деп талай рет үлгі қылып айтатын. «Содан үлгі алыңдар» дейтін.
Мінезі қандай ашық болса, қолы да сондай ашық. Осындайда еске түседі, балалық шақтағы бір оқиғаны айтпасқа болмас.
Ол уақытта молшылық заман емес. Көп нәрсе жетіспейтін, дефицит! Дәл есімде жоқ, алтыншы немесе жетінші класта оқып жүргенде, Ғалымның қолына 6 сом ақша түсті. Сол кезде айтары жоқ, көп ақша. Ғалымның ниетінің тазалығы сондай, бізге сол ақшаны көрсетіп, «бұған не аламыз?» деп ақылдасты. Әрине, бала кезде түрлі тәттіні жегің келеді. Біраз ой айтылды. Содан біреуіміз «колбаса алайық» деп қалдық. Ол заманда шұжық қымбат. Анда-санда жейсің, онда да 2-3 тілімге қанағат қыласың.
Колбаса алуға бір ауыздан келістік. Алты сомды түгел соған жұмсадық. Тіпті, нанға да бір тиын қимадық.
Мектепте еңбек сабағы өтетін ескі ғимарат бар еді. Соның артына барып, оншақты бала аса құштарлықпен, асыға асап жегеніміз есімде. Сонда бір тойғанымыз осы күнге дейін есімнен кетпейді. Дәмі әлі аузымда. Ғалым бізге айтпай-ақ, сол ақшаны өз қалауынша жұмсаса да, кім біліп жатыр. Міне, ол осындай жомарт еді.
Тағы бір ерекше қасиеті – батырлығы. Несін жасырамыз, бізге СПТУ-дың «бұзық» жігіттері жиі соғып, күш көрсетіп, қысым жасайтын. Кейде мектепке келіп, кейбірімізді сабап та кеткен кездері бар. Ешқайсысымыз бата алмадық. Бір күні Ғалым бүкіл топқа бір өзі қарсы шығып, жекпе-жекке шақырып, беттерін қайтарып тастады. Содан кейін олар да жолаған емес. Тәубасына келген.
Достар арасында Ғалымбек қай кезде де жақсылықтың ұйытқысы атанып жүретін. Бәріміздің басымызды қосып, жоқтан бар жасап, ылғи шағын отырыстың соңын мерекеге айналдырып жіберетін. Кімнің жақсылығы, кімнің қиыншылығы болмасын – дер кезінде біліп, бәрімізді соған ұйымдастыратын. Достар арасындағы алтын көпір секілді еді ғой.
Гүлнарды қатты сүйетін де, сыйлайтын да. «Гүлнарым қазақ қыздары арасынан үздік шығып, сонау Москвадағы беделді институтты бітірген» деп мақтаныш ететін. Қызмет бабымен жиі іссапарда жүрді. Бірақ, келген сайын балаларына ойыншықтар әкеліп, олардан алтын уақытын аямайтын. Еркелететін. Расында да, қолынан ылғи Гүлнарға – гүл, балаларына – сыйлықты көресің. Қандай ыстық ықылас!
«Сен неге Ғалымдай болып, гүл сыйламайсың маған» деп менің жұбайымның ренжігені бар бір жолы. Содан кейін мен де түзеліп, гүлді оған жиірек беретін болып кеткенімді несіне жасырайын!
Бір сөзбен айтқанда, Ғалекең – адамгершілігі жоғары, білімі терең, беделді, қадірлі досымыз еді. Ешкімнің көңілін қалдырған емес. Кластас десе, дос десе, ішкен асын жерге қоятын.
Бір минут та бос уақыты жоқ. Ылғи бір нәрсемен айналысып, бір жаққа асығып жүретін. Өмір сүруге сондай құштар еді. Алла өзіне аз уақыт беретінін іштей сезді ме екен?!
Ғалым өмірден озғаннан кейін бар ауыртпалық Гүлнардың мойнына түсті. Бірақ, ол мойыған жоқ. Тағдырдың соққысына қарсы тұрып, бар білімін, күш-жігерін балаларының тәрбиесіне жұмсады. Үлкен компанияда абыройлы еңбек етіп келеді. Соның арқасында балаларын жеткізді. Оқытты. Адам қатарына қосты.
Ғалымның артында қалған екі қызы, бір ұлы бар.
Айман мен Айжан Алматыда жоғары оқу орындарын бітіріп, қызмет жасап жүр. Екеуі де екі әулетке келін болып түсіп, ана бақытын көріп жатыр. Ғалымның күйеу балалары – Бағдат пен Қасымхан да абыройлы қызметтерде.
Асыл достың тұяғы Ғалымбекұлы Асқар – Ұлттық зерттеу технология университетінің (МИСиС) 5-ші курс студенті. Форбстың биылғы рейтингісі бойынша бұл – Ресейдің ең мықты техникалық оқу орны. «Ұлым келешекте Москвада оқыса екен» деген Ғалымның арманы осылайша орындалған сынды.
Ғалекеңнің өмірден озғанына биыл 19 жыл! Қанша жыл өтсе де ол бізбен бірге, жарқын бейнесі жадымызда. Оны ешуақытта ұмытпаймыз.
Артында өшпес ізі, жақсы істері қалды. Тәрбиелі балалары, ошағының отын сөндірмей отырған Гүлнардай сүйген жары бар. «Орнында бар оңалар» деген осы.
Жалпы, Ғалымның азаматтығы, оның Гүлнарға деген махаббаты, балаларға қамқорлығы, шаңыраққа көзқарасы, достары мен көршілеріне деген сыйластығы – мұның барлығы мықты қазақ отбасының жасампаз тарихы деуге болады.
Жастарымыз Ғалым сияқты іргесі берік үлгілі отбасын құратын болса, онда Қазақстанымыз да күшті, дамыған елге айналары сөзсіз.
Досымыз Ғалымның жатқан жері жайлы болсын! Бәрімізге амандық пен саулық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін! Ақжарма тілек – осы!
P.S. Досым туралы осының барлығын не себепті жазып отырмын?
Алдымен ойлағаным: Ғалымның қандай керемет азамат, адал дос болғанын балалары білсін, аталарының бар жақсы қасиетін немерелері бойларына сіңірсін, ал құдалары мақтаныш етіп жүрсін деп едім!
Сосынғы ой: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демей ме атам қазақ! Бір жағы – жүрегіме өте жақын досқа деген сағыныш та бар ма кеудемде! Әйтеуір, осы шағын жазбаны шын ниетіммен төгіле жазып шықтым.
Ізгі ниетпен
кластасы, досы,
Жақып Асанов,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы.
Нұр-Сұлтан қаласы