Түлектерден тарту
Газетіміздің өткен нөмірінде «Алып сағат орнатылды» деген тақырыпта сүйінші жаңалықты оқырман қауымға жеткізген болатынбыз. Аталған ақпараттық мақалада кент келбетіне көрік қосқан алтын түстес алып сағатты туған жердің елжанды түлектері тарту еткенін жазғанбыз. Енді міне, газетіміздің электронды поштасына №36 мектептің 1980 жылғы түлектерінің атынан хат келіпті. Бүгін сол хатты аудандық басылым бетіне жариялауды жөн көрдік.
Біз 1980 жылы Тереңөзектегі №36 мектепті бітірдік. Уақыт неткен жүйрік десеңізші, алтын ұя мектебіміздің табалдырығын кеше ғана аттаған сияқты едік, биыл міне, қырық жылдың қалай зулап өткенін байқамай да қалыппыз. Содан бері ағын судай жылжыған жылдар ішінде есейіп, әр салада еңбек етіп, ұл-қыз тәрбиелеп, немере өсіріп, еліміздің көркеюіне өз үлесімізді қосудамыз. Бірақ қанша уақыт өтсе де біз үш нәрсені ешқашан ұмытқан емеспіз.
Біріншіден, санамызға білікті білім мен тәлімді тәрбиені еккен, адам жанының бағбаны бола білген, еркелік пен тентектігімізді көтере білген ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. Олардың көбісі бүгінде өмірден озды. Бірақ сол бір асыл жандардың жарқын бейнесі біздің мәңгі есімізде. Рухтарына тағзым етеміз, бас иеміз. Бізге тапсырған аманаттарын орындап, өмірге кірпіш болып қаланғанымыз – сол кісілердің зор сенімін ақтағанымыз деп есептейміз.
Екіншіден, тай-құлындай тебісіп, балалық балдәуреннің бар қызығын бірге көріп, бірге өскен кластастарымызды ұмыту мүмкін бе?! Достығымыз әлі күнге дейін жалғасып келеді. Тұрақты байланыстамыз. Бірақ тағдырдың ісіне шара бар ма, бірнеше кластасымыз бақилық болды. Олармен өткерген уақыт біздің жастық шағымыздың ажырамас бөлігі. Жылдар өтер, уақыт ілгері кетер, бірақ олар сол баяғы жас күйінде біздің жадымызда қала бермек.
Үшіншіден, жүрегіміздің төрінен орын тепкен – киелі Тереңөзегіміз. Мектеп бітірген соң тарыдай болып жан-жаққа шашырап кеттік. Өмір заңы сол. Бүгінде кластастарымыз жер шарының түкпір-түкпірінде тұрып жатыр – Калининградта, Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Татарстанда, Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Таразда, Түркістанда, Байқоңырда, Қызылордада, осы Тереңөзекте.
Қай тарапта жүрсек те балалық шағымыз өткен ауылды аңсаймыз. Бәріміз Тереңөзектің жұпар ауасын жұтып, тұщы суын ішіп, қасиетті қара топырағына аунадық. Жазда Майжарма мен Қалғандарияға суға шомылудан шаршамайтын едік. Қара терге түсіп, айтмаш, асық ойнайтынбыз, ләңгі тебетінбіз. Кешке кинотеатрға үнді киносын көруге асығатынбыз. Күзде тоғайға барып, мәуе терсек, қыс түссе, қатып қалған смоланың үстінде ыңғайлы таяқты қолға алып, хоккей ойнайтынбыз. Ол кезде қазіргідей баршылық заман емес, коньки тапшы болатын. Конькидің темір табанын пимаға байлап, оны кендір жіппен ағашқа бұра тартып тастайтынбыз. Әйтеуір, тапқырлығымызда шек жоқ еді. Сөйтіп ер жеттік, есейдік, азамат болдық. Үлкен өмірге жолдама алдық. Өмірде қандай да бір жетістікке жетсек, онда туған өлкеміздің үлесі зор. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асановтың өлең жолдарымен айтсақ:
Кіндігім кесілген жер – ардағымсың,
Тереңөзегім – сен менің ар-намысым.
Мақтанам сенде туып-өскеніме,
Сен барда жаман болмас алдағы ісім...
Осынау құт қонып, бақ дарыған киелі мекен – қасиетті Тереңөзегімізге өзара ақылдаса келе, №36 мектептің 1980 жылғы түлектерінің атынантарту жасайық деп шештік. Оның идеясы неде? Енді осыған тоқталайық.
Сыр өңірі – қазақстандық ақ күріштің Отаны. Өңір үшін одан маңызды дақыл жоқ. Оны өсіру жағынан Сырдария ауданы жылма-жыл үздік табыстарға қол жеткізіп келеді. Сондықтан ескерткіш-стелла арқылы Сыр маржанын бейнеледік. Бұл игілігін бүкіл ел көріп отырған күрішіміз алдағы уақытта да жайқала өсіп, халықтың ырысына айнала берсін деген тілектен туындады. Күріш сабағының ұшындағы алып сағат уақыттың қаншалықты құнды екенін, оны бағалау керектігін еске салып тұрғандай. Ал оның күн сайын сағат 07.00 – 20.00 аралығында соғатын дабылы тереңөзектiктердi оятып, белсендi болуға, еңбектенуге ынталандырады. Жетiстiкке жету – адамның өз қолында. Әрбір жас жеткіншек кемінде бiр саланы таңдап, соның маманы, шеберi, нағыз майталманы атануы қажет. Сонда халқымыз да, мемлекетіміз де табысты болмақ. Атап өту керек, біз тарту еткен сағаттың тілі спутник арқылы реттеледі, яғни артта қалып қоймайды. Сол секілді тереңөзектіктер де заман ағымынан қалмауы тиіс.
Осы сыйымыз арқылы, бір жағынан перзенттік парызымызды орындайық, екінші жағынан түлектерден жақсы естелік болсын әрі кенттің көркін аша түссін деп ойладық. Бұл шараның Ораза айына тұспа-тұс келгені қандай тамаша! Ерекше бір атап өтетініміз, сағатты орнатуға ешқандай демеуші тартқан жоқпыз. Ешкімнен ақша сұраған да, алған да емеспіз. Тек өзіміз бірлікпен атқардық.
Айтпақшы, қаржы жинау барысында болған бір жағдайға тоқталғанымыз жөн. Баласына ескі көлігінің орнына жаңасын алып бермекші болып жүрген бір кластасымыздың баласы «Бiр адам қуанғанша, Тереңөзектегi он мың халық қуансын» деген екен. Тереңөзек дегенде тек біздің ғана емес, балаларымыздың да ықыласы ыстық, пейілі кең! Осы ретте ақын, ардагер журналист, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтаповтың ауданның Әнұранына айналған өлеңі ойға оралады.
Тереңөзек – терең жатқан жер төсі,
Тереңөзек – Сырдың сұлу еркесі.
Тереңөзек – ән мен жырдың Отаны,
Тереңөзек – таланттардың өлкесі.
Амандық болса, карантин кедергiсi алынған соң ауылға келiп, ресми түрде ашып бермек ойымыз бар. Сол күнге жеткізсін бәрімізді. Барша аудан тұрғындарының шаңырағына шаттық, бақ-береке тілейміз! Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын!
P.S. Ескерткіштің өзінен бөлек оның маңын абаттандыру, көгалдандыру, гүл егу жұмыстарын жасап жатырмыз. Кент тұрғындарының игілігіне жасалған көркем дүниені әрі қарай күтіп ұстау үшін қазір аудан әкімдігімен келіссөз жүргізудеміз.
Құрметпен, №36 мектепті
1980 жылы бітірген түлектер