Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті баспасөз маманы

Білікті баспасөз маманы

«Ұжымда жүз адам болса, жүз бір пікір болады» дейді екен саясаткерлер. Сол секілді біздің ұжым сырт көзге кішкентай көрінгенімен, аудандық газет редакциясын екінші үйіміз деп санайтын барлығы 35 қызметкер бар. Олардың мінезі, көзқарасы, ойы бір арнаға толық тоғысады деп айту қиын. Бірақ, бір мақсат, бір мүдде жолында барынша еңбек етіп келеді. Бірлігі жарасқан берекелі ұжымда баспасөз маманы болып қызмет атқаратын Роза Тұрғанбекова өз ісіне жауапты, адал әрі білікті маман.
Бүгін «Ұжым мақтанышы» айдары бойынша Роза Бекзатқызының жұмысқа деген адал көзқарасы, үлгілі ісі, игі қасиеттері жөнінде жазуды жөн көрдім. Ол кісінің өмірбаянынан-ақ өмірі адал еңбекпен өрілгенін анық аңғаруға болады.
Қазіргі таңіда жастар орта мектепті бітіреді, сосын төрт немесе бес жыл оқу оқиды, содан кейін барып жұмысқа кіріссе, Роза Бекзатқызының еңбек жолы 1980 жылы мектеп бітірісімен басталған. Сол жылы аудандық статистика бөліміне жұмысқа қабылданған маман тапсырылған жұмысқа тиянақты қарауының негізінде бұл мекемеде 3 жыл еңбек еткеннен кейін, 1983-1996 жылдары аралығында аудандық тұтынушылар кооперативінде жұмыс істеген. Сатушы ретінде аудандық тұтынушылар кооперативінің жұмысын сауда дүкендерінде үйлестірген маман 1996-1998 жылдары «Қайнар» кәсіпорынында жұмысын жалғастырған. Байқағандарыңыздай, еңбек жолының басым бөлігі сатушылық қызметпен тікелей байланысты. Бұл жұмысты Роза Тұрғанбекова анасы Бибігүлдің жолын қуып, жалғастыруының негізінде атқарған. Бірақ, өзінің де икемі, ебі болғаны анық. Сондықтан 1998 жылы бастап, жеке дүкен ашқан. Отбасылық бизнесті өрге сүйреп, халыққа сапалы тауар ұсынғанын жұртшылық жақсы біледі.
Роза Бекзатқызы аудандық газет редакциясына 2012 жылы кассир ретінде қабылданған. Кейін хатшы-референт ретінде жұмыс істеген. 2014 жылдан бстап баспасөз маманы қызметін атқарып келеді. Баспасөз маманы жылына екі рет баспасөзге жазылу жұмыстарын ұйымдастыру, оқырмандарға газеттің уақытылы баруын қамтамасыз ету, таратушылардың жұмысын үйлестіру секілді міндеттерді атқарады. Былтырғы жылдың соңғы екі айы баспасөз маманы Роза Тұрғанбекова үшін сәл қиынға соқты. Талап күшейіп, жұмыс форматы өзгергенін өзі де мойындайды. Бірақ, жылды жемісті қорытындылады. Өткен баспасөзге жазылу науқанымен салыстырғанда басылым таралымы артты. (2019 ж І-ІІ-тоқсан – 3094 дана, 2020 ж ІІІ-ІV-тоқсан – 3661дана). Бұл баспасөз маманының тынбай атқарған жұмысының жемісі.
Жас болған соң қарап отырмай, өткен-кеткенді салыстырып, ізденемін ғой. Сонда аңғарғаным, 81 жылдық тарихында аудандық газеттің таралымы Абызбай Маханбетов бас редактор болған кезеңде 4100 дана болған екен. Бұл ең жоғарғы көрсеткіш. Сондықтан осы көрсеткішке жету үшін былтыр «Бір ай – бір оқырман» жобасын жүзеге асыруды бастадық. Яғни, әр қызметкер айына бір оқырман тауып, газетке жаздыруы керек. Абырой – ортақ. Кейін демеушілердің әлеуетін пайдалануды, сол арқылы еңбек ардагерлерінің мекен жайына аудандық газетті жаздыруды қолға алдық. Шүкір, жұмысымыз бір арнаға түсті. Қазірдің өзінде редакцияның ұйымдастыруымен және демеушілердің қолдауымен барлығы 131 еңбек ардагері 2020 жылдың ІІ-жартыжылдығына аудандық басылымға жазылды. Осындай жұмысты сапалы атқаруға үлес қосқан редакцияның барлық қызметкеріне алғыс айтамын.
Жұмыста білікті маман Роза Тұрғанбекова кіші Отаны – отбасында да сыйлы. Ардақты ана, асыл жар 4 баланы тәрбиелеп өсірген абыройлы жан. Өнерлі немерелері де бар. Өкініштісі, Омар ағамыз ертерек бақилық болып кетті. Бірақ, «Орнында бар оңалар» демекші, ұл-қыздары елге қызмет етіп келеді. Осы ретте Роза апаның келіндік міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтынын ерекше атап өту керек. Өсіп-өнген, өзі келін болып түскен әулеттің барлық жақын-жуығына иіліп сәлем салып, ізет көрсетіп келе жатқанына куәміз. Ұлды ұл, қызды қыз деп сыйлайды. Одан кішірейіп қалған емес. Қайта абыройы өсіп, алғысқа кенеліп жүр. Кейде қайны ағалары «Болсайшы, келіндердің бәрі осындай» деп батасын беріп жатады. Бұл алғаусыз ақ көңілмен берілген баға.
Кішіпейілділікті ту еткен Роза Бекзатқызын өзгелерден ерекшелеп тұратын тағы бір қыры – жайдары мінезі. Ешқашан біреумен ұрысып, біреуді орынсыз кінәлап, ретсіз жазғырып жатпайды. Кінәсі көп кей адамды қолдан келсе, кешіріп жіберуге бейім тұрады. Жақсылық жасауға да жаны құмар. Өзгені қуанту, әлдекімнің жаманын жасырып, жақсысын асыру ол кісі үшін қалыптасқан қағида. Қызығы сол, кейде осы кеңпейілінен, аққа жақ болуынан өзі жапа шегіп жатады. Бірақ, уақыт – төреші. Ол бәрі-бір абыройлы.
Ұжым мақтанышы бүгінде қарбаласқа жұмысқа кірісіп кеткен. 2020 жылдың ІІ-жартыжылдығына баспасөзге жазылу жұмыстары жүріп жатыр. Таратушы мамандармен тығыз қарым-қатынас орнатқан маман «аудандағы әр отбасы аудандық газетті алса» деп ойлайды. Сол үшін тынбай жұмыс жасап, еңбектеніп келеді. Жоспарды асыра орындағысы келеді. Лайым, жұмысы жемісті болсын дейміз! Былтырғы жылдың қорытындысымен аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушевтің атынан Алғыс хат алған ұжым мақтанышы Роза Бекзатқызының алдағы уақытта да абырой биігінен көрінуіне, ұрпақтарының қызығына кенелуіне тілектеспіз!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
30 сәуір 2020 ж. 694 0