Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық сақшысы

Тазалық сақшысы

Өздеріңізге белгілі, "Ұжым мақтанышы" айдары бойынша аудандық газет редакциясында қызмет атқаратын мамандар туралы жазып, ой бөлісіп жүрмін. Бұған дейін бөлім басшысы Бибісара Жанәлі мен қарауыл Асылбек Әкімжанов туралы жазылды. Бүгін тазалық сақшысы атанған Орынкүл Жұманазарова жөнінде жазбақпын.
Орынкүл Бердіқожақызы аудандық газет редакциясында 1993 жылдан бастап еңбек етеді. Ол кісі техникалық қызметкерлер санатына жатады. Біздің таза ауамен тыныстауымыз, қолайлы ортада жұмыс істеуіміз Орынкүл апаға тікелей байланысты.
Сөзіне тұрақты, ісіне жауапты Орынкүл апаның маған ұнайтын қасиеті кез келген істің көзін біледі. Қалай істесе жақсы, пайдалы, дұрыс болатынын әріден болжап, бағамдап тұрады. Сонымен бірге ер адамдардың ептілігі жетпейтін кейбір қиын жұмыстардың да ретіп тауып, қиюын қиыстырып, реттегенде таңғаламыз. Осындай маманның біздің ұжымда еңбек еткеніне қуанамын.
Жақында жұмыс бөлмемнің жиһаздарын ауыстырып, еденін жаңарттық. Сонда әр істі асықпай, таразыға салып, сапалы орындауға дағдыланған жан өз жұмысын жоғары деңгейде атқарды. Ортақ жұмысқа жүрдім-бардым қарамай, тапсырылған істерді тиянақты орындады. Бұл оның адалдығы десем артық айтқандық емес. Кейде Орынкүл Бердіқожақызын анама ұқсатамын. Себебі, менің анам да тазалықты сүйетін, қолынан шүберегі түспейтін жан. Кейде үйге келген қонақтар анам туралы "Шүберегі сүлгіден таза" деп бағалайды...
Анамдай қамқор, ақылшы Орынкүл апа ұжымдағы қыз-келіншектердің үлкені. Мерекелік басқосуларда ерлер қауымының ілтипатына Орынкүл апа сөз сөйлеп, ризашылығын білдіреді. Бірлігі бекем ұжымдағы қыз-келіншектер әркез Орынкүл апаның ақ тілегіне қосылады. Бұл да ол кісінің ұжымдағы абыройын, өзіндік орны, айшықты төрі бар екенін білдіреді.
Жұмыста жауапты маман, отбасында асыл жар, аяулы ана, ардақты әже атанған жанға зор денсаулық тілеймін.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 

01 сәуір 2020 ж. 599 0