Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр бұйымы сұранысқа ие

Әр бұйымы сұранысқа ие

Сәнді, қымбат маталардың, жіптердің тігісін үйлестіріп, әсемдеу асқан шыдымдылық пен шеберлікті қажет етеді. Осындай кәсіпті таңдаған қолөнер шебері Зина Қалжанованы оқырман қауымға таныстырмақ ниеттеміз. Ісмердің әр бұйымы сұранысқа ие екенін атап өткеніміз жөн.
Тереңөзектік Зина Қайбуллақызы – қолы­нан іс келетін шебер жан. Ол аудандағы агротехникалық колледждің оқытушысы. Бірін­ші санатты шебердің жасаған бұйымына, тұмаршасына, басқа да әсем дүниелеріне жұртшылықтың сұранысы жоғары. Бүгінде тігінші адал еңбегінің арқасында халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Қазіргі таңда көрші облыстардан да тапсырыс қабылдап жатқан жайы бар. Себебі қолөнер шеберінің жасаған дүниелері әдемі әрі сапалы. Ал сұранысқа ие тауарды сатып алушылар көп. Жасаған жұмыстарын әлеуметтік желі арқылы ел назарына ұсынғалы бері тапсырыс саны да күрт өскен.
Ісмердің аса ыждағаттылықпен жасаған бұ­йымдары, түрлі ою-өрнектері, бір-біріне ұқ­­са­майтын ерекшелігімен көз тартады. Он сау­сағынан өнер тамған шебердің келістіріп тік­кен дүниелерін жоғары бағалауға болады. Ол әр тапсырысқа аса жауапкершілікпен қарайды. Маталарды пішу, оны қонымды етіп тіге білу ізденісі мол, көз майын тауысатын шығармашылық еңбек деп санайды. Бұл өнер Зина Қайбуллақызына анасының ақ сүтімен дарыпты.
– Тігін тігуге бала күнімнен жақын едім. Тігін тігудің қыр-сырын үйреткен анамның текемет басқанын көріп өстік. Ол уақытта бізге барлығы таңсық әрі қиын секілді көрінетін. Бірақ үйренуге ұмтылатынбыз. Қазір сол үйренгенімді кәдеме жаратып жатып отырамын. Тапсырыс берушілердің қатары да күн санап артуда. Осы ретте анама шексіз алғыс айтамын. Қазақтың ұмытылып бара жатқан дүниелерін қайта жаңғыртсам деймін, – деген тігінші өзі жұмыс істейтін колледжде курс оқығанын атап өтті. Сол кезде Жадыра Әбішбай есімді ізденушімен танысып, қазіргі уақытта бірлесе жұмыс жасап жатқанын айтты.
Сұраныстың артуына байланысты ісмер «Инстаграмм» әлеуметтік желісінен дербес парақша ашқан. «Қолөнер шебері. Ручная изделия» деп аталатын парақшаға бүгінде 7 мыңға жуық адам тіркелген. Мұнда көздің жауын алатын түрлі бұйымдардың суреттері бар. Сондай-ақ сатып алушылардың алғысы жарияланған. Дербес парақшаға кез келген тұрғын пікір жазып, тапсырыс бере алады.
Сапалы әрі әсем жасалған тауарға тұтынушылар алғыс айтады. Сондай сатып алушылардың бірі – Тараз қаласының тұрғыны Қанат Накипов. Ол тереңөзектік ісмерден тұмар сатып алыпты.
– Сатып алған бұйым көңілдегідей сапалы жасалса, тұтынушы үшін одан асқан бақыт жоқ. Тереңөзектік ісмердің бұйымдарын әлеу­меттік желі арқылы көрдім. Кейін хабарласып, тапсырыс бердім. Айтқан уақытымды жасап берді. Ақысы да аса қымбат емес. Ұлттық нақышымызды ұлықтап жүрген Зина Қалжановаға өнері өркендей берсін демекпін. Қазақилықты өскелең ұрпаққа жаңғыртқан ісмердің кәсібіне береке тілеймін, – дейді бізбен әңгімесінде Қанат Накипов.
Әр бұйымы сұранысқа ие тігінші алдағы уақытта кәсібін кеңейтуге ниетті. Ол өзінің өнерін ынталы жастарға үйретуден жалыққан емес. Оның ішінде студенттерге де бағыт-бағдар беріп келеді. Зина Қалжанова қазақтың әр қызы өнерлі, ісмер болғаны дұрыс деп санайды.

Фатима Маратқызы
22 тамыз 2020 ж. 1 874 0