Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария жастары – сыр мақтанышы

Сырдария жастары – сыр мақтанышы

Жақында Қызылорда облысы жастарының «SYRJASTARY.COM» сайты іске қосылды. Мұнда облыс жастары туралы ақпараттар жарияланады және сайттан білімге, өнерге құштар жастар электронды кітаптар, тіл курс­тары секілді пайдалы дүниелерді таба алады. Бүгін аталған сайттағы «Сыр мақтаныштары» айдарына енген сырдариялық жастар жөнінде жарияламақпыз.
«SYRJASTARY.COM» сайты қолдануға ың­ғай­лы әрі көз тартар ерекше дизайнмен әзірленген. Облыстық «Жастар ресурс­тық орталығы» КММ директоры Бауыржан Мастековтің айтуынша, жастардың қызы­ғушылығын анықтау мақ­сатында сайтта сауалнамалар ұйымдастыру те­тігі де қарас­тырылған.
– Карантин уақытында іс-шараларды онлайн форматта өткізу жұмыстары жолға қойылды. Психологиялық қызу желі де іске қосылды. Іске қосылған сайтқа ағылшын тілін үйрету курсы, бала психологиясына қатысты түрлі интенсивті курстар, жастарға қатысты жаңаша бағыттағы семинар-тренингтер жайлы ақпараттық афишалар жүктелуде. Бұдан бөлек, ғимараттағы IT кітапханада жастар үшін бар жағдай қа­рас­тырылған, интернет желісі қолжетімді. «SYRJASTARY.COM» сайты туралы айтар болсақ, мұның облыста баламасы жоқ. Сайт әлі де жетілдіріледі. «Сыр мақтаныштары» айдары жыл сайын толықтырылып, жаңа есімдер енгізілетін болады», – деген Бауыржан Қайырбекұлы «Сыр мақтаныштары» айдарына Сырдария ауданының бес белсенді жасы енгенін айтты.
Аудандық «Жастар ресурстық» орталы­ғының ұсынысымен сайтта өмірбаяны мен суреттері жарияланған сырдариялық жастар өз саласы бойынша аудан жастарының көшбасшысы атанған. Мәселен, Тереңөзек кентіндегі №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің түлегі Бек­сұлтан Бостан­дықов – спорт саласында биік белестерді бағындырып жүрген жалынды жас. Ол тоғыз­құмалақтан ҚР бірнеше дүркін чемпионы, ҚР Кубогінің иегері. Мұнан бөлек халықаралық, республикалық деңгейде көп марапаттарға ие болған. Ал Сырдария ауданының денсаулық сақ­тау саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Гүлжазира Асанова – ау­дандық аурухананың жедел медициналық көмек көрсету кабинетінің аға фельдшері. Жас маман 2013 жылы Қызылорда медицина колледжін «Емдеу ісі» мамандағы бойынша тәмамдап, тұрғындарға сапалы меди­цинаық қызмет көрсету бағытында еңбек етіп келеді. Облыс, аудан әкімдерінің, салалық басқармасы басшысының Алғыс хатын, «Өрлеу» жастар сыйлығын иеленген. Мәдениет саласының белсенді қыз­меткері Толғанай Қашақованың да есімі өнер сүйер қауымға жақсы таныс. Қалжан ахун ауылының тумасы аудан көлемінде ғана емес облыс, қала деңгейінде мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып келеді. Сондай-ақ сахнада түрлі шығармаларды сомдап, актерлік шеберлігін шыңдап келеді. Сайтқа енген сырдариялық жастардың бірі – Айдана Жәкиева. Білім саласының өкілі 2016 жылдан №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-ли­цейінде ағылшын тілі пәні мұғалімі қызметін атқаруда. Мерейлі мұғалім 2018 жылы «Еңбек жолы» облыстық байқауында «Үздік жас маман» атанды. «English for Jastar» әлеуметтік жобасының аудандық үйлестірушісі ретінде атқарған жұмысы үшін «Jas Otan» ЖҚ-ның жә­не «Болашақ» ассоциациясының сертификатын иеленді. Атап өту керек, оқырман қауым жастардың өмірбаянымен «SYRJASTARY.COM» сайтына ену арқылы таныса алады.

Айдана Қалиева
22 тамыз 2020 ж. 439 0