Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Індет міндет жүктейді

Індет міндет жүктейді

«Бірінші байлық — денсаулық» деп ата-бабаның айқындап, нықтап айтып кеткен сөзі болғанымен, қазіргі күні біздің көпшілігіміз денсаулық мәселесіне жүрдім-бардым қарайтын болдық. Тосыннан келген індет тұсында соның зардабын шекпеудің амалын барынша жасаған жөн.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның қашан аяқталатынын болжау мүмкін еместігін жария етті. Яғни бұл індеттің қашан жойылатыны әзірге мүлде беймәлім. Сондықтан одан сақтану жолдарын баршамыз күнделікті өмір салтына айналдыруымыз керек. Індетпен күрестің нәтижелі болуы барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты екені сөзсіз.

Қазіргі таңда елімізде карантин талаптары жеңілдетілуде. Індет жұқтыру көрсеткіші азайып отырғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп отырмыз. Ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды. Қазіргі таңда аудан бойынша 180 науқас нақтыланса, оның 175-і емделіп шыққан. Әзірге Тереңөзек кентінде – 2, Н.Ілиясов, Шаған, Ақжарма елді мекендерінде бір-бір науқас емделіп жатыр. Десе де, індет міндет жүктейтінін ұмытпағанымыз абзал. Бұған дейін де карантин жеңілдетілген шақта бәріміз көшеге шығып кеткенде, қауіпті кеселді ушықтырып алып едік. Енді соны қайталамаудың қамын жасап, сақ болу қажет. Бұл түбегейлі жойылмайынша көңіліміз алаңдаулы болмақ. Сондықтан әрбір адам жауапкершілікті сезініп, індеттің таралмауына атсалысып, сақтық шараларына аса мән беру керек.


Ж.НҰРСҰЛТАНОВА,
аудандық тауарлармен көр­се­тілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы
18 тамыз 2020 ж. 596 0