Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорғаныш құралдарын қолдануды естен шығармағанымыз жөн

Қорғаныш құралдарын қолдануды естен шығармағанымыз жөн

Аудан әкімі Руслан Рүстемов коронавирус індетін алдын алуға байланысты фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялады. 

Құрметті сырдариялықтар!

Індеттің таралуына байланысты биылғы жылдың шілде айының 5 күні енгізілген қатаң карантиндік шектеу шаралары ауданға оң ықпалын тигізді деуге болады. Атап айтқанда, аудан бойынша індет жұқтырушылардың саны 50,7 пайызға төмендеді. Бір күнде індет жұқтыратын адамдардың саны 1-2 аралығында тұрақтады. Стационарлардағы емделушілердің қатары 54,7 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 50,5 пайызға азайып отыр. Қазіргі таңда ауданда сауығып шыққандардың саны 84,9 пайызға дейін өсті. Жедел-жәрдем шақыру жағдайы да 40 пайызға төмендеді.

Статистикалық көрсеткіштер ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келе жатқандығын білдіреді. Дегенмен, оған тоқмейілсімеуіміз қажет. Өйткені әлі де болса күнделікті індетті жұқтырғандар анықталып, провизорлық стационарларда ем алуда. Сол себепті де бір-бірімізге жанашырлық танытып, қорғаныш құралдарын қолдануды естен шығармаған жөн.

Шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында Мемлекет басшысы Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы 2 аптаға ұзартуды тапсырды. Бұл індет түбегейлі жойылғанша сақтық шараларына аса мән беру күн тәртібінен түспейтіндігін білдіреді.

Біз кеселмен күресудің қажетті шараларын кезең-кезеңімен іске асырғанда ғана қалыпты өмірге қадам басамыз. Сондықтан алдағы 2 аптада облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №16 Қаулысын басшылыққа алып, карантиндік шектеу шараларын қатаң сақтау қажет. Ынтымағы мызғымаған ел бұл кезеңнен де өтетініне сенімдімін! Бір-бірімізге жанашыр болайық!
30 шілде 2020 ж. 479 0