Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырқатты сабырмен жеңдім

Сырқатты сабырмен жеңдім

Бүгінде әлем ауыр індетпен арпалысып жатыр. Адамның адамдығы осындай қиын сәтте білінеді. Індетпен күресте дәрігерлеріміз бастарын қатерге тігіп, алғы шепте жүр. Мұндайда ең бастысы үрейге бой алдырмау керек. Тек сенім мен сабыр ғана қандай індетті болмасын жеңіп шығады.

Аудан дәрігерлеріне де оңай болып отырған жоқ. Күндіз-түні сырқаттардың жанында. Соңғы кезде індеттің беті қайтып, сауыққандар саны артуда. Бұл алдымен Алла Тағаланың, содан кейін аудандық аурухана дәрігерлерінің жанкешті еңбегінің арқасы. Аты жаман індетпен күресте насихат шараларының да маңызы жоғары. Сондықтан жергілікті аудандық газетте расталған жағдай мен сауығып шыққандар туралы мәлімет тұрақты беріліп тұр.

Ауру айтып келмейді. Биылғы шіл­де айында сырқатты болып, сауығып шыққанның бірі Сәкен ауылының тұрғыны Айнаш Досмырзаева.

Айнаш апай 1 шілде күні қатты ауырып, аудандық аурухананың про­визорлық бөлімшесіне түседі. Мұнда екі күн түнеп, медициналық тексеруден өтеді. Үшінші шілде күні «Ковид – 19» анықталып, арнайы бөлімшеге жатқызылады.

– Бірінші кезде уайымдадым, қа­лай болады деп. Дәрігерлердің ерекше ықыласынан кейін сырқатты же­ңе­тініме сенімді болдым. Сабыр­лылық сақтадым. Ақ халатты абзал жандардың екі апта бойғы шипалы емінен соң 16 шілде күні ауыр кеселден айықтым, – дейді А.Досмырзаева.

Айнаш апайдың айтуынша, дәрі­герлер, орта буын және кіші буын қызметкерлері тәулік бойы сырқат­қа шалдыққандарға адал қызмет етуде. Дәрігерлер Гүлзат Тыныштықбаева, Дастан Сәдірқожаев, мейірбикелер Гүлзина Ақжайларова, Ләззат Сырмаханова, Ақмарал Әбішева, Гүлзира Айтуар, Гүлзат Рахметова, Айнұр Жүнісова, Алтын Қияс, Шарапат Айтан, Жандос Талапбеков, тазалықшылар Қалипа Қосаева, Сәрсен Ешназарова, Зәуре Сейтмағанбетова, Гүлнәр Қаранеева, Айнұр Әлекеева, Гүлназ Шойбекова күндіз-түні уақытпен санаспай індетпен күреске өз үлестерін қосуда.

Кез келген жанға үрей шақыратын кеселді ауыздықтауға белсенді атсалысып жүрген ақ халаттылар осылайша абыройлы еңбек етуде.

– Сырқатты сабырмен жеңдім. Кеселді болғандардың айығып кетуін тілеймін. Бұл індетті жұқтырмас үшін сақтық шараларын сақтау да ма­ңыз­ды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жөн», – дей­ді А.Досмырзаева.

Иә, бүгінгі таңда кім кімге де сабырлық керек. Бастапқы кездегідей емес, қазір адамдар арасында абыр­жу­шылық азайып, індетке қарсы топтаса түсуде. Кәсіпкерлер, жастар оттегі баллонын, дәрі-дәрмек алуға қаржы бөлуде. Бұл «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегендей аты жаман індетті жоюға көмектеседі.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
25 шілде 2020 ж. 385 0