Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік

Аудандық аурухананың провизорлық бөлімшесінде COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастардың денсаулығы жіті бақылауда. Провизорлық бөлімше ашылғаннан бері медицина қызметкерлері үздіксіз жұмыс процесіне көшті. Медицина қызметкерлерінің жанкешті еңбегінің арқасында дертінен сауыққан адамдар аман-есен отбасына оралуда. Хәкім Абай «...ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес, – деп нанып, ұқсаң болар», дейді жиырма сегізінші қара сөзінде. Сондықтан, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік» дегім келеді. Індеттің қауіптілігін ескермей немқұрайлыққа бой алдыруға болмайды. Қатаң сақтық шарасына көңіл бөліп, өз денсаулығымыздың қорғаны бола білейік. Дәрігерлердің мезгілсіз уақытта індетті ауыздықтауы – жанқиярлық ерлікпен пара-пар. Індетті жеңуге жұмылған дәрігер мен халықтың арасында түсіністік, сенім орын алғанда ғана қиындықты еңсереміз.
Ақмарал ӘБІШОВА,
аудандық аурухананың «Провизор-2» бөлімшесінің аға мейірбикесі