Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамзатқа сөз айтқан

Адамзатқа сөз айтқан

АДАМЗАТҚА СӨЗ АЙТҚАН
Өлең – Айдың сәулесі,
Өлең – Күннің жарығы.
Абай – жырдың әулиесі,
Абай – сөздің алыбы.
Мойындайтын жер үсті,
Ұлы ұлағат бар мұнда.
Халық әркез борышты,
Ұлылардың алдында.
Жыр бұғауға көнбейді,
Жыр түспейді зынданға.
Абай – жұлдыз, сөнбейді,
Қазақ тірі тұрғанда.
Тағзым етсең алыпқа,
Қазынасын табасың.
Қазақ деген халыққа,
Бір жақындап қаласың.
Оқығанға ой тұнып,
Ойсыздықты азайтқан.
Қазаққа айтым дей тұрып,
Адамзатқа сөз айтқан.
Қайталанбас құдірет,
Қара сөздің жарқылы.
Қарайықшы бір рет,
Қазаққа Абай арқылы.
Қайырбек АСАНОВ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»

ҚАМЫМЕН ЖҰРТТЫҢ ЖҮДЕГЕН
Жыр жазғым келді Абайға,
Білмеймін бірақ не деуді?
Алыпты жырлау оңай ма,
Табам ба сәтті теңеуді?
Мақтауым біраз бар, білем,
Хакімге ол бірақ таңсық па?
Артық сөз сынды алдымен,
«Артықсың» деуің артыққа.
Аңғармай сөзін қалған боп,
Ұялып бойы теңселер.
Тауларға «басың заңғар» деп,
Төбелер баға берсе егер.
Көбікті шайқап көп сөзбен,
Көнтекті буған кенедей.
Абаймен өзін дос сезген,
Ақындар бірақ телегей.
Сәттерді күтіп орайлы,
Күңіренді бірі қобыз боп.
Айналды басы Абайды,
Айналып өтер жол іздеп.
Келбетін сыртқы көшіріп,
Келістіреді қалайша ә?
Қасына барып отырып,
Қайғырған болады Абайша.
«Қалың елім» деп қамығып,
Жанында суық сыз қалған.
«Қайран жұртым» деп жабығып,
Жасаурап көзі жыр жазған.
Абайдың жайы тым басқа,
Қамымен жұрттың жүдеген.
"Мұңдаспын" дедік біз «қасқа»,
Арнасақ оған бір өлең.
Уайым, қайғым ел емес,
Қуғаным – атақ, масқара!
Алайда арсыз мен емес,
Айтылған сөз ол басқаға.
Деймін-ау «мен де ойлымын»,
Кеудені керіп есіктей.
Міңгірлеп оқып кей жырын,
Кей сөзін тұрам есітпей.
Ақиқат ащы сен, мен де,
Жұтуға батпай тосырқап.
Тастақты жерге келгенде,
Тағасыз аттай тасырқап.
Тыңдап көр қане жүректі,
Досқа адал, жауға әділ ме?
Айтқызар адал тілекті,
Иманы бойда кәміл ме?
Хақ жолын айтса толғанған,
Азабын, сорын ірікпей.
Жылыстап кеттік ол маңнан,
Жалтақтай қашқан ұры иттей.
Жайымыз біздің осы да,
Абайға қосам мен немді?
Жетемін әрең қосыма,
Қоңыздай сүйреп кеудемді.
Адамдық – алтын таразы,
Салмағың баспас тазармай.
Отырмын болып жазалы,
Абайға арнау жаза алмай.
Айтқаны тілдің ұнамай,
Сөйлеп тұр үнсіз жұмыр ет:
"Алысып өткен ұлы Абай,
Сен де сол мыңның бірі" деп...

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

АБАЙҒА ОРАЛУ...

Орындалады түбінде көптің тілегі,
Жарық басады ыдырап көктің түнегі.
Қандай қуаныш ақынның күнін тойлаймыз
Әр күнім менің онсызда Абай күні еді.

Әзірге оған тіреліп тұр ғой бар өлшем,
Барасың оған бір шешім таппай сан өлсең.
Пәтуасын айтар жалған фәни мен бақидың
Оны ұғып қана көгере аласың, көгерсең.

Азып кетпесек, алға басқан жоқ сана әлі,
«Толық адам» да болған да жоқпыз саналы.
Сансырап, шаршап іздеумен жүрген бұ қазақ
Өзінде жоғын өзіңнен іздеп табады.

Ұрпақтың әлі өзгере қоймай құлқы да
Өзің айтқандай қан мен май толған ұртына.
Таза масқара болар ма ек мына әлемге
Өзіңді сый ғып тартпаса Алла ұлтыма.

Бүгінгі міндет ұлт болып қалу жоғалмай,
Дегдар халыққа олай болуы обалды-ай.
Ел болып кету біздерге әлі қиын-ау
Данышпаным-ай, түбінде саған оралмай.

Елубай Әуезов,
ақын


10 тамыз 2020 ж. 483 0