Қазақстан Республикасы соттарының құқықтық көмек көрсетуі және Шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек сұрап жүгіну
Нұсқаулық 3 тараудан, яғни, жалпы ережелер, Қазақстан Республикасы соттарының құқықтық көмек көрсетуі және шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек сұрап жүгіну деп аталатын тараулардан тұрады.
Аталған нұсқаулық – Қазақстан Республикасы соттарының халықаралық-құқықтық ынтымақтастық саласында шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек көрсету және құқықтық көмекпен жүгіну тәртібін нақтылайды.
Нұсқаулықта мынадай ұғымдар қамтылған:
Құзыретті орган – азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша, сондай-ақ халықаралық шартқа не тиісті мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік мекеме не Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің соты.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарты – Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен не халықаралық ұйыммен жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнің бір құжатта немесе өзара байланысты бірнеше құжаттарда болуына қарамастан, сондай-ақ оның нақты атауына қарамастан халықаралық құқықпен реттелетін халықаралық келісім.
Құқықтық көмек – бір мемлекет сотының басқа мемлекеттің құзыретті органдарынан келіп түскен тапсырма немесе өтінішхат бойынша істі сотта қарау немесе сот актісін орындауды тану және шешу үшін қажетті процестік әрекеттерді жүргізуі.
Тапсырма – басқа мемлекеттің аумағында құжаттарды тапсыру және жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы сот құжаты.
Өтінішхат – жеке немесе заңды тұлғаның не соттың басқа мемлекеттің аумағында сот актісін тану және оның орындалуын шешу туралы өтінішпен жүгінуі болып табылады.
Соттар нақты мән-жайларды, сот төрелігі мен жалпы қоғамның мүдделерін негізге ала отырып, заңнамаға және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес құқықтық көмек көрсетеді.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында қамтылатын қағидалардан өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттардың қағидалары қолданылады.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болмаған кезде, құқықтық көмек шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы сотының сұрау салуы бойынша өзара түсіністік қағидаты негізінде көрсетілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының Соттары соттармен және шет мемлекеттердің басқа мекемелерімен азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша халықаралық шартқа не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орталық және аумақтық органдар арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
Қазақстан Республикасы соттарының шет мемлекеттердің соттарымен және басқа мекемелерімен тікелей өзара іс-қимылына Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.
Шет мемлекеттердің соттары мен басқа мекемелерінің тапсырмаларын Қазақстан Республикасының Соттары оларды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) (бұдан әрі – Департамент) немесе оның облыстардағы, астанадағы және республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық органдары (бұдан әрі - Соттар әкімшілері) арқылы алған кезде, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта құжаттарды жіберудің өзге тәртібі көзделмесе орындайды.
Қарым-қатынас тәртібін бұза отырып, соттарға келіп түскен шет мемлекеттер соттарының немесе басқа мекемелерінің тапсырмалары орындалуға жатпайды және халықаралық шартқа не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орталық немесе аумақтық орган арқылы бастамашыға қайтарылады.
Нұсқаулықта айқындалғандай «1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Конвенцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы № 1453 қаулысының 2-тармағын орындау үшін Қазақстан Республикасы соттарының, шет мемлекеттер соттарының тапсырмалары, азаматтық және отбасылық істер бойынша соттардың шешімдерін тану және орындау туралы өтінішхаттар бойынша аталған конвенциялардың ережелерін орындауға Соттар әкімшілері уәкілетті.
Нұсқаулыққа сәйкес, Соттар әкімшілерінің тапсырмаларды немесе өтінішхаттарды қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот актілерін орындауға байланысты жасалған құжаттарды қарау мерзімі 10 жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек сұрап жүгіну тапсырмаға іс жүргізуінде жатқан судья не сот төрағасы қол қоюға және оны соттың елтаңбалы мөрімен куәландырылуға тиіс.
Тапсырманың нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалады, оның негізінде тапсырма жасалады.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болмаған жағдайда, соттар тапсырманы дайындау кезінде ҚПК-нің 560, 565-баптарын, ӘҚБтК-нің 881-бабының үшінші бөлігін және осы Нұсқаулықты басшылыққа алады.
Тапсырмада шет мемлекеттің сұрау салынатын мекемесінің атауы, тапсырма берген соттың атауы, талап қоюшы мен жауапкер көрсетілген құқықтық көмек сұралатын істің атауы мен нөмірі, жеке тұлға туралы деректер (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туған күні мен жері, тұратын жері, азаматтығы; заңды тұлға туралы: атауы, заңды мекенжайы немесе орналасқан жері, банктік реквизиттері мен фискалды кодтары), жоғарыда көрсетілген тұлғалардың өкілдері болған жағдайда, олардың тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) және мекенжайы, тапсырманың мазмұны, сондай-ақ оны орындау үшін қажетті басқа да мәліметтер.
Құжатты беру туралы тапсырмада алушының нақты мекенжайы мен табысталатын құжаттың атауы көрсетілуі керек.
Құжаттарды тапсыру туралы тапсырмаға тиісті түрде ресімделген, судьяның қолымен және соттың елтаңбалы мөрімен куәландырылған сот талқылауының күні мен орны туралы хабарламасы, талап арыз көшірмесі, басқа да құжаттар (азаматтық хал актілерінің көшірмелері, мекенжай анықтамалары және т.б.) қоса беріледі.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, тапсырма мен оған қоса берілген құжаттар (талап арыз көшірмесі, сот хабарламалары, Қазақстан Республикасы соттарының сот актілері және т.б.) сұрау салынатын мемлекеттің ресми тіліне куәландырылған аудармасын қоса бере отырып, мемлекеттік және/немесе орыс тілдерінде жасалады.
Шет мемлекеттердің соттары мен басқа мекемелеріне тапсырмалар Қазақстан Республикасының құзыретті органына іс қаралатын күнге дейін кемінде 6 ай бұрын жіберілуге тиіс.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттің соттарына немесе басқа мекемесіне жолданатын тапсырма Департаментке жіберіледі.
Департамент тапсырманың Қазақстан Республикасы заңнамасының, халықаралық шартының және осы Нұсқаулықтың талаптарына сәйкес ресімделуін тексеру қорытындылары бойынша оны Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің құзыретті органына жібереді не анықталған бұзушылықтарды немесе кемшіліктерді жою үшін құжаттарды қайтарады.
Өтінішхатты сот актісі пайдасына шығарылған тарап аумағында сот актісі орындалуы тиіс шет мемлекеттің құзыретті сотына береді. Ол сондай-ақ бірінші сатыда сот актісін шығарған сотқа берілуі мүмкін. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, бұл сот өтінішхатты Департаментке жібереді.
Департамент өтінішхатты Қазақстан Республикасы заңнамасының, халықаралық шартының және осы Нұсқаулықтың талаптарына сәйкес ресімделуін тексеру қорытындылары бойынша оны Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің құзыретті органына жібереді не анықталған бұзушылықтарды немесе кемшіліктерді жою үшін құжаттарды қайтарады.
Қазақстан Республикасы соттарының сот актілері сұрау салушы Тараптың заңнамасында көзделген орындаудың мерзімі өткенге дейін шет мемлекеттің аумағында орындауды тануға және шешуге ұсынылады. Дәлелді себеппен өтіп кеткен мерзім сұрау салынатын тараптың заңнамасында көзделген тәртіппен қалпына келтірілуге тиіс.
Өтінішхаттың нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалады, оның негізінде өтінішхат жасалады.
Өндіріп алушының өтінішхатына бірінші сатыдағы сот актісін не оның куәландырылған көшірмесін, сондай-ақ сот актісі заңды күшіне енгені және орындалуға жататыны туралы немесе егер бұл сот актісінің өзінен туындамаса, ол заңды күшіне енгенге дейін орындалуға жататыны туралы ресми құжатты, процеске қатыспаған, қарсы сот актісі шығарылған тарап тиісті тәртіппен болғаны және сотқа уақтылы шақырылғаны, ал ол процестік әрекетке қабілетсіз болған жағдайда тиісті түрде ұсынылғаны туралы құжатты, сот актісін жіберген сәтте оның ішінара орындалуын растайтын құжат, тараптардың шарттық соттылық істері бойынша келісімін растайтын құжатты, Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген өзге де құжаттарды қоса береді.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, өтінішхат және оған қоса берілген құжаттар сұрау салынатын мемлекеттің ресми тіліне куәландырылған аудармасын қоса бере отырып, мемлекеттік және/немесе орыс тілдерінде жасалады.
Сот бұйрықтарын шығару кезінде тараптар Қазақстан Республикасының аумағында тұрған жағдайларды қоспағанда, шет мемлекеттердің аумағында сот бұйрықтарын орындауды тану және шешу көрсетілетін құқықтық көмек көлеміне кірмейді.
АПК-нің 138-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес, егер борышкердің тұрғылықты жері немесе орналасқан жері Қазақстан Республикасынан тыс жерде болса, судья арыз берушіге талап қою ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну қажеттігін түсіндіре отырып, сот бұйрығын шығару туралы арызды қайтарады.
Егер өндіріп алуға төленбеген мемлекеттік баж жататын болса, істі мәні бойынша қараған сот осы Нұсқаулықта көзделген тәртіппен мемлекеттік бажды өндіріп алу бөлігінде сот актісін шет мемлекеттің аумағында тану және орындауға рұқсат беру туралы өтінішхатпен жүгінеді.
Асан Меңдігүл Есенбайқызы
Сырдария аудандық соты
әкімшісінің бас маманы
әкімшісінің бас маманы










