Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Даналық дәрістері

Даналық дәрістері

Абай – өз заманының реформаторы, сондықтан қандай iсте де болсын әдiлет пен шындыққа жүгiндi. Ол – өз қоғамының тәлiмгерi. Ұшқыр ойлы жас қауымның рухани жетiлуiне, ел-жұртының өнер-бiлiмге, кәсiпшiлiкке, мәдениетке ұмтылуына, гүлденуiне ересен еңбек сiңiрген «сөзi мен iсi бөлiнбес» қажырлы қайраткер.

Ел басқару, билiк-кесiм айту, «мал бағу», «ғылым бағу», «дiн бағу», «балаларды бағу» iсiнде даналық, хакiмдiк, ақындық, азаматтық, санат­керлiк қабiлет-қарымын танытып, нешеме алуан жаңашылдық қырларын жарқыратып көрсеттi. Абайдың әңгiмешiлдiк өнерi, ойшылдық өне­гесi, даналық дәрiстерi, елiнiң елгезек, естi, парасат­ты, балғын, балауса жастарына дұрыс бағыт сiлтеп, ән-күйге, жыршылыққа, дастаншылыққа, Еуропа мә­­де­ниетiне тәрбиелеуi – ұлт тарихындағы, әлеумет жұ­­мы­­сындағы, ұстаздық жолындағы іргелі iстер едi.

Абайдың әрбiр асыл шығармасы – қалың елдiң назарында едi. Ән болып шырқалды, жатқа толғанып айтылды. Мұхтар Әуезов ынталы жандар жандар үшiн «Абайдың ауылы үлкен бiлгiштiң медресесi сияқты болады» деп жазды. Анығын айтқанда, Абай өз қаражатымен Жидебайда медресе ұйымдастырған. Бұл – 1880 жылдың шамасы. Медреседе жаратылыстану, гуманитарлық пәндер оқытылғаны мәлiм.
«
Ескi үлгiде қалма! Өзгерген заманның жаңа тұрпатты қайраткерi болуға әзiрлен!» деп, ақыл айтады екен Абай.
Абайдың философиялық өлеңдерi, афоризмдерi, әндерi қалың қазақтың қасиеттi мүлкiндей ардақталған. Атақты жәрмеңкелерде, астарда, ойын-сауықтарда, түрлiше мәслихаттарда айтыл­ған. Сонымен бiрге XIX ғасырдың сал-серiлерi, халық композиторлары Бiржан сал, Жаяу Мұса, Естай, Ғазиз, Шашубай, Құлтума, Әсет, сондай-ақ әйел затынан шыққан Асқар, Зейнеп, Сара, Қуандық секiлдi әншi-ақындар және Абайдың өз шәкiрттерi Мұқа, Әлмағамбеттер нақышына келтiрiп әуелеткен.

Және де Мүрсейiт, Самарбай, Дайырбай, Ыбырай, Хасен, Ғабитхан, Кiшкене молда (Мұхам­мет­кәрiм), Махмудтар көшiрген Абай шығар­маларының қолжазбалары Ұлы даланың аймақтарына кең тараған.

Ұлы дала тарихындағы Абайдың даналық мек­­тебiндегi әңгiмелердiң тарихи, танымдық, әлеу­­меттiк, адамшылық мәнi жөнiнде Кәкiтай Ысқақ­­ұлы 1909 жылы былай деп жазған: «Абай …әншейiн отырғанда, көбiнесе, өзiнiң қызықты көрiп, көңiлi рахат болатұғын сөзiн ұғар деген бала-шағасы, уа ғайри жөнге талап байыпты жас жiгiттер орта­сында өзге ел сөзi, шаруа сөзi cөйленбей, өзiнiң бiлге­нiн, сезгенiн айтып, адамның адамшылығы қан­дай мiнезбен түзеледi, қандай құлықпен бұзыла­ды, ғалымды қалай iздеуге керек, өмiрді қалай кешiр­се жөн болады, бұрын қандай ғалымдар өткен, олардың артықша айтқан сөздерi қандай – әй­теуiр не түрлi  насихатпен болсын жастарға ғибрат болып, адамшылығы түзелер деген сөздi айтып отыру­дан қанша уақыт болса да жалықпай, ынталы көңiлмен бек рахаттанып айтып, ұқтырып отырушы едi».

XIX ғасырда қыз жасауына арналған мүлiктер­мен (ақ отау, төсек-орын, киiм-кешек, сәукеле, ыдыс-аяқ, қару-жарақ, құрал-жабдық) бiрге Абай­дың қолжазбалары да берілген екен. М.Әуезов­тің дерегi бойынша, Пәкизат, Уәсила, Әсия, Рахила, Ғалия, Ғабида, Қаныш дейтiн қыздар ұзатыл­ғанда Абайдың қолжазбаларын жасаудың бiр бөлшегi ретiнде өздерiмен бiрге ала кеткен, көздiң қарашығындай сақтап, қызғыштай қорыған, дұғадай оқыған. Мұндай өнегелi дәстүр грузиндерде де болған. Шота Руставелидiң «
Жолбарыс терiсiн жамылған батыр» дастаны ұзатылатын аруға жасау ретiнде берiлген. Ақындықты да, ұстаздықты да, әңгiмешiлдiкті де, шеберлiктi де әлеуметтiк қызметтiң құралы есебiнде қолданған.

Абайдың тыңдармандарына қояр шарты мынау:
Көкiрегiнде оты бар,
Құлағын ойлы ер салсын!
Қабыл көрсе сөзiмдi,
Кiм таныса, сол алсын!
(«Өзгеге, көңiлім, тоярсың»).

Өсиеттей қасиеттi дәрic-әңгiмелерiн тыңдау­­шылардың қабылдауы, ұғуы, ой түюi, қорытын­ды шығаруы, мән-мазмұнына тереңдеуi, шығар­машылық, зиялылық деңгейi де сараланған. Бұған:
Буынсыз тiлiң,
Буулы сөзің,
Әсерлi адам ұғылына, – дегені дәлел.

Адамзат руханияты тарихында шешендiкпен, бiлгiрлiкпен әңгiме-лекция өткiзу үрдiсiн бастаған Пифагор (б.з.д. 576-496 жылдар) екен. Оның екi мың шәкiртi болған. Сонан соң Аристотель (б.з.д. 384-322 жылдар) академиялық сәулеттi бақ iшiнде таңертең (бұл кезде ғылымның күрделi тараулары бойынша) және кешке оқыған. Аристотельдiң өзi Платонның (б.з.д. 428-347 жылдар) лекциясын б.з.д. 367-347 жылдар арасында тыңдаған.

Сахара жұртында Абайдың даңқты жырлары мен ән-күйлерiнен халық қанаттанған, ойын, сезiмiн, қиялын байытқан.

Абайдың кесек, көркем iстерiне, ересен ойшыл­дық еңбегiне, шешендiк, әңгiмешiлдiк, ақындық өнерiне, бастамашылдық-көсемдiк бiтiмiне құмар­тып қызыққан сырт елдiң бiр жақсысы: «Жастар, сендерге бақ берген. Ол бақ-күнде ортаңда, қолыңда, бәрiңе неше алуан ұстаздық, үлгi, өнеге үйретiп отырған – Абай! Жылында Абайды бiр-ақ рет көретiн бiздi айтсаңшы!» (М. Әуезов дерегi).  

Серік НЕГИМОВ,
Филология ғылымдарының докторы, профессор,

07 тамыз 2020 ж. 321 0