Каратэ ханшайымы

Дене бітімін дамытатын әрі рухты нығайтатын, бастысы мінезді шыңдайтын спорттың бұл түріне қызығушылығы басым болған Салтанат бұл спортқа алаңсыз ден қояды. Аптасына бірнеше мәрте сағаттап спорт залына асығатын жас спортшы кәсіби спортшы болуды мақсат етеді. Жарақат алу мүмкіндігі мол спорттың бұл түрі жапонның қарусыз қолмен қорғану деген мағына береді. Сондықтан шапшаңдық ең басты ұстаным болуы тиіс. Бұл дағдыға әбден қалыптасқан жас спортшы о бастан жаттықтырушысы айтқан нұсқаулықты дәлме-дәл орындап, барынша қол мен аяғы арқылы қарсыласының неғұрлым осал тұсына соққы беріп, талай жекпе-жекте жеңіске жетеді.
– Бала кезімнен каратэмен айналыстым. Жаттығудан себепсіз қалмаймын. Спорттың бұл түрі жаныма ерекше жақын болды. Жекпе-жек кезінде өзімді нағыз жеңімпаз сезінетінмін. Әрине, жарақат алу қаупі жоғары болса да қаймықпастан қарсы тұрамын. Болашақта өзімді мықты спортшы боламын деген мақсат қойдым. Мамандық таңдауда да еш қателеспедім. Қазір спорттың арқасында талай жетістікке жетіп, өзім де балаларды каратэмен айналысуға үйретіп, еліміздің атын шығаратын мықты спортшылар дайындап жатқанымды мақтан етемін, – дейді жігерлі жас Салтанат Мырзабекова.
Республикалық чемпионаттардың талай мәрте жеңімпазы, ҚР спорт шебері атағын алған спортшы Сыр елінің бас шаһары Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетінен дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқып, жоғарғы білім алады. Алғашқы еңбек жолын осы саладан бастайды. Қызылорда қаласындағы жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде референт, №2 ОРМБЖМ-де әдіскер ретінде Сыр спортын дамытуға үлес қосса, қазір ауданның алдыңғы қатарлы жаттықтырушысы. Өмірлік ұстанымын спортпен байланыстырған каратэші алға қойған мақсатына жету үшін аянбай тер төгіп, өзі де, оқушылары да көп уақытын спорт алаңында өткізеді.
Спорт шеберінің айтуынша елімізде 1991 жылдан кең етек ала бастаған каратэ тек қана өзін-өзі қорғауға арналған қоян-қолтық ұрыс тәсілі болып саналады. Сондықтан ер бала үшін де, қыз балалардың да айналысуына болатын спорт түрі.
– Каратэ қыз бала үшін қиындығы жоқ спорт түрі. Қайта өзін қорғау үшін түрлі тәсілдерді меңгереді. Қолмен, аяқпен соққы беру арқылы қарсыласын жеңеді. Қазір оқушылардың арасынан бірқатар жеңімпаздар шықты. Арамызда спорт шеберлігіне үміткер де бар. Ернар Уалиханов республика чемпионы атанды. Кәусар Мақсатқызы мен Дінмұхаммед Нұрбекұлы чемпионат жүлдегері болса, Асылым Мәлікқызы жеңімпаз. Облыс жеңімпаздарының қатарында Нұрасыл Бақытбек, Олег Ким, Мадияр Ыбрай, Аделя Сексенбаева, Кәусар Тұрмағанбетқызы, Шүкіржан Әділбек, Мансұр Дайрабай, Асылжан Қазыбек, Әмірхан Бақытжанұлы, Нұрымжан Босатханов, Әлинұр Ақтөреұлы болашақ еліміздің чемпиондары, – дейді жаттықтырушы Салтанат Еркенқызы.
Спорт залының ханшайымы аудандағы №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде жаттықтырушы болып қызмет етеді. Салтанат аудан намысын қорғауда тер төгіп, еңбек етуде. Салтанаттың жұбайы Төреғали Мырзағалиұлы басқа салада қызмет етсе де жаны спортқа жақын азамат. Волейболдан спорт шеберлігіне үміткер Қорқыт ата командасында ойнап шеберлігін шыңдады. Бүгінде қос спортшының төрт перзенті бар. Үлкен ұлы Айқын да ата-анасының ізімен спортпен айналысады. Жас спортшы тоғызқұмалақ, волейбол ойнайды.
Сырдарияның аты мен даңқын спорт арқылы шығаруға бел буған Салтанат тәрбиеленушілерінің қадамына дән риза. Асылы адал еңбек пен төгілген маңдай тер жемісін беретініне сенімді.
Бибісара ЖАНӘЛІ