Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүректің көзі ашылса

Жүректің көзі ашылса

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймаған рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көз жеткізеді. Қазақтың маңдайына біткен ұлы ақыны Абай Құнанбаев өз ғұмырын өлең жазуға, орыс және басқа да тілдерден аудармалар жасап, публицистикалық шығарма яғни қара сөздерін жазып қалдырғаны баршаға белгілі. Ал енді қара сөздерінің біршамасы не жайлы жазылғанын және өзімнің түйгенімді жазайын.

Абайдың қара сөздері – өмірінің соңғы жылдары жазылған пәлсапалық шығармасы. Барлығы 45 қара сөздерден тұрады. Ұлы ақынның қай туындысын алсаңызда қайталанбас шығарма. Өмірінің соңғы жылдарында нені кәсіп қылып, қайтіп өткізетіні жайлы талқылап, жазған. Мал бағу, ел бағу, ғылым бағу, софылық қылып дін бағу, балаларды бағу – қажып, өмірінің бел ортасына келгенде бұлардың ешбірін кәсіп қылғысы келмеді. Осы уақытқа дейін қылып жүрген істерінің байлаусызын, баянсызын, барлығының қоршылық екенін бірінші қара сөзінде атап көрсеткен. Жиған тергенімді қағазға жазып тастап кетейін, кейін керек болса пайдаға жаратар, керек емес болса қалар деп білгенін, өмірден жинаған тәжірибесін қағазға жазып қала берген. Қорытындысында ойына келген нәрселерді қағазға жазып, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылуды жөн көреді: «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» – деп ойын түйіндейді. Жоғарыда айтылғандай ол өз өмірінде, жалпы қазақ елінің өміріндегі кемшіл тұстарды айқындап жазып, тіпті қазақтардың бойындағы жаман қасиеттерді жіпке тізіп осыдан жиреніңдер деп өсиет етеді. Бір сөзінде мақтаншақтық жайлы сөз қозғаса, енді бірінде иман жайында жазады, ал енді бірінде қазақтарда кең қолданысқа ие болған алайда еш мағынасы жоқ, мағлұм болған мақалдарды сынай отырып оқырманға оның дұрысы мен бұрысын көрсетеді. Қара сөздерінің қайсысы болмасын қазақты жақсылыққа, игі істерге шақырады, жамандық пен жалқаулықтан жирендіру үшін түрлі әдіспен сөздерден маржан түзіп әсерлі етуге барын салғандығы маған ерекше ұнады.

Қара сөздің барлығын публицистикалық шығарма деп тануға әбден болады. Себебі қайсыбірін оқысаңыз да санаңызға қозғау салып, ойыңызды шымырлата түсетіні анық. Тіпті білім-ғылым жайында жазылған қара сөздерден ерекше қуат алып, жігерленетін жандар да баршылық. Әрбір қазақ азаматы осы қара сөздерді оқып шығуға міндетті деп санаймын. Әлбетте ол ұлтының нағыз жанашырын тәрбиелеп шығаратыны анық. 45 қара сөздің барлығын да жаттап алған жастардың саны бүгінгі күні аз болса да алдағы уақытта көбейсе нұр үстіне нұр болатын еді.

Абай атамыздың шығармаларына ешнәрсе тең келмейтіні сөзсіз. Қара сөздерін сыншылдық, ойшылдық, көбіне адамгершілік мәселелеріне арналған өсиет, толғау деуге болады. Бірлікке, тірлікке, ізгілік пен адамгершілікке шақыратын публицистикалық шығарманы неге жаттап алмасқа?! Ақыл, жүрек, қайрат үшеуін бірге ұстап Абай атамыздың нұсқауымен жүрсек келешегіміз жарқын, болашағымыз баянды болары сөзсіз.

Фатима МАРАТҚЫЗЫ
31 шілде 2020 ж. 554 0