Талап пен тәртіп – спорттың серігі

Ал ауданымызда да аталған сала мамандары кәсібилігін көрсетіп, ұдайы үздіктер көшін жалғап келеді. Аудандық газет аудан спортшыларына әркез ақпараттық қолдау көрсетеді. Тамыз айының үшінші жексенбісі – спортшылардың кәсіби мерекесі. Осы орайда Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Марат Жарылқасынұлымен әңгімелестік.
– Марат Жарылқасынұлы, сізді және өзіңіз басқарып отырған аудандық спорт саласының мамандарын алдағы кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Жалпы бұл сала сізге етене таныс. Аудан спорты қалай дамып келеді?
– Аудандағы төл басылым әркез спортшыларымыздың жетістігін насихаттап, арнайы бет ұйымдастырып жатады. Ақпараттық қолдау үшін өздеріңізге алғыс білдіремін.
Спорт қай мемлекетте де әлеуетті сала саналады. Спорт тек жарыс емес, бұл тіпті мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас деуге болады. Аудан спортшылары, өздеріңізге мәлім, аудан, облыстық деңгейді айтпағанда, республика мен халықаралық деңгейде топ жарып, чемпион атанып, рекордты жаңартып, мерейді асқақ етуде.
Ауданда дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші ол – тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту болып табылады. Бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – спорттық жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту. Жалпы қазіргі таңда ауданда оқушылар және тұрғындарды қоса есептегенде 15 429 спортшы, яғни халықтың 40 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысады. Тұрғындар арасында да саламатты өмір салтын қалыптастырған жандар қатары көбейіп келеді. Таңертеңмен орталық стадионда көпшілік өз денсаулығын жақсарту мақсатында спортпен айналысып жүреді. Бұл қатарда егде жастағы азаматтар мен азаматшалар саны едәуір. Бұл әрине көңілді қуантады.
Аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің 2 спорт мектебі, 1 спорт клубы және 1 балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі даярлығы клубы жұмыс жасайды. Жастарға спортты жанына серік ету арқылы дені сау ұрпақ ретінде қалыптастырып қана қоймай, тәрбиелі әрі саналы жастардың қатарын арттыруға септігін тигізеді.
– Жастарымыз спортпен шұғылдануы үшін спорт нысандары да халыққа қолжетімді болуы қажет қой...
– Әрине. Мәселен, қазіргі таңда ауданымызда 2 стадион бар. Олар Тереңөзек кенті және Н.Ілиясов ауылында орналасқан. Одан бөлек 6 спорт кешені бар. Екеуі Тереңөзек кентінде, қалғандары Ақжармада, Н.Ілиясов, Шаған, Бесарық ауылдарында халыққа қызмет көрсетуде. Одан бөлек 28 спорт зал, 21 жапсарлас спорт зал, 74 жазықтық құрылғылар жұмыс жасауда. Барлығы 131 дене шынықтыру және спорт нысандары бар. Аталған спорт нысандар тегін негізде қызмет көрсететінін айта кету орынды.
– Ал мамандар құрамы қандай?
– Аудан бойынша 274 дене шынықтыру мұғалімі және оқытушы-жаттықтырушылар бар. Бұл – жалпы есеп. Оның 257-сі жоғарғы білімді мамандар екенін мақтанышпен айтып өтуге болады. 17-сі – арнаулы орта білім мамандары. Жалпы білім беретін мектептерде – 134 дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, спорт бойынша 86 жаттықтырушы-оқытушы бар. Әрине мамандар құрамының сапалы болуы ұдайы назарда. Талап пен тәртіп – спорттың серігі. Ал талапшыл бапкер – ертеңгі чемпиондардың негізі деуге болады.
– Жасөспірімдерге арналға үйірмелер жұмысы жүйелі ме?
– Дене шынықтыру және спорт секцияларына жалпы барлығы 555 дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық үйірмелер жатады. Оларға ауыр атлетика, баскетбол, бокс, волейбол, қол добы, дзюдо, еркін күрес, жеңіл атлетика, көгалдағы хоккей, таеквондо, үстел теннисі, футбол, белбеу күресі, гір спорты, дойбы, қол күрес, кіші футбол, шахмат, асық ату, бес асық, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, грэпплинг, панкратион, каратэ-до, самбо, көпсайыс сияқты спорт түрлерімен шұғылданады. Үйірмелер жұмысы жүйелі әрі жыл сайын жандандырылып келеді. Жас спортшыларға қажетті спорт құралдары да толықтырылуда. Ел намысын қорғайтын чемпиондарды тәрбиелеу жолында ауданда жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді деуге негіз бар.
– Аудан спортшыларының жетістігін тізбектеп шығу мүмкін емес. Көзі қарақты оқырман ақпарат айдынынан спортшылардың сүйінші жаңалықтарынан хабардар. Десек те спортшылардың жетістігі туралы бір-екі ауыз айтып өтсеңіз...
– Жалпы есепке сүйенсек, жыл басынан бері 68 жарыс өткізіліп, оған 8715 адам қатысқан. Ауданның барлық спортшылары осы уақыт ішінде республикалық жарыстан 43 медаль, облыс көлемінде 166 медаль, Азия және халықаралық жарыстардан 3 медаль жеңіп, аудан мерейін үстем етті. Бірнешеуін атап айтар болсақ, жақында ғана аудандық спорт клубының жаттықтырушысы Эльмира Раимқұлова Қазақстан Республикасының рекордын жаңартты. Жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты және «Alatau-2025» International Masters Athletics Tournament халықаралық турниріне қатысқан спортшымыз Сыр спортының жұлдызын жағып, облыстың атын әуелетті. Сондай-ақ осы жылдың 21-30 шілде аралығында Чехия Республикасының Пардубице қаласында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және Чехияның Манкала федерациясының ұйымдастыруымен тоғызқұмалақтан 21 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында өткізілген Әлем чемпионатында жас спортшы Дамир Ахметов топ жарды. Өз кезегінде чемпионат аясында жүзеге асқан турнирде Альфия Бабабек жеңімпаз болды. Қостанай қаласында ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің республикалық спартакиадасында Саят Серіков ІІ орынды жеңіп алды. Шымкент қаласында қоян-қолтық ұрыстан өткізілген республикалық турнирде +42 келі салмақта Ерасыл Ерғалиев І орын, 28 келіде Арсен Бауыржан мен Дамир Ерланұлы ІІІ орынды еншіледі.
– Туризм бағыты бойынша аудандағы ахуал қалай?
– Бүгінгі күнде Сырдария ауданы бойынша екі туристік сервистік қызмет көрсету кешендері жұмыс жасауда. Олар Шаған ауылдық округінде және Ақжарма ауылдық округінде орналасқан. Сонымен қатар ауданымыздың көркі Нағи Ілиясов ауылы республикалық «Үздік туристік ауыл – 2025» номинациясын жеңіп алған болатын. Ауылда ішкі туристердің саны артуда. Бүгінгі күнде Астана, Алматы қалаларынан туристер келіп, ауылдық округтің сұлулығына тамсануда. Жыл басынан бері ауданды көркейту үшін біршама инвестиция бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған жұмыстар кезең-кезеңімен өз деңгейінде жалғаса бермек.
– Алдағы жоспармен бөліссеңіз...
– Дәл қазір аудан спортшылары «Алтын күз» облыстық спартакиадасына қызу дайындық үстінде. Жылдың ең негізгі жарыстарының бірі биыл Қызылорда қаласында өтеді. Осы кезге дейін спартакиадаларда аудан спортшылары биік мінберден түскен емес. Сол үлгілі үрдісті жалғастыру – дәл қазіргі жоспар әрі міндет болып отыр. Одан бөлек жыл көлемінде өз кезегін күтіп тұрған жұмыстар баршылық. Ашықтық саясатын ұстанамыз. Атқарылған жұмыстар халықтың назарында болмақ.
– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет. Сала жұмысы жанданып, толағай табысқа жете беріңіздер! Қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ