Босаңсуға әлі болмайды
Бүгін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елдегі жағдайды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізгені белгілі. Кеңесте Премьер-министр шілде айында қайта енгізілген карантиндік шараның арқасында індетті жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендегенін баяндады.
Иә, шын мәнінде соңғы айда ел-жұрт абдырап қалды. Бұл тұрғындардың карантиндік талапты ұстанбағанның салдары екені де дәлелденді. Қайта қабылданған шараның нәтижесінде науқастардың жазылып шығуы мен жұқтыру фактісі де төмендеді. Сондықтан екінші мәрте жарияланған карантин нәтижесін берді деп айтуға толық негіз бар.
Дегенмен қауіпті індетке қарсы вакцинаның болмауы оны алдын алуға мүмкіндік бермейді. Ал індетті адамдар таратады. Яғни ауру адам жөтелгенде, сөйлегенде инфекция ауа тамшылары арқылы тарайды. Сондықтан босаңсудың уақыты әлі келген жоқ екенін ескерген жөн. Карантин талаптарын орындау – қашықтықты сақтау, маска тағу індеттің өршіп кетуінің алдын алады. Бұл өз кезегінде инфекцияның адамнан адамға берілмеуіне көмектеседі.
Кеңесте Президент шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында, сондай-ақ Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықтималдығын ескере отырып, мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды. Әрине, бұны ең алдымен адамдардың қауіпсіздігі үшін қабылданған шара деп түсіну керек.
Мектепхан ЕЛЕУСІНОВ,
спорт саласының ардагері
спорт саласының ардагері