Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қонаев қалдырған бір қорап жіп

Қонаев қалдырған бір қорап жіп

Аңызға бергісіз тарихы бар әлемдегі ең ғажайып 32 мешіттің сұлбасын кестеге түсірген қазақ қызы туралы не білесіз? Басқа мамандықтың иесі болса да, табиғат берген талантын тұншықтырмай, ине мен жіпті отыз бес жыл жанына серік еткен Гүлнар Бақытқалиқызы Алматыда тұрады. Ғаламдық сәулет өнерінің таңғажайып жәдігеріне баланатын әсем ғимараттар кесте тілінде тіптен құлпыра түсетіндей.

Өнер иесі жер бетіндегі ең қасиетті орын саналатын Алланың үйін айшықтау шығармашылықтағы басты тақырыбым деп есептейді. Әр мешіттің сұлбасын кес­теге түсірерде ғимараттың өткені мен бүгініне қатысты сан алуан әдебиет­тер­мен танысып, тың деректерді ой елегі­нен өткізіп барып қана іске кірісетін кейіпкеріміз, өнерге адалдық танытқан адамның алдынан күтпеген жақсылықтар шығатынын айтады. Жуырда ғана осындай жан тебірентер жағдайды өз басынан өткеріпті.

– Күтпеген жерден бір кісі телефон соқты. Өзін Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев атамыздың келіні Дильяра Ибра­­ги­мова деп таныстырды. Сөзінен бай­қағаным, қолтаңбаммен біраз уақыттан бері таныс екен. Көрмеден кезекті бір туындымды көріп, менімен байланысқа шығыпты. Расында да, бұл кісі қырық жыл ел басқарған қайраткер тұлғаның ұлы Диар Қонаевтың жұбайы болып шықты. «Шығармашылығыңызға тәнті­мін. Көптен мойнымда жүрген аманат жүгін иесіне тапсырудың сәті келген секілді. Енем Зухра Шарипова кесте тік­кенді жаны сүйетін. Атамыз ол кісінің бұл қабілетіне құрметпен қарап, өзі барған алыс-жақын шетелдерден түрлі жіптер жиынтығын әкеліп беруші еді. 1990 жылы енем өмірден озғанда кес­те тігуге арналған бір қорап жібі иесіз қалды. Дінмұхаммед Ахметұлы бұл заттарды аяулы жарының көзіндей көріп, ұқыптап жинатып қойды. Арада үш жыл өткен соң ол кісі де өмірден өтті. Қайтыс боларының алдында мені шақырып алып: «Қызым, мына жіптер өзіңе аманат. Әр жерде қалмасын. Қадірін біліп, қолынан іс келетін жанға тапсыр» деп еді. Сол аманат 27 жыл бойы менің қолымда болды. Кесте тігу ісіне шын берілген жан екеніңізді көріп, Зухра анамнан қалған бұл жіптерді сізге тапсырсам деп шештім», дегенде не дерімді білмедім. Өңім бе, түсім бе деп аңтарылып қалдым. Шығармашылығымның жаңа тынысы ашылғандай, төбем көкке жетті. Тәңірдің тартуына баладым. Әлгі жіптер келгенше бес күн бойы жүрегім тулап ұйықтай алмадым, – дейді Гүлнар Бақытқалиқызы.

Кейіпкеріміз бұл тосынсыйды жақ­сы­лықтың белгісі деп жорамалдаған. «Жер бетіндегі ең алғашқы мешіт Әл-Харамды кенеп бетіне кестелегенде іштей жаратушыдан бір сый күткендей болып едім. Сезімім алдамапты. Бұдан үлкен, бұдан бағалы қандай сыйлық болуы мүмкін? Үлкен қорапқа толтырылған таза табиғи, сапасы жоғары жіптер қаз-қалпында сақталыпты. Сыртында 1967 жылы Қы­тай­да өндірілген деп жазылған. Көз алдыма Дінмұхаммед Қонаев пен Зухра Шарипова елестеді», дейді ол.

Бағзыдан жалғасқан бекзат өнердің болмысын жүрегіне сіңірген Гүлнар ха­ным өзі кейіптеген әр шығармасы туралы сағаттап әңгімелеп беруге бар. Мек­­кедегі «Әл-Харам», Ыстанбұлдағы «Сұл­тан Ахмет», Дубайдағы «Ақ мешіт», Елор­дамыздағы «Хазірет Сұлтан», Қазан­дағы «Құл Шәриф» секілді қасиетті орын­дардың тарихын майын тамызып отырып баяндап берді.

– Мысалы, Татарстандағы «Құл Шә­­­­риф­­тің» тарихы да қызықты. XVI-XVII ғасырда салынған бұл мешітті Иван Грозный Қазан қаласына ша­буыл жасаған кезде бел ортасынан қира­тып тастаған. Кейіннен татарлар оны қалпына келтіреді. Менің бір таңғал­ға­ным, осы «Құл Шәрифті» тіккен кезім­де, бір тігісінен жаңылып, жұмысым келің­кіремей қалды. Кестемді қайта сөгіп қа­расам, тура бағанағы Иван Грозный бел ортасынан қиратқан жерден адасыппын. Бұл тылсым күш пе, әлде кездейсоқтық па білмедім, бірақ картинаны қолға алған кезде осы оқиға еске түседі, – дейді Гүл­нар Бақытқалиқызы.

Анасынан дарыған бұл қасиет он бес жасында қолына ине-жіп ұстатқан. Әлдекім салған іздерді әуестемей, шы­ғар­­машылықта өз жолым, өзімнің жеке тақы­рыбым болуы керек деп пайым­дап­ты. Үндістанға жұмыс сапары бары­сын­да әйгілі Тәж-Махал кесенесіне тәнті болып, кестеге түсірген. Кейіннен неге ме­шіттерді кестелемеске деген ойға келіпті. Осылайша біріне бірі ұқса­май­тын, тарихы терең, ең көрікті деген отыз екі мешіттің кескінін инемен икемге кел­тіріп, тігіп шыққан.

Көз жауын алған көркем туындыларға үңіліп, шынымен ине-жіппен бедерленген бе деп таңғалдық. Бір қарағанда бәз бір бояумен жағылған жұмыс се­кілді көрінеді. Картинаны қолына ұс­таған адам, кенептегі бір-бірімен жым­дасқан жүздеген жіпті көріп еріксіз бас шайқайды. Асқан төзімділікті қажет ете­тін бұл жұмыстың шебер үшін рахаты мен қоса машақаты да аз емес. Өйткені бір шығарманың дүниеге келуіне 4 айдан 2 жылға жуық уақыт жұмсалуы мүмкін.

«Кестемді көбіне кешкі уақытта, түн­гі тыныштықта тігемін. Маған кес­те тігу үшін жайлы орын, жарық болса жеткілікті. Менің қолымнан шыққан дүниелер сатылмайды. Туындыларымды жүрегімді жарып шыққан перзенттеріме балаймын. Бір картинаны кемінде жарты жыл тігемін. Әр жібін сантиметр, миллиметріне дейін есептеп қиыстыру қиын шаруа. Сат деп қолқалайтындар көп. Бұл көрмеге арналған дүниелер. Тек бір ғана дана, мұның құны жоқ деп, барынша түсіндіремін. Бірде көңіл қимас құрбым біреуін сыйға тартшы деп қиылып тұрған соң бердім. Бірақ кейін ол менің үйімде тұрғанша сенімен бірге әлемді аралап, көрмелердің көркін кіргізгені жөн деп сыйлығымды қайтарып берді», дейді кестеші.

Шынайы шығармашылық иесі үшін жаны сүйген іспен айналысудан асқан бақыт жоқ. Мұндай жан өнер үшін, оны сақтап қалу үшін қандай құрбандыққа баруға да бейіл. Тұтас коллекциясы бір шабаданға сыйып кететін шебер студенттерге тегін дәріс береді. Аналардан жалғасқан аяулы мұра өрісін тарылтпай, болашаққа бет түзей берсе деген ол осы тұрғыдағы ойларын да ортаға салды:

«Заман өзгерді. Іс тігіп, қыздарына үлгі болып отырған аналар аз. Көбі таңның атысы, кештің батысы нан табудың қамымен жүр. Жасыратыны жоқ, балаларды интернет тәрбиелеп жатыр. Осыны ескеріп, мүмкін болса өнерімді жастарға үлгі етсем, араларынан қызығатындар табылып қалар деген үмітпен ара-тұра оқу орындарына барып тұрамын. Бір қызығы бірінші, екінші курстың студенттерімен кездескенде олардың көздері жанып, кәдімгідей қызығады. Ал үшінші, төр­тінші курстағылардың қабылдауы бас­қаша. Себебі оларды өнер емес, ақша табу көзі көбірек қызықтырады. Мысалы, бо­ла­шақ әлеуметтік педагогтердің дені оқу бітірген соң шаштараз, аспазшы, тырнақ жасағыш, кірпік жабыстырғыш, бет әрлегіш, тағы басқа салаға кетеді екен. Оқытушыларының айтуынша, студенттер үшінші, төртінші курсқа келгенде жаңағыдай ақша табуға болатын мамандықтарды қосымша оқып, кейін дипломдары жайына қалатын көрінеді», дейді ол.

«Қайырымдылық қанат қақса, әлем өзгерер еді» деген Гүлнар Бақытқалиқызы, кесте тігуден бөлек еріктілерден құралған «Алақан» қайырымдылық қорын құрып, игі бастамалардың басында жүр. Аталған қор жұртшылықтан ерікті түрде түрлі кітаптар жинап түрмеде отырған аза­маттарға жөнелтумен айналысады. Ұлт­тық мұраны ұлықтап, өрелі өнердің өрісін өрге сүйреп жүрген жанға толағай табыс тілейміз!  
Арман ОКТЯБРЬ,
АЛМАТЫ


26 шілде 2020 ж. 497 0