Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ең жоғарғы балл – 120

Ең жоғарғы балл – 120

Биылғы мектеп бітіруші тү­лек­тер үшін елдегі жағдай өз әсерін тигізді. Себебі білім сынағына қызу дайындық жүр­гізетін мезгілде оқушылар мұ­ға­лімдермен қашықтан байланысып, үйлерінде оты­рып, өз беттерінше ҰБТ-ға дайындалуға мәж­бүр болды.

Соңғы оқу тоқсанын қашық­тан оқыған түлектер білім сы­нағын жылдағы дәстүр бойынша Қызылорда қаласындағы №2 «Мұрагер» мектебі базасына барып тапсырды. Маусым айының 26, 27, 28 күндерінің қорытынды мәліметі бойынша аудан мектептерінің бітіруші түлектерінің арасында ең жоғарғы балл алған №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейдің оқу­шысы Аружан Сәлімгерейқызы болды. Бұл қуанышты хабарды бізге аудандық білім бөлімінің бас маманы Ляззат Мығымбаева жеткізді. Жас талапкер мүмкін болған 140 балдан 120 балл жинады. Жас түлектің қуанышына ортақтасып, ұстаздар қауымын, ата-анасын біз де құттықтаймыз.

Жалпы ҰБТ-ны 26 маусым күні тапсырған №210, №132, №191, №37 мектептің 87 оқушысының арасынан №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің оқу­шысы Мәлике Нұрланқызы 107 балл алып, көш бастады. Бұл осы күнгі ең жоғарғы көрсеткіш болды. Орташа балл – 73,7.

27 маусым күні ауданнан №126 орта мектептің 7 оқушысы сынаққа кірді. Бұл күні ең жоғарғы көрсеткіш 85 балды құрады. 28 маусым күні №42, №44, №147, №131 мектептің 60 түлегі білім сынағында барды. Төрт білім ордасынан №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей оқу­шылары дараланды. Осы білім ордасының түле­гі Аружан – әзірге ауданда ең көп ұпай алған мектеп бітіруші.

Сондай-ақ осы күні жоғары балл жинаған­дардың қатарында №131 Т.Қозыбаев атындағы ор­та мектеп түлегі Асылбек Серікбаев та бар. Ол 113 балл жинап, жақсы нәтиже көрсетті.
Үш күннің қорытын­дысы бойынша 17 оқушы 100 балдан жоғары алды.

29, 30 маусым күндері ауданның №36, №135, №129, №35, №137, №139, №130, №174 мектептерінен 109 оқушы білім сынағын тапсырды. Оның қорытындысы газет дайындау барысында белгілі болмағандықтан, газетіміздің келесі санында жария­­ланатын болады.

– Оқушылардың барлық сани­тарлық талаптарға сай сынақ тапсырулары қатаң бақылануда. Аудандық білім бөлімі тарапынан қажетті қорғаныш құралдары мен ішетін суы жеткілікті мөл­шерде таратылып берілді. Ереже бұзушылық немесе сынақтан шеттетілген оқиға орын алған жоқ. Оқушылардың қауіпсіздігі қадағаланып, мұғалімдер тарапынан барынша күш салынуда. Бастысы, балалар аман-есен, жақсы көңіл-күймен сынақ алаңынан шығып жатыр, – дейді бізбен байланысқа шыққан білім бөлімінің бас маманы Жанар Қойшығұлова.

Жас түлектердің арман-мақсатына жету жолында 11 жыл бойы білім берген ұстаздардың еңбегі көрінетін сәт келді. Баласы бәйгеге шапқанда үйде отырып тақымын қысып отырған ата-аналардың да жағдайы белгілі. Бастысы бас аман, ел тыныш болсын. Себебі өмірдің сынағы бір ғана ҰБТ-мен бітпейді, мұны көзі ашық жас түлектер көкірегіне тоқып алғанына сенім білдірейік.

Бибісара ЖАНӘЛІ
30 маусым 2020 ж. 883 0