БІЛІМ СЫНАҒЫ: 220 талапкер ҰБТ-ға барады
Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Қоғамдағы түбегейлі өзгерістер білім беру жүйесінің алдына жаңа адамды қалыптастыру, дамыту мақсаттарын қойып отыр. Сол себепті, мемлекет дамуындағы ең басты іргелі қадамдардың бірі – білім сапасын жақсарту, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде жаңа технология жетістіктерін кеңінен пайдалану, ұлттық тәрбиемен сусындату арқылы бәсекеге дағдыландыру. Осы орайда, еліміздің үздіксіз білім беру жүйесінде қазіргі заман талаптарына жауап беретін, білім, білік дағдылары жоғары деңгейде қалыптасқан озық ойлы дарынды тұлға тәрбиелеу жолында ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік пен жаңа міндеттер жүктелуде. Бұл тұста, ұлттық бірыңғай тестілеудің алар орны бөлек.
Он бір жылдық білімнің нәтижесін көрсететін ҰБТ жыл сайын өзгеріп келе жатыр. Биыл да білім сынағына өзгерту енгізілді. Мәселен, осы жылдан бастап жоғары оқу орнына түсу үшін талапкерлер ҰБТ-ны жылына 4 рет тапсырады. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында ҰБТ тапсыратын талапкерлер тесті ақылы түрде тапсырып, оның әр тапсыруына 2242 теңге төлейді. Ал, мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға түсу үшін талапкерлердің маусым-шілде айында тапсырған ҰБТ қорытындысы алынбақшы. Аталмыш өзгерту бойынша ауданымыздан қаңтар айында 307 мектеп бітіруші түлектің 245-і ҰБТ-ға қатысып (79,3пайыз), орташа 75,6 балл, наурыз айында 194 бітіруші түлек (63,2 пайыз) қатысып, орташа 83,4 балл жинады. Негізі, аудан бойынша биылғы оқу жылында мектепті 307 оқушы бітіретін болса, оның 220-ы маусым-шілде айындағы (71,6%) ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Қалған 87 оқушының 27-сі қаңтар, наурыз айларындағы ҰБТ қорытындысымен ЖОО-ға ақылы негізде тапсырса, 60-ы арнаулы оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр. Биылғы оқу жылында аудан бойынша «Алтын белгіге» – 20 оқушы, «Үздік аттестатқа» – 24 оқушы үміткер.
Бүгінгі күні мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға дайындау бекітілген іс-шара жоспары бойынша жүргізілуде. Аудандық білім бөлімі тарапынан комиссия құрамы бекітіліп, барлық оқушылардың қорытынды аттестаттауда тапсыратын таңдау пәндері нақтыланыпты. Аудандағы жыл бойы жұмыс жасайтын «Жалын» тынығу лагері базасында 11-сынып оқушылары үшін тестілеуге дайындық жұмыстары бірнеше рет өткізілген. Шығармашыл мұғалімдерден құрылған десанттық топ №130, 147 орта мектептерге барып жас талапкерлерге сабақ берген. Курс соңында оқушылар сынама тест тапсырыпты. Бір атап өтерлігі, биыл №174 орта мектепте білім ошағын бітіруші түлектер жоқ.
Бұдан бөлек, осы жылдан бастап мемлекеттік грант тағайындау ережесіне де өзгерістер енуде. Атап айтқанда, білім беру гранттары маусым айында өткізілетін ҰБТ сертификатының балына сәйкес білім беру бағдарламаларының топтары бойынша берілетін болады. Білім беру бағдарламаларының тобы бір немесе бірнеше білім беру бағдарламасынан тұрады. Жалпы, білім беру бағдарламасының 97 тобы бар.
Мысал келтірер болсақ, талапкерге бейіндік пәндер сәйкес келген жағдайда төртке дейін білім беру бағдарламаларының тобын таңдау мүмкіндігі беріледі. Мәселен, «Биология» + «Химия» бейіндік пәндер комбинациясымен жас түлек білім беру грантын тағайындау конкурсында «Химия мұғалімдерін даярлау», «Биологиялық және сабақтас ғылымдар», «Ветеринария», «Жалпы медицина» секілді білім беру бағдарламалары тобын таңдай алады. Мұндай білім беру бағдарламалары тобының тізімі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланған (https://testcenter.kz).
Жалпы, биылғы өзгеріс бойынша маусым-шілде айында ҰБТ тапсыратын мектеп бітірушілерге уақыт таяп қалды. Қазіргі кездің өзінде қызу дайындық жүріп жатқаны анық. Сондықтан жас талапкерлер білім сынағынан сүрінбей, қалаған оқу орнына түсуіне тілекшіміз.
Е.БЕРКІНБАЕВ