Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсы кітап жаңғыруға жетелейді

Жақсы кітап жаңғыруға жетелейді

Осыдан бірнеше ай бұрын ауданымызға республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев келген еді. Сол сапарда есімі елге белгілі абзал азаматпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті. Нақтырақ айтқанда, аудан әкімі Руслан Рүстемов аудандық «Достық үйінде» мені ардақты ардагермен таныстырған болатын. Артынша жастардың жанашыры, үлкен-кішіге үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ағамыз да жақсы пікірін білдірді. Бұл мен үшін зор абырой әрі жауапкершілік екенін түсіндім.
Ойлы оқырманға өмірі өнеге толы Өмірзақ Озғанбаев ағамызды таныстырудың керегі жоқ деп ойлаймын. Десе де аты Алашқа белгілі азаматтың өмірі мен шығармашылығы жөнінде қысқа-нұсқа айтқанның айыбы жоқ. Адал еңбекті ту еткен ғибратты ғұмыр иесі әулиелі Маңғыстау атты киелі өңірдегі шағын ғана Құрық деген кентте дүниеге келген. Еңбек жолындағы атқарған қызметіне тоқталар болсақ, жазбамызды аяқтау үшін бірнеше күн кетуі мүмкін. Осыдан-ақ тағдыры тағылымды тұлғаның егемен ел дамуындағы еңбегі орасан зор екенін аңғаруға болады. Бір ғана ғылым саласына қосқан үлесіне тереңдесек, кемі екі-үш кітапқа жүк болары сөзсіз. Сондықтан ел-жұрт Өмірзақ Озғанбаевтың еңбегін айтып тауыса алмайтындықтан, ол кісіні мемлекет және қоғам қайраткері дейді.
Айтпағым бұл емес, әрине. Ауданға жасаған сапарында Өмірзақ Озғанбаев ағамыз өзімен бірге бірнеше кітабын әкеліпті. Жақсы кітап – жан азығы емес пе?! Оның үстіне ол кітапты Тәуелсіз ел тарихын бүге-шүгесіне дейін білетін азамат жазғандықтан оқуға асықтық. Сөйтіп, Өмірзақ Озғанбаев ағамыздың «Мақтанышы елімнің» атты кітабы қолымызға тиді. Бүгін аталған кітапты толық тауысып, алған әсерім жөнінде ой бөліспекпін.
Қолымдағы кітап туралы ой өрнектемес бұрын мына бір оқиғаны айта кеткен жөн. Бір тілші ағылшынның әйгілі жазушысы Бернард Шоудан: «Сіз бос уақытыңызда не істейсіз?» деп сұрапты. Сонда ол: «Серуендеймін, ұйық­таймын және достармен пікірлесемін» депті. Сұхбат алушы: «Сонда кітапты қашан оқисыз?» депті. Жазушы «Кітап оқу бос уақытта айналысатын дүние емес, оған арнайы уақыт бөлемін» деген екен. Сол секілді біз де кітап оқуға арнайы уақыт бөліп, оқығанымызды түсініп, ойымызды қорытып дағдыланғандықтан қаңтарда қолымызға тиген кітапты наурызда аяқтадық...
Енді білім көкжиегімізді кеңейтіп, ой-сана­мызды өрістеткен кітап туралы айталық. Автор өзінің алғысөзінде елдің түкпір-түкпірін аралағандағы ел-халықпен сөйлесіп, пікір­лесіп, сұхбаттасқандағы толғаныстарын топтастырып, кітап шығаруды жөн көргенін айта келе, кітапты үш бөлімге бөлгенін баяндайды. 407 беттік кітапқа барлығы отыз екі туынды еніпті. Осы ретте «Отыз тістен шыққан сөз, отыз екі рулы елге тарайды» деген тәмсілді басшылыққа алар болсақ, бұл кітаптың да отыз екі рулы елге айтары, берері бар екенін ұғынуға болады. Бұл автордың көреген шешімі деп түсіндік.
Кітаптың алғашқы бөлімі «Тұлғалар» деп аталады. Бұл бөлімде «Замананың заңғары» атты тақырыппен берілген Әбіш Кекілбаев туралы жазылған естелік маған ерекше әсер етті. Өмірзақ Озғанбаев ағамыз бұл естелігінде сөз зергерінің тектілігіне терең бойлап, пайым-пара­сатына биіктен баға береді. Бүгінде аңыз­ға айналған абыз Әбіштің жалынды жастық шағын, алғашқы еңбек жолындағы ізденістері мен іргелі істерін ұғынықты тілде айшықтап, қаламгерлік қабілетін қуатты қаламмен ұш­тастырады. Кітаптағы беташар туындыда автор Жоғарғы Кеңестің депутаты Әбіш Кекіл­баевпен бірге парламенттік делегация құра­мында Пәкістан еліне ресми сапармен барғанын баяндайды. «...Әбіш Кекілбаевтың білгірлігі, терең эрудициясы, қысылтаяң жерде жол таба білетін тапқырлығы, ұранды сөздерді ұлағатты істермен байланыстырып сөйлейтін шешендігі бізді таңғалдырушы еді. Пәкістанға жасаған ресми сапарымызда Кашмир мәселесіне байланысты Қазақстанның ұстанымы мен көзқарасы жөнінде күрделі сұрақ қойылды. Әбекең барынша орнықты, салмақты пікір білдіріп, бұл мәселені екі ел халықаралық қауымдастықтың талабын ескере отырып, бейбіт жолмен, екі жаққа да тиімді, екі жақтың да мүддесі ескерілген әділ келісімдер арқылы шешуі керектігін нық айтқанда жа­уабы қалай болар екен деп алаңдап отырған бізді де, қай жақты қолдар екен деп күткен сырт ел саясаткерлерін де риза қылған еді» деп түйіндейді. Сондай-ақ дара тұлғаның тіл, діл, дін, руханият, мәдениет пен өнер саласын дамытуға қосқан еңбегін таразылап, нақты мысалдар келтіреді. Мақаланың мына бір тұсын айтпай өту мүмкін емес. Көрнекті қаламгер Сауытбек Әбдірахмановтың Оңтүстікте тұратын бір туысы кандидаттық диссертация қорғауға Алматыға кетіпті. Мұны естіген оқушы бала әкесінен «Ағамыз кандидаттық қорғағаннан кейін кім болады?» деп сұрайтын көрінеді. Әкесі: «Доцент, доктор, профессор болады» десе, жас бала «Одан кейін кім болады?» деп қайыра сұрақ қойыпты. Сұраққа жауап бере алмай тосылған әкесі: «Одан кейін Әбіш Кекілбаев болады» деген екен. Бұл ел-халықтың Әбішті бәрінен биік көруі, ардақ тұтуы, құрметтеуі десек артық айтқандық емес.
Туындыдағы тағы да бір айта кететін тұс Өмірзақ Озғанбаев ағамыз өзге елдің сұңғыла саясаткерлері мен қабырғалы қаламгерлерінің Әбіш Кекілбаевқа берген бағасын уақытын көрсете отырып, сөзбе-сөз ұсынған. Мысалы, Германияның орталық баспасөзі «Бізде таңғажайып жазушылар, білімді ғалымдар, білікті экономистер бар, бірақ Кекілбаев жоқ» деп жазған екен. Мұнан бөлек Лонгард Кошут, Герберт Кремпиен, Клаус Шнайдер, Зифгрид Клейнмихель, Гельмут Земке тәрізді немістің атақты әдебиет сыншылары мен білгірлері «Әбіш Кекібаевтың романдары мен повестерін оқып, біздер қайтадан Томас Манмен кездескендей болдық» деп ағынан жарылыпты. Түптеп келгенде, бұл қазақ халқының мақтанышына айналған ұлы тұлғаны әлемнің мойындауы. Осындай тамаша естеліктерді топ­тастырған автор өз естелігін ақын Сабыр Адайдың «Мың жыл бірге толғатса да мың қазақ, Туылмайтын кетті өмірден бір қазақ» деген жыр жолдарымен аяқтайды.
«Тұлғалар» атты алғашқы бөлімде көп айтылып, көп жазыла бермейтін Қайдауыл батыр туралы тарихи деректермен, сондай-ақ Исатай мен Махамбет жөнінде іргелі ізденістермен танысуға болады. Ал заманында қаз дауысты Қазыбек бимен тең дәрежедегі елге сыйлы тұлға бола білген Қаражігіт бидің өмірдерегінің зерделеніп, зерттелеуін ұлт мұрасына қо­сылған құнды қазына деп бағаласақ жарасады. Жыр жампозы Қашаған мен Сүгірдің шығармашылығына жасалған терең зерттеу де кітаптың салмағын арттырып, бәсін биіктетіп тұр. Әбіш қожа, Сарыбек әулие, Халифа Алтай, Сағадат Нұрмағанбетов, Салық Зиманов және т.б. тұлғалар туралы жазылған дүниелерден автордың жан-жақтылығы мен тарихи білімі жоғары екені байқалады. Осы ретте «Мариям Жагор деген орыс қызы» атты мақала жөнінде тарқата жазуды жөн көрдім. Мариямның ХІХ ғасырдың екінші жартысында патшалық Ресейден Қазақ жеріне, оның ішінде табиғаты әсем Қорғалжын өңіріне қоныс аударған Егор деген шаруаның қызы екенін, оның «Дудар-ай» деп ән шығарып, шырқағанын және ол туындының елдің сүйікті әніне айналғанын оқырман қауым жақсы біледі деп ойлаймын. Десе де әнге арқау болған сол Дудардың шын есімі Дүйсен екенін бәрі біле бермейді. Өмірзақ Озғанбаев ағамыз өзінің сырлас досы, үзеңгілес серігі Бостан Сәбитұлымен сыр-сұхбатынан үзінді келтіре отырып, ға­лымның атақты Мариямның сынаққа толы өміріндегі күрделі кезеңдер жөніндегі пікірін шебер кестелейді. Мақалада Дудар атанып кеткен Дүйсеннің Марияммен отасқаннан кейін көп ұзамай науқастанып, қайтыс бол­ғаны, кейін Мариям Жагорқызының Боранбек Аяпбекұлы деген азаматқа тұрмысқа шыққаны, ұрпақ сүйіп, өмірінің соңына дейін мұсылман дінін ұстанғаны жөнінде нақты мысалдар келтірілген. Сондай-ақ автор Ақ­мола облысының Қорғалжын ауданындағы марқұмның бейіті күтімсіз күйде жатқанына қынжылыс білдіріп, осы олқылықтың орны толып, жанашыр жандар Мариям Жагорқы­зының мәңгілік мекенін жөндеп, ретке келтір­се деген ойда аяқтайды.
Кітаптың екінші бөлімі «Атамекен» деп аталады. Аты айтып тұрғандай бұл тарауда Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың аралығында орналасқан егемен еліміздің құт қонып, бақ дарыған киелі өңірлерінің тарихы айшықталған. Оның ішінде са­йын даланың төсінде салтанат құрған, тоғыз жолдың торабында орналасқан елордамыз туралы жазылған «Айтары көп Астана» атты мақаланы тебіренбей оқымау мүмкін емес. Мақалада Елбасының төл туындысы, қай­таланбас қолтаңбасы саналатын қаланың өткені мен бүгінгі және бақытты болашағы жөнінде іргелі ойлар айтылады. Бас қаланың әрбір жетістігін көзбен көріп, көңілге түйген Өмірзақ Озғанбаев ағамыз қала маңындағы жер-су атаулары мен ғимараттардың тарихын жеке-жеке зерделеген. Көшелердің де кімнің құрметіне, қалай және қашан берілгенін жан-жақты талдаған. Ең бастысы, жалғасын тапқан жарқын істердің басында Тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы Тұңғыш Президенттің тұрғаны және Елбасы мен елорда егіз ұғымға айналғаны айтылады. Тамаша мақала «Барша қазақтың бағына жаралған бас қаланың бақыты баянды болғай!» деп қорытындыланған.
Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев ағамыз кітаптың екінші бөлімінде тектілердің мекені Тайтөбе өңіріне жасаған сапары жөнінде баяндайды. Тарлан тұлғалар мен атақты азаматтар шыққан қасиетті топырақтың сан қилы оқиғаларды басынан кешіріп, сындарлы сәттерден сүрінбей өткені ауыл адамдарының әңгімесі арқылы әдемі суреттеледі. Табиғаты жанға жайлы өлкеге баруға құмарыңыз ашылып, құлшынысыңыз арта түседі. Бұл қаламның қуаты, қаламгердің шеберлігі. Мақалада тарихы терең Тайтөбедегі Нияз бидің кесенесі жөнінде ұрпаққа үлгі боларлық орнықты ой айтылады.
«Заманында Абылай ханның Кенжетай және Нияз деген екі биі болыпты. Ханның сенімді серігіне айналған аузы дуалы бұл билердің айтқанында қате болмайды екен. Бір күні хан өзге де билердің басын қосып: «Жердің, елдің, ауылдың, аймақты құты не?» деп сұрақ қойыпты. Жауабы жердің бетінде болғанымен сыры тұңғиықтың тереңінде жатқан жұмбақты билер шешуге іркіліп қа­лыпты. Сонда Кенжетай би: «Қазақта «Үлкендер алса сөз басын, кішілер тұрар бас иіп» деген тәмсіл бар. Жасыңыз үлкен, алдымен Сіз сөйлеңіз, Сізден сөз қалса, мен айтайын» деп әдеп көрсетіпті. Тосылып көрмеген Нияз би: «Жердің құты – жаңбыр, елдің құты – азамат, ауылдың құты – жақсы әйел, аймақтың құты – әділ басшы» деп жауап беріпті. Хан да, жиналған билер де риза болыпты. Сөздің төркінін түгендеген даналардың естеліктері әлі күнге өз құнын жойған жоқ. Бүгінде биікке салынған кесене көненің көзіндей құнды жәдігерге, киелі орынға айналды» дейді автор. Осы ретте тасын түртсеңіз тарих ақтарылатын Тайтөбеден Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов секілді ұлт мақтаныштары шыққанын да атап өтуге тиіспіз.
Екінші бөлімде шаңырағына қарлығаш ұя салған киіз үй туралы тамаша естелікте «Атамыз – Алаш, керегіміз – ағаш» дейтін дана халқымыздың арғы-бергі тарихында киіз үйдің алатын орны мен маңызы ерекше екені жазылған. Автор «Қазақ халқы «Шаңырағын берік, керегең кең болсын» деп тілекті де киіз үймен байланыстырып айтады» дей келе, киіз үйді қазақтың қарашаңырағына теңейді. Мақаланы оқып отырып, мына бір оқиға есіме түсті. Қызылорда қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнография залында тұрған алты қанатты үлкен киіз үй бүгінде Сырдария ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарып жүрген Руслан Рүстемұлының ата-бабасы тұтынған қасиетті дүние екенін біреу білсе, біреу білмейді. Мен де оны жақында білдім. Іргелі әулеттің ұқыптылығына, рухани жәдігерге деген жа­на­шырлығына тәнті болдым. Облыстық та­рихи-өлкетану музейінің мамандарының айтуынша, музейге келушілер алты қанатты үлкен киіз үйге ерекше қызығушылық танытып, міндетті түрде естелік суретке түседі екен. Шіркін, осынау киелі дүние бейбітшілік құсы биікте самғаған кезеңде әр қазақтың ауласында тігулі тұрса...
Халқымызда «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар. Өмірзақ Озғанбаев ағамыздың «Мақтанышы елім­нің» атты кітабының соңғы бөлімі «Қарты бар ел...» деп аталады. Бұл бөлімде ардагер­лердің республикалық алқалы жиындарында айтылған ұсыныс-пікірлер, оқылған баяндамалар мен сұхбаттар топтастырылған. Сондай-ақ автор үлкен-кішіге үлгі етуге жарайтын бірқатар ардагердің тағылымға толы тағдырынан сыр шерткен. Өмір өткел­деріндегі естен кетпес сәттердің жарқын естелігі болып табылатын суреттер топтамасы да сапалы берілген. Мұның бәрі автордың ыждағаттылығын, әр іске мұқият қарайтынын білдіреді. Кітапты оқу барысында мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев ағамыздың таным-түсінігі мен парасат-па­йымы ұлттық идеологиямен, ұлттық тәлім-тәрбиемен астасып жатқанына куә болдым. Сондықтан азат елдің озат ойлы жастарына, өз замандастарыма «Мақтанышы елімнің» атты тамаша кітапты оқуға кеңес беремін. Ал мені Өмірзақ Озғанбаев ағамызбен жақындастыра түскен аудан әкімі Руслан Рүстемұлы мен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлына шексіз ризашылығымды білдіремін.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
13 маусым 2020 ж. 724 0