Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан дамуына оң баға берді

Аудан дамуына оң баға берді

Облыс орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың 80 жылдығына орай «Қарымды қайраткер. Талантты тұлға. Абыз ақсақал» тақырыбында облыстық ғылымитанымдық конференция өтті. Конференция жұмысына облыс әкімі Қ.Ысқақов, республикалық «ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Ө.Озғанбаев бастаған ардагер ұйымының мүшелері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияда аймақ басшысы Қызылорда облысының дамуына ерекше еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановты еске алып, сөз сөйледі.
– Сейілбек Шаухаманұлы – тек ірі деңгейдегі басшы, мемлекет қайраткері ғана емес, ұлт жоқтаушысы бола білген қабырғалы қайраткер. Ғибратты ғұмыр иесі Сыр елінің өркендеуіне, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуге зор үлес қосып, өзі ғана емес, ардагерлерді де осыған жұмылдырып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан еді. Сейілбек Шаухаманұлы – еңбек жолында қатардағы инженерден облыстың бірінші басшысына дейінгі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған тау тұлға болған. Бүгінгі мәртебелі жиында Сыр елінің кемеңгер ұлы, қажырлы қайраткер Сейілбек Шаухаманұлының тұлғалық тұрпаты, болымды болмысының сан қырлары кеңінен ашылып айтылады деп сенемін. Конференция жұмысына сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, шарада республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев, Сейілбек Шаухаманұлымен қатар жүріп, қызметтес болған замандастары, облыс ардагерлері С.Шаухаманов туралы естеліктерін айтты.
Конференция жұмысына қатысқан құрметті меймандар түс ауа Сырдария ауданына атбасын бұрып, аудандағы мәдени нысандармен және ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Ардагерлерді аудан әкімі Р.Рүстемов күтіп алып, аудан әкімдігінде шағын құрамда жиналыс өтті. Мұнан соң аудан басшысы «Достық үйінің», «Еңбек Даңқы» музейінің жұмысымен таныстырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан, руханият, мәдениет салаларында атқарылып жатқан жұмыстардан мағлұмат берді. «Достық үйінде» орналасқан әрбір үкіметтік емес ұйымның өкілімен кездесіп, пікірлескен республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Ө.Озғанбаев ауданда ардагерлерді ардақтаудың жарқын үлгісі қалыптасқанына оң баға берді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы мен Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев аудан ардагерлеріне құрмет көрсету шаралары тұрақты түрде өткізіліп жатқанын айтып, жұмыс бөлмелерімен, атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет топтастарылған стендпен таныстырды. Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев сырдариялық ардагерлердің белсенділігі жоғары екеніне тоқталды. Ал «Еңбек Даңқы» музейінде болған ардагерлер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттер аясында ашылған музейдің аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталық екеніне таңданыстарын білдірді. Музей қорында жинақталған құнды мәліметтердің таза, ұқыпты сақталғанына жоғары баға берді.
Ардагерлердің сапары мекемелер үйінде ұйымдастырылған келелі кездесумен жалғасты. Аудан әкімі Р.Рүстемов ашып, жүргізіп отырған кездесуге еңбек ардагерлері, ауылдық ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағалары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Аудан басшысы елдің ұйытқысы, бірлік пен берекенің дәнекері болған ардагерлерді ардақтау, оларға құрмет көрсету – абыройлы міндет екенін атап өтті. Өз кезегінде республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Ө.Озғанбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева орнықты ой, пайымды пікірлерін ортаға салды. Елбасының, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес өмір жолы өнегеге толы қазыналы қарияларды қадірлеу шаралары жалғаса беретінін жеткізді.
Сапар қорытындысында аудан басшысы Р.Рүстемов аудан халқының атынан республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Ө.Озғанбаевқа ауданның 90 жылдық мерейтойына орай әзірленген естелік сыйлықты табыс етті. Жыл аяқталар тұста дидарласып, естелік суретке түскен ардагерлерге жаңа жылдық сыйлықтар да берілді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
29 желтоқсан 2019 ж. 593 0