СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА ЗАМАДДИН ИБАДУЛЛАЕВТЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ АЛАМАН АЙТЫС ӨТТІ
Сырдария ауданында айтыскер-ақын, өтірік айтыс жанрының майталманы Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдығына орай аудан әкімдігінің қолдауымен «Заңғар ақын – Замаддин» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен аламан айтысқа елімізге белгілі ақындар Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Марат Сүгірбай, Ержеңіс Әбдиев бастаған 10 дарынды ақын қатысып, сөз барымтасының көрігін қыздырды.
Айтысты аудан әкімі Руслан Рүстемов ашып, құттықтау сөз сөйледі.
– Бір ел бір елге тек үш құндылығымен ғана мақтана алады. Оның біріншісі ұлттың төл өнері болса, екіншісі тамыры терең тарихы. Ал, үшіншісі әдебиеті мен мәдениеті. Міне, осы ретте өнер атты құндылықты Ұлы көш ретінде елестетер болсақ, өзгелерді өзіндік сән-салтанатымен, даралығымен таңғалдырған қазақтың әдебиеті мен мәдениетін, руханиятын баға жетпес қазына деп бағалауға болады. Халқымыздың бай мұрасы ықылым заманнан бері атадан-балаға мирас болып, лайықты дәріптеліп келеді. Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары төл өнеріміздің төрден көрінуіне жаңаша жол ашты. Әрине, талант – Тәңірден. Әрбір талант – дара дарын иесі. Сондықтан талантты тірісінде қадірлеп, құрмет көрсету – бәріміз үшін ортақ міндет. Оның үстіне қазақ халқында қандай да бір мереке айтыс өнерінсіз өтпегенін негізге алсақ, «Алтын дән» мерекесімен тұспа-тұс өткізіліп отырған бүгінгі айтыс – ауданымыздың ынтымақ-бірлігін, берекелі іске бейім екенін білдіреді. Айтыс аламанының ақтаңгері, табан астында өтірік өлең құраудың Тазша баладан кейінгі төл иесі Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған айтысқа қош келдіңіздер. Ақынын ардақтаған елдің мерейлі мерейтойымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі айтыстың ерекшелігі, Замаддин Ибадуллаев ағамыз ортамызда, яғни талант біздің төрімізде отыр. Лайым, ақын ағаның өмір жасы ұзақ болып, мерейлі мерейтойларын аудан жұртшылығымен бірге атап өтуді жазсын! Бүгінгі айтысқа алыстан ат терлетіп арнайы келген халық ақыны Әселхан Қалыбекова апамызға шынайы ризашылығымды білдіремін, - деген аудан басшысы айтысқа қатысушы барлық ақындарға сәттілік тіледі.
Айтыстың ашылу салтанатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова айтыскер-ақын Замаддин Ибадуллаевқа облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың құттықтауын табыс етіп, айтысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сонымен бірге, аудан әкімі Руслан Рүстемов пен аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының төсбелгісін тағып, иығына шапан жауып, қаржылай сыйлық берді.
Сондай-ақ ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Сақтапов Замаддин Ибадуллаевтың жақында ғана жарыққа шыққан «Бағдары ауған пенделер» атты кітабының тұсауын кесті. «Замаддин Ибадуллаев атындағы» дәстүрлі ақындар клубының сертификатын ақын Замаддин Ибадуллаев өз қолымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиевке салтанатты түрде табыстады. Марапаттау рәсімінде 300-ге жуық тұрғын тік тұрып қол соғып, ақынға шынайы құрмет көрсетті.
Мұнан кейін Замаддин Ибадуллаевтың төл шәкірті, ақын Мамыр Байдәулетов айтыс тізгінін қолына алып, қазылар алқасының құрамымен таныстырды. Қазылар алқасының төрайымы халық ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының Жамбыл Жабаев атындағы сыйлығының тұңғыш иегері, Отырар ауданының, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова болса, қазылар алқасының құрамына ақын-журналист, «Рух» халықаралық әдеби байқауының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ұларбек Нұрғалымұлы мен ақын, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы енді.
Айтысты қазалылық Марат Сүгірбай мен шиелілік Мейрамбек Ибрагимов бастап, орнықты ой, пайымды пікірлерін өлеңмен өрнектеп, сөз сайысының көрігін қыздырды. Қазалылық ақын Марат Сүгірбай талантын ардақтаған ауданның үлгілі ісін жырға қосса, қазалылық ақын Мейрамбек Ибрагимов заңғар ақын Замаддин Ибадуллаевтың айтыс өнерінің дамуына қосқан үлесін жыр тілінде көрерменге жеткізді.
Екінші жұп болып белгіленген ақын Бексұлтан Орынбасаров пен Нұрзат Қару қыз бен жігіттің әзілмен астасқан тамаша айтысын көпшілікке көрсете білді. Орамды ойларын астарлы әзілмен жеткізген қос ақын жиналған жұртшылықты қыран-топан күлкіге қарық қылып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал, үшінші жұпты құраған қармақшылық Тұрар Бекмырзаев пен сырдариялық Ерасыл Бәйментай аға мен іні арасындағы рухани байланысты өлең тілінде әспеттеп, айтысты тамашалауға келген қауымның ыстық ықыласына бөленді. Өз кезегінде сырдариялық ақын Ерасыл Бәйментай осыдан 20 жыл бұрын анасының бетін ақын Замаддин Ибадуллаев ашқанын, беташарда ардақты ақын жас келінге ақын перзент дүниеге әкел деп ақ бата беріп, сол тілек қабыл болып, өзінің сахнада халыққа жыр арнауының астарын заңғар ақынның ақ ниетімен байланыстырды. Ал, қармақшылық ақын «Замаддинның бір өзі бір театр, Тереңөзектің бір өзі – Қазақстан» деп ауданда үш жүздің баласы тату тәтті өмір сүріп, жемісті еңбек етіп жатқанын тілге тиек етті.
Төртінші жұп сайысында қол соқпаған көрермен, қол соқтыра алмаған ақын болмады. Дарынды ақын Нұрмат Мансұров «Ел десе берілмейді сезімге кім, Сәлеммен ағытайын сөз ілгегін» деп бастап бір күндік тойдың мың жылдық әсер қалдыратынына ақындық ақ пейілмен зор сенім білдірді. Ал, Нұрматтың қарсыласы айдынды Арал ауданының намысын ту еткен Ержеңіс Әбдиев айтыс сахнасының төрінен халықтың жүрегі жыр деп соқса, ақынның абыройы асқақтайтынын шырқады. Сондай-ақ, қос ақын «Ырыстың Сыр елінде тұрақтауы, Күріштің арқасында деген дұрыс», «Сексен жасы дүркіреп тойлануда, Енді тоқсан жасында жолығайық» деген секілді түйінді сөздерімен айтыстың шырайын аша түсті.
Соңғы жұп Мұхтар Ниязов пен Мұхамеджан Бағдатұлы ақынын төбесіне көтерген елдің ынтымағын, бірлігін жырға қосты. Сонымен бірге қоғамдағы өзекті мәселерді де қозғап, шабыттың шырқау биігінен түйінін тарқатты. Жас ақын Мұхамеджан Бағдатұлы алыппен айтысқанын тілге тиек етсе, дүлдүл ақын Мұхтар Ниязов інісіне ағалық бағыт-бағдар беріп, өмірде де, өнерде де сәттілік тіледі. Осылайша, айтыскерлер аудандық мәдениет үйіне жиналған жыр сүйер жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, аудан тұрғындары мен қонақтарын бір серпілтіп тастады.
Қазылар алқасының шешім шығарып, жеңімпаздар есімі белгілі боламын дегенше Сыр сүлейлерінің жалғасы ретінде Марат Сүгірбай мен Бексұлтан Орынбасаров жырдан шашу шашты. Мұнан кейін марапаттау рәсімі басталып, қазылар алқасының төрайымы халық ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының Жамбыл Жабаев атындағы сыйлығының тұңғыш иегері, Отырар ауданының, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова Замаддин Ибадуллаевқа арнау өлеңін оқып, кітабын сыйға табыс етті. Ақынға зор денсаулық тілеп, ақынын ардақтаған елге алғысын айтты.
Марапаттау қорытындысына тоқталар болсақ, қаржылай сыйақысы 100 000 мың теңгені құрайтын ынтыландыру сыйлықтарын Нұрзат Қару, Мейрамбек Ибрагимов, Тұрар Бекмырзаев және Марат Сүгірбай иеленді. Ал, жүлде қоры 200 000 мың теңгені құрайтын үшінші орын аралдық Ержеңіс Әбдиевке берілсе, екінші орын тұғырынан елімізге белгілі ақындар Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұров көрініп, қос ақынға 300 000 мың теңгеден берілді. 400 000 мың теңгелік сертификат жүлделі бірінші орынды иемденген сырдариялық Мұхамеджан Бағдатұлына табысталды. Айтыстың бас жүлдесін иеленген Ерасыл Бәйментайды аудан әкімі Руслан Рүстемов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенов марапаттап, жас ақынға 500 000 мың теңгенің қаржылай сыйақысын табыс етті. Ал, көрермен қауымның көзайымына айналған жас ақын Бексұлтан Орынбасаров арнайы жүлдеге лайықты деп танылды.
Марапаттау шарасында айтыскер-ақын, өтірік айтыс жанрының майталманы Замаддин Ибадуллаевтың ұрпақтары қазылар алқасының құрамында болған ақын-журналист, «Рух» халықаралық әдеби байқауының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ұларбек Нұрғалымұлына халқымыздың игі дәстүрі бойынша шапан жауып, құрмет көрсетті. Аламан айтыстың соңында жеңімпаздар естелік суретке түсіп, айтысқа жиналған жұртшылық рухани азық алып, зор тебіреніспен тарқасты.