Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсат – білімді, білікті мамандарды іріктеу, олардың ел дамуына үлес қосуына жол ашу

Мақсат – білімді, білікті мамандарды іріктеу, олардың ел дамуына үлес қосуына жол ашу

Елбасы – Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың 17 тамыз күні мен 3 қазаны аралығында партия ішілік таңдау, яғни праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойғаны белгілі. Бұл ел үшін аса маңызды саяси шешім болды. Атап өту керек, өткен жылы пилоттық жоба ретінде ұйымдастырылған праймериз Қызылорда облысы бйоынша Сырдария ауданында өткен болатын. Бүгін аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақыппен сұхбаттасып, пилоттық жобаның мақсаты, ұйымдастырылу барысы мен күтілетін нәтижелер жөнінде сұрақтарды талқылаудың сәті түсті.
– Еркебұлан Төлепбергенұлы, сұхбатымызды пилоттық жобаның түпкі мақсатынан бастасақ.
– Өзіңізге белгілі, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен жетекші партияны жаңғырту жұмыстары басталды. Бүгінде нақты міндеттер айқындалып, жоспарлар құрылып, еліміздің барлық өңірінде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде «Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша пилоттық жоба ретінде кадрлық резервке іріктеу жұмыстарын ұйымдастыру да бар. Былтыр аталған жоба еліміздің 14 облысында, біздің аймақта Сырдария ауданында жүзеге асты. Мақсат – мықты мамандарды іріктеу, олардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуына жол ашу болып табылады. Биылғы праймериз 17 тамыз бен 3 қазан аралғында өтеді.
– Партиялық кадрлық резервке өту үшін кімдер құжат өткізді? Түсінікті болуы үшін былтырғы талаптар мен сұратылған құжаттар жөнінде айта өтсеңіз.
– «Nur Otan» партиясы тарапынан ұйымдастырылып жатқан кадрлық резервтің ерекшелігі, пилоттық жобаға үміткер ретінде партияға мүше емес азаматтар да қатысты. Іріктеу 3 кезеңнен тұрды, оған жасы 20-дан асқан кез келген тұрғын құжат өткізіп, тіркелу мүмкіндігіне ие болды. Сұратылатын құжаттар көп емес, атап айтқанда, үміткерлер жеке куәлік көшірмесін, соттылығы жоқ екенін және наркологиялық, психоневрологиялық есепте тұрмайтынын растайтын анықтама өткізіп, белгіленген үлгіде өтініш толтырды. Өтініштер аудандық филиал арқылы ағымдағы жылдың 28 қазан және 4 қараша күндері аралығында қабылданды. «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Әлназарованың қатысуымен алдын ала облыс орталығында БАҚ өкіл-деріне арналған баспасөз мәслихаты өткізіліп, облыстық, аудандық газетке және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларға хабарландырулар жарияланды.
– Былтыр аудан бойынша қанша үміткер тіркелді?
– Аудан бойынша бастауыш партия ұйымдарының және азаматтардың өзін-өзі ұсынуы негізінде 47 азамат тіркелді. Олардың аты-жөні, бағдарламасы аудандық басылымда жарияланды. Үміткерлер 5 қарашадан бастап партия мүшелерімен түрлі форматта кездесулер ұйымдастырып, ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізді. Оның ішінде ең жас үміткер 22 жаста болса, 30 жасқа дейінгі 9 азамат құжат тапсырды. Яғни кадрлық резервке құжат өткізген үміткерлердің ішінде былтыр жастардың үлес салмағы басым болды.
– Биылғы жылғы жаңашылдықтар жөнінде айтсаңыз? Талаптар өзгерді ме?
– Қолданысқа енген Қаулыға сәйкес праймериз 5 кезең бойынша жүргізіледі. Ең алдымен кандидаттарды ұсыну және тіркеу жұмыстары үйлестірілсе, сонан соң кандидаттарды үгітке даярлау бағытындағы жұмыстар ұйымдастырылады. Үшінші кезең үгіт-насихат жұмыстарын қамтыса, төртінші кезеңде дауыс беру өткізіледі. Бесінші кезеңде тізімдер дайындалады. Бәрі ашықтық, жариялылық қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Онлайн форматта өткізілуі де мүмкін, оған партияның мүмкіндігі толық жетеді. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасымен партиялық тізімдердің құрамында әйел азаматтардың үлесі кем дегенде 30 пайыз, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 20 пайыз болуы қажет. Сондай-ақ, қоғамның басқа да әлеуметтік топтары өкілдерінің мүдделері ескерусіз қалмайды. Партияішілік іріктеу бәсекелестікті ынталандыру өңірлерден мүлдем жаңа есімдерді анықтауға бағытталып отыр десек қателеспейміз.
– Қоғамның партия ішілік іріктеуге деген пікірі, көзқарасы қалай?
– Тарихқа зер салсақ, праймериз XIX ғасырдың ортасында Еуропа, Азияның кейбір елдері және Латын Америкада кеңінен қолданылған екен. Бүгінде Германия, Ұлыбританияның саяси күштері, АҚШ пен Канаданың либералды партиялары мен Түркия бұл үрдісті сайлау қарсаңында жиі қолданады және оны Ата заң аясында реттеген. Олар, негізгі сайлауды ішкі іріктеуден соң өткізеді. Бұл ел ішінде беделі басым, халыққа сөзі өтімді, партияның жұмысын іштей білетін білікті мамандарды анықтау үшін таптырмас құрал екендігін сол елдер тәжірибесінен байқауымызға болады. Праймериз туралы Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаев партияның Саяси кеңесі бюросының отырысында «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын» деген болатын. Қорыта айтқанда, праймериз барысында партияның барлық деңгейдегі тұлғалары сайлау науқаны басталғанда ел арасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасымен таныстырып, ашық пікірталасқа түседі. Осылайша үміткерлердің саяси ұстанымы мен ұсыныстары ел алдында ашық, жариялы түрде анықталады. Суырылып шыққан мықтылар, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, одан әрі үлкен сайлауға түседі. Бұл қоғам белсенділері үшін таптырмас мүмкіндік.
– Көп дауысқа ие болғандарды болашақта қандай жұмыс күтеді?
– Праймериз нәтижесінде кім көп дауысқа ие болады, сол аудандық, облыстық мәслихат пен Мәжіліске депутат атану құқығын иеленбек. Мұндай ашықтық партия қатарын шынайы халықшыл азаматтармен толықтыруға және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпіліс әкелетін жаңа көзқарасты саясаткерлердің пайда болуына толық мүмкіндік туғызбақ. Ендеше, ел үшін де, қоғам үшін де тиімді бастамаға белсенді азаматтарды қатысуға шақырамын. Партия белсенділеріне сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Балтабай ОРДАБЕКОВ

10 маусым 2020 ж. 527 0