Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мистикалық әңгімелер

Мистикалық әңгімелер

Жазушы, драматург Мәдина Омарованың әңгімелері сиқырлы сазымен, нәзік иірімдерімен, ойлылығымен, мәтіннің ішкі әуезділігімен өзгеше. qazaqadebieti.kz әр жылдары жазылған бір топ мистикалық әңгімелерін ұсынып отыр. Басылым беттерінен көп көріне бермейтін қаламгердің бұл әңгімелері оқырманды ойлы мұңға, сырлы әлемге жетелейді.

Патша қызының өлімі
(ертегі)

Бір үлкен патшаның баласы болмапты. Патшайым екеуінің арманы перзент сүю екен. Ғаламат зор елге билігін жүргізіп отырған адамның ақылы да көл-көсір болатыны белгілі. Патша бұл жағдайға бола іштей уайымдағанмен, ел-жұртына сыр білдірмей, қашанда кішіпейіл, мейірімді қалпынан жаңылмайды екен.

Бірақ Патшайым заты әйел болғаннан кейін осалдық танытып, Құдайға жалбарынып, күні-түні бала сұрай береді екен.

Ақыры бір күні патша түс көреді. түсіне ақ сақалды әулие кіріп, аян береді. «Балам, — дейді шал Патшаға, — жұбайың екеуің бір перзентке зар едіңдер, бұл кемдік Құдайдың сендерге жіберген сынағы еді. Сен шыдамдылық танытқанмен, Патшайым күні-түні жалбарынып, перзент сұрап жылап жүр. Сондықтан періштелер аумин деп, Алланың рақымшылығы түсіп, сендер қызды болатын болдыңдар. Бірақ сынақтың аты сынақ, оны ешкім жоя алмайды, дүниеге келетін Қыздың бойына ауыр сырқат бітеді. Сол дерттен тіпті межелі уақытынан бұрын қайтыс болып кетуі де мүмкін. Сондықтан абай болыңдар, балалар, дертін дендетіп алмаңдар». Таңертең оянған Патша: «Апырым-ай, бұл не деген таңғажайып түс еді» деп таң қалады. Патшайымға айтып, екеуі бір қуанады, бір мұңаяды. Дегенмен, басқа салғанды көрмек болып бел шешеді.

Расымен де сол сәттен тоғыз ай, тоғыз күн өткенде, Патшайым дүниеге қол-аяғы балғадай, періштедей сүйкімді нәрестені алып келеді. Қыз баланың тәбеті өте жақсы, ешбір сырқат белгілері білінбейді. Оны көрген Патша мен Патшайымның, Патшалықтағы бүкіл халықтың қуаныштарында шек жоқ. Себебі ел-жұрты Патшаны және оның отбасын өте жақсы көретін. Себебі Патша әділ және халықтың қамын ойлайтын мейірімді, жомарт жан еді.

Осындай бақытты шаттықта күн артынан күн, жыл артынан жыл өтіп жатты. Патшаның қызы да өсіп, балдырғаннан бүлдіршінге, артынан жеткіншекке айналды. Және ай десе аузы, күн десе көзі бар мінсіз сұлу болып өсті.

Патша кейде қызына мейірлене көз тастап отырып баяғыда көрген түсін есіне алатын. Кемеңгер Билеуші ол түстің жай нәрсе емес екенін білетін, бірақ қызының бойынан тырнақтай ақау таба алмай дал болатын. Қыдыр әулие айтқан қандай дерт ол? Міне, қызының жасы биыл он үшке шығады. Дені-қарны сау, жайқалып өсіп келеді…

Қанша кемеңгер, дана болса да, патша бір нәрсені байқай алмаған еді. Ол қызының бойынан тек тән дертін іздейтін, денсаулығына ғана алаңдайтын, қызының маңына емші-балгерлерді жинап, тамырын ұстатып, бойындағы бар өзгерісті үнемі қадағалап отыратын. Бірақ ол бір нәрсені көңілден де, көзден де қағыс қалдырған еді. Ол қағыс қалған нәрсе — қызының жан-дүниесі болатын. Патша қызы ерекше қызғаншақ, көрсеқызар болып өсті. Бірақ дүние мен ішім-жемнен таршылық жоқ патша отбасында оның бұл мінезі тіпті байқалмады десе де болады. Себебі ол қалаған көйлегіне, асыл әшекей мүлігіне сол сәтте иелік ететін. Содан кейін ол өзінен төмен сатыдағы күтушілерін, малайларын, сарай маңындағы дәрігерлер мен қызметшілерін жаны бар, өзі тәрізді адам деп қабылдамайтын. Олардан тітіркене жиреніп, барынша аз қарым-қатынас құруға тырысатын. Бақытсыздыққа қарай, бұл мінезі де ешкімге оғаш көрінбеді. Себебі ол Патша қызы емес пе? Әу бастан жаратылысы бөлек, санаты биік. Тырнақтай болып іріп басталған дімкәстік ұлғая келе бәрібір сыртқа атылады. Бұнда да солай болды.

Бір күні Патша сарайында жантүршіктірер бір оқиға орын алды. Патшаның қызына ән үйрететін кемпір бірде сабаққа алтын білезік тағып келді. Әлдебір көз көріп, ел естімеген асыл тастармен тұтас безендірілген қызылды-жасылды алтын білезік патша қызына сондай қатты ұнаған. Білезіктен шынымен жан-жағына нұр тарап, айналаны ерекше сәулелендіреді екен. «Мұғалима, білезігіңіз неткен әдемі еді, тағып көруге бола ма» деп сұрайды Патша қызы кемпірден. Ән өнерінің шебері, Ұлы ұстаз кейуана ойында ешнәрсе жоқ, білезігін шешіп, Патша қызына ұстатты. Патша қызы білезікті тағып көріп, әрі-бері айналдырып, әбден қызығады. Басында қызыққанымды байқаса, өзі сыйлай салар деп дәмеленген еді, бірақ кемпір білезіктің шешесінен қалған жалғыз көз екенін және оның сиқырлы екенін, егер басқа жанның иелігіне өтсе, оған бақытсыздық әкелетінін айтып түсіндіреді. Кемпірдің білезікті бермейтінін ұққан Қыз шыңғырып жібереді, жүрегіне әлем-тапырық улы КЕК толып, жер тепкілейді. Тұрған жерінде көкпеңбек болып талып қалады. Сабақ бөлмесіне келген күзетшілерге кемпірдің өзін өлтірмек болғанын айтады.

Бұл уақиғаны естіген халық жағасын ұстап, аһ ұрады. Патша мен Патшайым қапыда келген қастықтан аман қалған Қыздарын құшақтап, Құдайға мың да бір тәуба айтады.

Және сол күні-ақ кеш батпай, Ән сабағының шебері, Ұлы ұстаздың басы шабылады… Ал Алтын білезікті Патшаның қызы иеленіп шыға келеді…

…Осы оқиғадан соң көп ұзамай Патша қызының әлдебір белгісіз дерттен көз жұмғанын әңгімелеп жату артық болар… Көрсеқызарлығы мен менмендігі кішкентай арудың түбіне жетіп тынды.

Патша мен Патшайым көп жылады, ақыры күндердің бір күні өз-өздеріне келіп, тағдырдың ауыр сынағына төзімділік танытты. Елдеріне әрі қарай адал қызмет етті.

Дегенмен олар Ару Қыздарының қандай дерттен құрбан болғанын ақыры түсіне алмады…

ҚАРИЯ

Үлкен қаладағы сәулетті сарайлардың тасасындағы ескі үйде қалтылдап әрең қозғалатын, аппақ жұқа шашы желкесін жапқан қария тұрады. Оның жалғыз сары ала мысығы болатын. Жұмсақ жүнінің мыж-мыжы шығып қашан көрсең де ұйықтап жататын жалқау, семіз мысық. Мияулағанын немесе әлдебір шалт қимыл жасағанын ешкім көрген емес. Еріншек. Олар елеусіз, ескі үйлерінде екеуден-екеу ұзақ тұрды. Таңертең қолына баянын алып кететін қарт түс ауа нан, сүт, кейде тіпті қаймақ алып оралады. Ал, бір күні күтпеген жерден Қария үйге әлдекімді алып келді.

– Міне, мынау біздің үй, сен де еңді осыңда тұрасың. Қорықпа, қорықпа.

Таң қалған Мысық екі көзін бірдей ашып құлақтарын тікірейтіп алды.

– Міне, мынау Мысық.

Түкке түсінбей қарияға қараған ол оның қолындағы кішкентай жап-жасыл тотықұсты енді байқады. Жан-жағына мұқият зер салып қарап алған құс кенет шиқ ете қалған. Содан соң тағы бір рет, содан соң тағы. Өзі әбден сөзшең екен. Нәзік, бейкүнә үнмен үздіксіз шиқылдайды. Әлденеге қайран қалады. Әлденені жақтырмайды. Ұрсады, күледі ішек-сілесі қатып. Әйтеуір күн демей, түн демей сөйлей береді, сөйлей береді…

Мысық алдымен бұл қай мазағың дегендей Қарияға ұзақ қараған. Оның қалбалақтап біресе жем, біресе су қойып әбігерге түскен кейпін көрген соң мойнын терезеге бұрды. Содан кейін басын бауырына тығып көзін жұмған. «Білгенін істесін». Ал Қария бақытты еді. Түсінен шықпайтын құс бұл. Сөйлейді! Қарияны басқан ізінен қалмай ұшып иығына, төбесіне қонады. Бақытты еді қария.

Осылайша біршама уақыт өтті. Бір күні әдеттегідей түс ауа сүт, нан, жем алып келген Қарияны Үнсіздік қарсы алды. Жүрегі аузына тығылған.

– Тотықұс?! Тотықұс, қайдасың? Мышым, Тотықұс қайда?

Мысық басын да көтерген жоқ.

Ас үй, жуынатын бөлме, дәретхана… Еш жерде жоқ. Кенет қарияның көзі бұрышта шашылып жатқан жасыл қауырсындарға түсті.

– Мысық?

Қалтыраған денесіне ие бола алмаған Қария жерге отыра кеткен.

– Оның не, Мышым? Неге?

Әжім басқан жүзіндегі салаларды қуалап жас ақты көзінен.

– Мышым, оның не?! Оның не? – дей берді қайта-қайта.

Содан соң кенет орнынан тұрды да қатайған дауыспен:

– Сенімен бірге енді тұра алмаймын Шық, үйден! Бар! – деді.

Мысық еппен көтеріліп төсектен секіріп түскен.

– Кет!

Ол ашық жатқан есіктен шыға жөнелді. Артына бұрылған жоқ.

Осылайша Қария ескі де елеусіз үйде мүлде жалғыз қалды.

ЖАРТАС БАСЫНДА

Теңіз жағасында самал еседі. Алып судың мәңгі серігі тұтқын самал. Кейде ерегісіп дауыл көтереді. Ал әдетте бүгінгідей момақан, елеусіз. Осы самал мекенінде долы толқынға кеудесін ұрғызған алып жартас тұратын. Оның үстінде уақыт пен ылғал жеп жапырайған жалғыз лашық бар. Есік-терезесіз, шатыры ортасына түскен төрт қабырға. Осы жерге кеш бата салысымен еркек пен әйел келіп, қараңғы түскенше күбірлесіп сөйлеседі, ары-бері жүріп сабылысады, ал кейде теңіз жаққа телміреді.

– Бүгін де көрінбейді.

– Күн батып бара жатыр.

Әйел лашықтың ішіне үңілді. Үңірейген суық ызғарға қолқа қабар нәжіс иісі араласқан.

– Мынаны қара.

Шашқа қыстыратын темір көбелек. Әйел алақанына салып үрлеп топырақтан тазалады.

– Қандай әдемі. Кім жоғалтты екен. Қарашы.

Иығына төгілген ауыр қара шашына қона қалған көбелек ұша жөнелердей қомданады.

– Әдемі ме?

– Иә.

Еркектің зейіні көкжиекте. Ара-тұра қалың қастары көмкерген қабағының астымен лашық үйге ұзақ көз тастайды.

– Есіңде ме, терезенің тұсында кішкентайдың бесігі тұратын.

– Иә. Ол түні бойы жылайтын. Тым мазасыз еді.

– Ал сен ұйқысыраған дауыспен түні бойы әлдилеп шығатынсың.

Әйел жымиды.

– Ал мұнда үстел болатын.

– Иә…

Еркек жанарын қайтадан теңізге аударды.

– Содан кейін мен сені күте бастадым.

Ол енді әйелдің бетіне қарады.

– Алдымен кішкентай түнде жылағанын қойды, содан соң балалармен балықшы болып ойнайтынды шығарды, содан соң ержетіп, балықшы болды. Сен сияқты…

– Және мен сияқты бір дауылды күні ол да теңізге кетті.

Әйел қырынан отырған оған тесіліп қарады да:

– Сенің артыңнан… – деді.

– Содан кейін сен де…

– Иә, содан кейін мен де… Теңізге кеттім…

Әйел жүзін көкжиекке бұрып әкетті.

– Әлде ол тірі ме екен?

– Мүмкін емес, – деді еркек, – мен білемін. Ол жол үстінде. Келе жатыр.

– Бұл жақта да күн күтумен өтеді екен…

Сол кезде еркек әйелді иығынан құшақтап, бауырына басады.

Осы қос елес жартас басына ымырт үйіріле бастағанда күнде келеді.




29 мамыр 2020 ж. 1 115 0