ТҮС ЖОРЫҒАН СОРЛЫ
Баяғыда бір кедей адам болған екен. Ол қанша тірлік етсе де тапқаны отбасын асырауға жетпей, тірлік жасаудан безіп, бала-шағасын тастап ел кезіп кетуді ойлапты. Сонымен жол азығын алып, беті ауған жаққа қарай жол тартады.
Бір жерлерге келгенде жол айрығында тұрған ақ киімді, қолында ақ аса таяғы бар қарияға жолығады. Қария: «Ау балам, қай жаққа бара жатырсың, сапарың оң болсын», – деп жөн сұрайды. Жол жүріп кетіп бара жатқан кісі «Ата, мен өзімнің отбасымды асырай алмай, басымның ауған жағына қарай кетіп бара жатырмын», – дейді. Қария болса «Менің айтқанымды жақсылап тыңда, ұғып ал, сенің алдыңда бір шаһар бар, ол шаһардың патшасы түс көріпті, сол түстің мағынасын тапқан адамға үлкен сыйлық береді. Ат басындай алтын аласың, соны маған алып кел, екеуміз бөліп аламыз”, – деп ақыл-кеңес береді. Шаһардың патшасы қасқыр көрді десең болды сен тапқан боласың дейді. Жолаушы барлық ақыл-кеңесті ұғып алып, қоштасып, жол тартады. Күн-түн жүрген жолаушы алдынан манауратып көрінген шаһарды көреді. Шаршап-шалдығып жеткен жолаушы көшеде хабаршыларға не үшін келгенін айтады. Хабаршылар патшаға көшеде бір диуана сіздің түсіңізді жоримын деп жатыр дегенде патша әкел деп шабармандарын шаптырған көрінеді. Патшаға келген диуана түсіңізді тапсам не бересіз сыйлығыңа дейді. Патша келісім бойынша тапсаң ат басындай алтын, таппасаң басың кесіледі деп шарт қояды. Келіспеске амалы қалмаған диуана патшаға сіз түсіңізде қасқыр көрдіңіз деген екен. Сонымен түс жорылып, диуана ат басындай алтынды алып еліне қайтады. Келе жатып әрі ойланады, бері ойланады, басқа жолмен кеткісі келеді. Әйтеуір алтынды баяғы кездескен қариямен бөліскісі келмей, маған енді не керегі бар деген оймен үйіне басқа жолға түсіп, тартып тұрады. Еліне барып ат басындай алтынды балаларына нәпақа қылып, әжептеуір қал-ахуалы жақсарады. Ел қатарына теңеліп қалады. Сонымен күндердің күніне патша тағы да түс көреді. Жоритын адам іздестіріп, жан-жаққа ат шаптырады. Хабаршылар диуананы іздеп табады. Осылай патшамыз түс көріп, түсін жоритын адам іздеп жатыр дейді. Оған диуана барам, бармаймын деген амал айтуға шамасы болмай, мен сіздердің артыңнан барамын деп уәде береді. Қиналған диуана не істерін білмей, үйінен жол азығын алып жолға шығады. Келе жатқан жолаушы баяғы жерге жол айрығына келсе өткенде көрген қария тұр екен. Жолаушы барып, кешірім сұрап, көз жасын төгіп, аяғына жығылып, болған жағдайды баяндайды. Қария тағы да жақсылық жасап, сен патшаға барғанда тағы да ат басындай алтын береді, түсін жорып берген соң оны маған алып кел, екеуміз бөліп аламыз деп түсін айтып береді. Түсінде патша түлкі көрді десең болды сөйтіп сөзіне қанық болған жолаушы баяғы шаһарға қарай жол тартады. Күн-түн жүріп, шаһарға жетіп, патша сарайына барып, патшаның түсін жорып береді. Содан ат басындай алтынды алып, жолға шығып, тағы да айнып, біресе ана жолға түсіп, біресе мына жолға түсіп, олай-бұлай бұлтарып, үйіне тартып тұрады. Еліне барып тағы да шала байыған шаруашылығын жақсартып, ел қатарына қосылып қалады. Бір күні патша тағы да түс көреді. Енді патша бірден баяғы адамды табыңдар, маған алып келіңдер, түсімді жорытамын дейді. Сонымен шабармандар шаруаға келеді. Келген кісілерден қорыққан шаруа енді не амал етерін білмей жылап-сықтап, үйімен қоштасып, патша егер түсін жорымаса басын алады. Содан қорыққан шаруа енді қайттім деп жол тартады. Баяғы жол айрығындағы шалға да берер жауап жоқ, кінәлі екені белгілі. Диуана жол айрығына жетеді. Келсе баяғы қария жолда тұр. Тағы да жылап-сықтаған диуана барлық күнәсін мойындап, аяғына жығылып, кешірім сұрайды. Аяп кеткен қарт қария кешірім беріп патшаның көрген түсін айтады. Ол былай дейді. Сен патшаға жолыққанда түсіңде қой көрдің де. Сонда патша тапқаныңа рахым жасап, ат басындай алтын береді. Оны маған алып кел деп қоштасады. Сол бетімен патша сарайына келген диуана патшаға келіп, сарайға кіруге рұқсат алып, патшаның жұмбағын шешіп, тағы да ат басындай алтынды алып, куанышында шек жоқ үйіне қайтуға жолға шығады. Бұл жолы диуана тіке баяғы жол айрығындағы қарт қарияға жол тартады. Жол айрығына келсе қарт тұр екен. Алып келген алтынын көрсетіп, міне бергені дейді. Бұны көрген қарт болған жәйттің бәрін шаруаға түсіндіріп, баяндайды. Бірінші хан түс көргенде қасқыр көргені сол жылы қасқыр жылы болатын. Міне алтынды алып сен қасқырша қорқаулық жасап, маған соқпадың, үйіңе кеттің. Екінші патшаның түлкі көргені ол жылы түлкі заман болды. Міне сен алтынды алып, түлкіше бұлаңдап, ол жолға, бұл жолға түсіп, ақыры маған соқпай үйіңе кеттің. Үшінші көргені қой. Бұл жылы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болды. Міне осының арқасында сен де тоқшылық кірген заманда алған алтыныңды місе тұтып, маған келіп тұрсың. Сондықтан бұл алтынды өзің бала-шағаңа апарып, нәпақа қыл, – деп қария жол айрығынан жоқ болып кеткен екен.
Өмірзақ БЕДЕБЕКОВ,
Тереңөзек кенті.