Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – негізгі принцип

Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – негізгі принцип

Елімізде бүкіләлемдік пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланып, қауіпті індетпен күрес шаралары ұйымдастырылды. Жұқпалы кесел экономикамен қоса барлық сала жұмысының тұралап қалуына әсер етті. Бұл ретте төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты сот тәжірибесінде кейбір жекелеген сауалдар бойынша мәселелер туындады. Осы орайда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты сот тәжірибесіндегі кейбір сұрақтарға қатысты түсіндірме мәлімдеді. Онда қандай мәселелер қамтылғанын білу үшін аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергеновпен сұхбаттасқан едік.
– Руслан Темірханұлы, өзіңізге белгілі, коронавирус індетіне байланысты елімізде төтенше жағдай енгізіліп, ол 11 мамырда аяқталды. Қазақстан Республикасының Прези­ден­ті Қ.К.Тоқаев енгізген төтенше жағдай еңсерілмейтін күш мән-жайы болып табылады ма?
– Еңсерілмейтін күш дегеніміз төтенше және тойтарылмайтын сипаттарға ие мән-жай. Оның ішінде төтенше мән-жай – жалпыға таныс қоғамдық қатынастарға немесе құбылыстарға қарағанда күнделікті немесе қалыпты өмір сүру салтының шегінен айқын шығатын ерекше, шұғыл жағдай. Ал тойтарылмайтын мән-жай дегеніміз – азаматтық айналымға қаты­сушылардың басым көпшілігінің еркінен тыс орын алатын, оқиғаның немесе құбылыстың басталуынан не олардың салдарларынан объективті түрде айналып өте алмайтын оқиға немесе құбылыс. Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялауына байланысты мемлекетімізде төтенше жағдай енгізілді. Мұның аясында елімізде шектеу шаралары, яғни карантин белгіленді. Бұл халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауға, індеттің кеңінен таралу қаупін болдырмауға, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған шаралар. Осының шеңберінде төтенше жағдай кезеінде көлік құралдарының жүруіне тыйым салу, жеке тұлғалардың жүріс-тұрысын шектеу, мекемелер мен ұйымдардың жұмысын тоқтата тұру, бұқаралық іс-шараларды өткізуден бас тартып, оларды кейінге қалдыру, азаматтарды оқшаулау шаралары мен басқа да шектеулер енгізілді. Яғни төтенше жағдайды енгізу мен қолдану төтенше әрі тойтарылмайтын, тиісінше еңсерілмейтін күш мән-жайы болып табылады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 45-бабы бірінші бө­ліктің 4-тармағына сәйкес істі одан әрі жүргізуге уақытша кедергі келтіретін еңсерілмейтін күш жағдайларында қыл­мыстық істі жүргізу соттың қаулысымен тоқтатыла тұрады.
– Төтенше жағдайға байланыс­ты соттар шарттық міндеттемелерді орындау мүмкін болмайтын дауларды шешу кезінде қандай принциптерді басшылыққа алуы тиіс?
– Бұл жағдайда соттар республика қызметінің ҚР Конституциясында бекітілген қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму және тағы басқа түбегейлі принцитерді негізге алады. Азаматтық кодекстің 8-бабы 4-тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғалар өздеріне берілген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты, әділ әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершілік қағи­даттарын, ал кәсіпкерлер іскерлік әдеп ережелерін сақтауы тиіс. Шартпен бұл міндетті алып тастауға немесе шектеу­­ге болмайды. Коронавирус инфекциясы кәсіпкерлік белсенділікті тоқтатуға немесе бәсеңдетуге, шарттық міндеттемелерді орындамауға алып келгенін ескеріп, эко­номикаға жағымсыз әсерлерді азайту мақсатында тараптарға іскерлік әдеп принциптерін басшылыққа алу және дау­ларды бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігін пайдалану ұсынылады.
– Төтенше жағдай кезеңінде мін­деттемелердің орындалмауына қа­тысты шарт талаптары дауды сотқа дейін немесе соттан тыс реттеу тәртібін сақтауға міндетті ме?
– Егер міндеттеме бұзылса немесе оны еңсерілмейтін күш мән-жайларының салдарынан орындау мүмкін болмаса, онда шарт тараптарының міндеттемелері төтенше жағдай кезеңінде көрсетілген бөлікте өзгертілген деп есептеуге болады. Еңсерілмейтін күш салдарлары қабылданбаған кезде тараптардың бірі іс жүзінде шартты орындаудан және одан туындайтын құқықтық салалардан бас тартады. Азаматтық кодекстің 404-бабының 4-тармағына сәйкес тараптардың бірі шартты біржақты орындаудан бас тартқан жағдайда бұл туралы екінші тарапқа бір айдан кешіктірмей ескертуі тиіс. Шартты өзгертуге немесе бұзуға екінші тарап бас тартқаннан кейін не ұсыныста көрсетілген, не шартта белгіленген мерзімде, ал ондай мерзім болмаған кезде отыз күнде жауап алынбағанда ғана тарап шартты өзгерту немесе бұзу туралы талапты сотқа мәлімдей алады. Соттар дауда сотқа дейін немесе соттан тыс реттеудің міндетті тәртібі сақталмағандықтан, талап қою арыздарын Азаматтық-процестік кодекстің 152-бабы бірінші бөлігінің 1-тармақшасы негізінде қайтаруға құқылы және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмайды.
– Төтенше жағдай кезінде соттар қылмыстық істерді жүргізуді тоқтата тұрады. Осы уақытта сотталушыларды күзетпен ұстау мерзімдерін және өзге де процестік мерзімдерді есептеу тәртібі қандай?
– Соттар онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстық істер бо­йынша сотталушының күзетпен ұстау мерзімі іс сотқа келіп түскен күннен бас­тап және үкім шығарылғанға дейін алты айдан аспауы тиіс деген Қылмыстық-процестік кодекстің 342-бабының талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Сонымен қатар ауыр қылмыстық істер бойынша сот өз қаулысымен күзетпен ұстау мерзімін тек он екі айға дейін ұзартуға құқылы деген талаптардың сақталуын қамтамасыз еткен жөн. Сот Қылмыстық-процестік кодекстің 342-бабында көрсетілген күзетпен ұстау мерзімдері өткен жағдайда сотталушыға бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе өзге де бұлтартпау шарасына ауыстыруы тиіс.
– Қылмыстық процесте Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жылғы 1 сәуірден бастап белгіленген жаңа айлық есептік көрсеткіш қалай қолданылады?
– Қылмыстық процесте Жарлықты қолданған кезде оның ережелеріне сай 2020 жылғы 1 сәуірден бастап айлық есептік көрсеткіш 2778 теңге мөлшерінде болғанын, Жарлықтың өзі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгенін және 2020 жылғы 9 сәуірде ресми жарияланғанын негізге алу қажет. Осыған байланыс­ты айыппұл немесе түзету жұмыстары түріндегі жазаларды тағайындағанда, сондай-ақ жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына өндірілетін мәжбүрлі төлем мөлшерін анықтаған кезде 2020 жылғы 1 қаңтар мен 2020 жылғы 8 сәуір аралығында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша 2020 жылғы 1 сәуірге дейін қолданыстағы 2651 теңге мөлшеріндегі АЕК қолданылады. Ал 2020 жылғы 1 сәуірде және одан кейін жасалған қылмыстық істер бойынша 2778 теңге мөлшеріндегі АЕК-ті қолдану қажет.
– Төтенше жағдай күші аяқталғаннан кейін оның режимін бұзуға байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді тоқтату тәртібі қандай?
– «Төтенше жағдай туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес төтенше жағдайды қамтамасыз ету мақсатында қабылданған және жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарын уақытша шектеуге байланысты нормативтік құқықтық актілер заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімде күшін жояды. Төтенше жағдайдың күшін тоқтату режимді бұзуға байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді тоқтатуға алып келеді. Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін іс жүргізу басталған, бірақ процестік шешім қабылданбаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді оны жүргізіп отырған лауазымды тұлғалар немесе сот тоқтатуы тиіс.

Сұхбаттасқан Е.БЕРКІНБАЕВ

19 мамыр 2020 ж. 632 0