Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

№85 газет

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жылыжай жұмысы жандануда

Жылыжай жұмысы жандануда

Бүгінде халықты көкөніспен, жеміспен толықтай қамтамасыз етудің маңызы зор. Қыс мезгілінде жылыжайда өсірілген қызанақ пен қияр сұранысы жоғары. осы ретте аудандағы білім ошақтары жылыжай өндірісін қолға алған. нәтиже де жоқ емес...
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасындағы жылыжай жұмысы 2015 жылы басталды. Ауданы 210 шаршы метрді құрайтын өндіріс Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың оқытушыларымен бірлесіп көкөніс егуді қолға алған еді. Сол уақыттан бері аталған жоғарғы оқу орнының оқытушылары мен мектеп-лицейдің химия, биология пәні мұғалімдері оқушыларға арнайы сабақ жүргізіп келеді. Мұнда қияр, қызанақ, салат жапырағы, көк жуа, ақжелкен, болгар бұрышы мен редиска секілді көкөністер өсіріледі.
Биылғы жылы аталған жылыжай кешенінде 200 келі қияр өндірілген. Жылына екі рет көкөніс егіліп, өнім жиналады. Айта кеткен жөн, мұндағы ұстаздардың мақсаты – өнімнен пайда табу емес, оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра отырып, балалардың болашақта осы секілді кәсіппен айналысуына ықпал жасау болып табылады.
Мамандардың айтуынша, бұл жылыжай кешені оқушылардың мамандық таңдауына да өз әсерін тигізеді екен. Экожүйе арқылы оқушылар табиғи, сапалы, өнім алу үшін топырақтың құнарлылығын, су құрамын, табиғат бедерін зерттейді. Оны ғылыми жобаға айналдырып, мәселенің шешу жолдарын ұсынады. 6-сыныптан басталған еңбекке араласады. Алғашында олар жылыжай жұмысымен танысады, кейінгі сыныптарда өз біліктіліктерін тәжірибе алаңына келіп шыңдайды. Бүгінде осы жылыжайдың жұмысымен етене араласып жүрген оқушылар республикалық, облыстық ғылыми жобаларда топ жарып жүр. Атап айтқанда, Бағдаулет Барзуов, Әсемай Ахметова, Аружан Жақсыбаева, Диана Ерниязова, Гүлнұр Жөргенбаева, Жансая Әлтаевалар ғылыми жобаларда жүлделі орындар алып, жеңімпаз атанған.
Жылыжай кешенін қолға алған тағы бір білім мекемесі – №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп лицей. 2016 жылы басталған жылыжай жұмысы БҰҰ Даму бағдарламасы аясында «Достығымыз жарасқан» қоғамдық бірлестігінің сыйға тартуы негізінде жаңа технологиямен тамшылатып суару құрылғысын енгізу арқылы поликарбонаттымен «Фермер-7,5» орнатылған. Бұл кешеннің де ауданы 210 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда мектеп-лицей оқушылары «Жас натуралистер» үйірмесінде биология пәнінен алған білімдерін тереңдете отырып, жылыжайда өскен дақылдарды күтіп баптау, өнімін жинау жұмыстарымен бірге түрлі тәжірибелер жасайды. 2017 жылдан бастап жылыжайда көкөністер өнім бере бастады. Осы уақытқа дейін барлығы 600 келіні құрайтын өнім жиналған. Соның ішінде қызанақ – 150 келі, қияр – 450 келіні құрайды. Қажетті көкөніспен қатар мұнда пайдалы шөптесін өнімдері мен гүл көшет­тері егіледі.
Аудан бойынша аталған екі білім ошағынан бөлек Н.Ілия­сов елді мекенінде жылыжай жұмысы жандануда. Мұнда күніне қуаттылығы 10 келі қияр өндіретін кешенді Нұрсұлтан Есжанов басқаратын «Бағдәулет» жеке кәсіпкерлік нысаны қолға алған. 2018 жылы «Жылыжай ашу» жобасына «Микробизнес – Қызылорда» бағдарламасымен 3 млн теңге несие алып, өз кәсібін бастаған. Бүгінде 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Иә, бала күнінен еңбекке ерте араласып үлгерген оқушы кез келген істің көзін табатыны ақиқат. Тек мақсаты айқын, еңбексүйгіш болса, мемлекет пен үкімет жәрдем береді.

Майя ҚОЖАБАЙ
19 мамыр 2020 ж. 832 0