Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫЛЫЖАЙДАН ПАЙДА ТАУЫП ОТЫР

ЖЫЛЫЖАЙДАН ПАЙДА ТАУЫП ОТЫР

Көпшілік егін егуге енді кірісіп жатқа­ны анық. Есік алды бақшалық жерді өң­деуді де көктем шы­ға қолға алуда. Ал нағилық Нұрсұлтан Мәжитұлы Есжанов осы күні есік алдына еккен өнімін тұты­нып отыр. Оған қоса, табиғи өнімді ауыл халқына қолжетімді бағада ұсынуда.
Н.Есжанов ауылдағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте физика-мате­ма­тика пәнінен сабақ береді. Жиырма жылға жуық білім ордасында жемісті еңбек етуде. Шәкірт тәрбиелеуден қолы босай қалғанда есік алдындағы жерге маңдай терін төгіп, бақша дақылдарын егумен айналысады. Бұл жұмысты осы күні кәсіп көзіне айналдырып, одан пайда тауып отыр. Яғни, қысы-жазы көкөніс өсіру үшін есігінің алдына жылыжай салып, биыл алғашқы өніміне қол жеткізді.
– Осыдан екі жыл бұрын өз қара­жатыма жылыжай салғанмын. Ол тек мау­­сым­дық болды. Өз талаптарына сай бол­маған соң қыс мезгіліне жарамады. Оған тек ерте көктемде ғана көшет отыр­ғызып, азын-аулақ пайда таптым, – деген ұстаз өткен жылы мұнымен дұрыстап айналысуды қолға алады.
Алдымен, ауыл әкімдігінің қолдауымен аудандық кәсіпкерлік палатасында екі­ күн оқу курсынан өтеді. «Бизнес кеңес­ші» бойынша кәсіпке бейімделіп, сертификат алған. Содан кейін Өңірлік инвестициялық орталығынан «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы бойын­ша 3 млн. теңге жеңілдетілген несие алады. Жеңілдетілген дегеніміз, аталмыш кәсіпті жүргізіп алғанша бастапқы алты ай төлем жасамайды екен. Несиені өткен жылдың мамыр айында алысымен кәсіп­кер құрылыс жұмысына кіріскен. Қа­жетті құрылыс материалдарын алып, талапқа сай жылыжайды алты айдың ішінде біті­реді. Атап өту керек, жылыжай құрылысын бастан-аяқ Нұрекең өзі жүр­гізген. Жылыжайдың ішін­де бірқа­лыпты температура ұстап тұру үшін арнайы Алматыдан пеш ал­дырған.
– Қараша айында құрылысы біткен соң бірден көкөністер еге бастадым. Алдымен, көк жуа, редиска, аскөк ектім. Бұ­лар суыққа төзімді, қатты ыстықтың қа­жеті жоқ және отқа үнем. Бірінші рет болған соң осыларды тәжірибе ретінде егіп көрдім. Ал қиярдың күтімі бөлек болады. Оның бабы күшті. Температура 20 градустан төмен болса, өспей қалады. Сөйтіп, қарашада еккен көкөністер ақ­пан айында өнім бере бастады, – деді Н.Есжанов.
Қыс мезгілінде тәжірибе жасап көр­ген соң кәсіпкер көктем шығысымен жы­лы­жайға қиярдың көшеттерін отыр­ғы­зады. Нақтырақ айтқанда, наурыздың 10-ы күні қиярды көшеттеп, күтіп баптай­ды. Топырағына көң қосып, өңдеген. Бірақ минералды тыңайтқыштар қосыл­маған. Таза табиғи өнім. Тамшылатып суа­ру әдісін қолданады. Негізі, қиярдың тамыры 10-15 см ғана болады екен. Өнімділігі мол. Айналасы бір айдың ішінде Нұрекең қиярдың алғашқы өнімін жинап алыпты.
– Бұл қиярдың «Монолит» деген сорттың тұқымы. Қазір тұтынушының өнім­ге деген талабы жоғары, таңдайды. Бұл тұқым түрі өте ұзын немесе қысқа емес. Нағыз тұрғындар талабына сай қияр. Сондай-ақ, еш қоспасыз табиғи өнім, – дейді жылыжай ішінде қияр жинап жүрген нағилық ұстаз.
Қазір кәсіпкер таңертең және кеш­кілік екі мезгілде өнімді жинап алады. Күнделікті 10-15 келі қияр шығады. Оны ауыл халқына қолжетімді бағада үлестіріп отыр. Сұраныс көп. Базар бағасы 600-700 теңге болғанда 400 теңгеден сатқан. Бүгінде одан арзан ба­ға­да табиғи өнімнен пайда табуда.
Қияр келер айдың ортасына дейін өнім береді дейді кәсіпкер. Содан кейін жылыжайды қосымша құрылыс жүргізіп, қысқа дайындайды. Ал күзде қайта кө­шет отырғызып, қыс айларында өнім ал­мақ­шы. Нұрсұлтан Мәжитұлы қиярмен қоса қызанақ егуді де жоспарлап отыр.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

07 мамыр 2019 ж. 1 343 0